Қазақстан • 06 Қараша, 2018

Ғажайып құлаққап

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордадағы «Кәсіпкерлер үйінде» облыс жастарының арасында «Байқоңыр Start-up 2» бизнес-идеялар байқауы өткізілді. 

Ғажайып құлаққап

Жүлделі бірінші орынды Қызылорда қала­сынан Дастан Айтбайдың «Инновациялық құлақ­қап «Safe headphones» жобасы жеңіп алды. Оған арнайы диплом мен 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Дастанның құлаққабын нағыз инновациялық жоба деп айтуға болады. Бүгінгі жастардың смартфоннан екі елі ажы­рамай­тындығы белгілі. Ұялы телефонындағы әуен­дерді сымтетік арқылы құлағына қыстырып, сыртынан құлаққап киіп алған бозбалалар мен бойжеткендер ту сыртынан машина келіп қалып, сигналын ойбайлатып басқанымен естімейді. Рұқсат етілмеген жол қалтарыстарынан шыға кел­ген жасөспірімдердің апатқа ұшырап жатқан­дары бар.

Үлкендерді тыңдағысы келмеген сол тұстас­тарын Дастан өнертапқыш мойындатты. Дастан ойлап тапқан құлаққап ішінде қауіпсіздік сигналы бар. Автомобиль, жол-көлік қызметкерлерінің, жедел-жәрдем машиналарының сигналы іске қосыл­ғанда, құлаққаптағы музыка бірден тоқтайды.

Жақындап қалған көліктің дауысын ажыратып, қауіптің келіп қалғандығын әуенді тоқта­ту­мен білдіреді. Қауіптің алдын алуға жәрдем­десетін мұндай құрылғыларды көптеп дайын­дауға облыс әкімдігі мен Қор­қыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік универ­сите­тінің басшы­лығы ұсыныс білдіріпті.

Дастанның жобасы осылайша бірінші орынға ие болды. Екі екінші орынды қызылордалық Шыңғысхан Сәдуовтің «Жарнама бизнес-идеясы» мен Сырдария ауданынан Өмірзақ Есболатовтың «Сауықтыру орталығы» жобасы бөлісті. Үшінші орын «Тігін цехы» жобасының иегері шиелілік Гүл­нұр Үдербаеваға, «Логистикалық орталық «Logo Center» жобасының авторы Уәлихан Тасқа­ра мен «Кішкентай ханымдар» мектебі» жоба­сының иесі Ақбота Базарбайға бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімі­нің орынбасары Руслан Рүстемов арнайы құттықтады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы