Форумға халықаралық ІТ-қоғамдастығының белді өкілдері, технология саласындағы танымал сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіпкерлер, түрлі елдердің мемлекеттік секторларының өкілдері, ғалымдар, цифрлы әзірлемелер саласының кәсіби мамандары, сонымен қатар венчурлық капиталистер мен инвесторлар қатысты.
Шараға арнайы келген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өз сөзін Эстония Премьер-министрі Юри Ратас пен Ресейдің Цифрлы даму, коммуникация және бұқаралық ақпарат министрі Константин Носковқа алғыс айтудан бастады.
– Осындай халықаралық деңгейдегі шараны өткізу арқылы Астанада Еуропа мен Азия арасындағы инновациялық көпір құрғымыз келеді. Одан бөлек, қазақстандық кәсіпкерлер мен жастарға шетелдік кәсіпкерлер мен тәжірибелі мамандармен кездесіп, кеңес алып, сұхбат құру мүмкіндігін беру де ойымызда бар еді. Бүгінгі шара арқылы осы мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Бұл бастама болашақта жалғасын тауып, үлкен байланыстар орнататын алаңға айналады деп сенемін, – деді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.
Премьер-Министр бүгінде әлемнің жылдам өзгеретінін, өзара байланыс орнату үшін мүдделі мемлекеттер бір-бірімен қарым-қатынасты күшейте түсу керектігін жеткізді.
– Байланысты интернеттің көмегімен де орнатуға, өзіңнің пікіріңмен бөлісуге мүмкіндік бар. Сондықтан бұл форум болашақта жалғасын тауып, жыл санап арнасы кеңейе түседі деп ойлаймыз. Бұл үлкен байланыстар жасалатын алаңға айналады, – деген Премьер-Министр «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралардың бірқатарымен бөлісті. 10 жыл бұрын мемлекеттік қызметтердің цифрлы режімге өтуінен бастау алған жоба бүгінде тек қызметтерді емес, экономиканы цифрландыру мақсатында жұмыс істеп жатқанын айтты.
– Президентіміз цифрландыру экономикаға қатысты болуы керегін айтты. Үкімет мұндай қызметті өз мойнына алып отыр. Ең бірінші кезекте бұл цифрлы форматта мемлекеттік қызметтердің толық көлемін ұсынумен байланысты. Қазіргі таңда еліміздегі бірқатар салалар цифрлы жүйемен жұмыс істейді. Денсаулық сақтау мен білім беру саласы толықтай цифрлы жүйеге көшті. Ата-аналар «Күнделік» бағдарламасы арқылы балаларының үлгерімі туралы мәлімет ала алады. Соңғы 8 айда цифрлы жүйемен 13 миллион қызмет көрсетілді, – деді.
Үкімет басшысының айтуынша, алдағы уақытта бизнеске қызметтерді ұсыну цифрлы форматқа көшіріледі: оларға өз өндірістерінде цифрландыруды енгізуге үлкен мүмкіндік берілген. Алда еңбек өнімділігін арттыру және өндірісті жаңғырту бойынша көптеген шаралар өткізу міндеті тұр. Бұл үшін цифрлы экономиканың жаңа бағыттары бойынша тұрақты дағдыларды қамтамасыз ету мақсатында кадрларды даярлап, мамандарды қайта оқыту қажет. Осыған орай, мемлекет заңнамаға енгізілген өзгерістер түрінде бизнеске қолдау көрсетуде.
– Astana Hub халықаралық IТ-стартаптар технопаркінің ашылуы да біздің стартап-бизнесті дамытуға берілген мүмкіндік. Мұнда да заңнама толығымен өзгертілген. Біздің аумақта Қазақстан резиденттері ғана емес, сондай-ақ осы жердегі мүмкіндіктерді пайдаланып, қатысуға ниет білдірген шетелдік компанияларға да жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Astana Hub-тың шетелдік қатысушылары үшін визалық және еңбек режімдері заңнама тұрғысынан жеңілдетілген. Бүгінде технопарк резиденттері үшін салық салуды оңайлату, түрлі нарықтарда сұранысқа ие болатын өнімді дайындауға қолайлы жағдай жасау мақсатында гранттық қолдау мен тиісті баспанамен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде бүкіл ел аталған бағдарлама элементтерін өмірде жүзеге асыруға жұмылдырылған. Меніңше, келесі цифрлы форумда жетістіктер жайында айтатын боламыз, – деді Б.Сағынтаев.
Б.Сағынтаев, сонымен қатар Қазақстандағы кей салалардың кенже қалуына себеп болып отырған бірқатар объективті себептерді де атап өтті.
– Қазақстан аумағы өте үлкен, жер көлемі бойынша әлемде 9-шы ел. Халық саны өте аз, шашыраңқы қоныстанған. Қазақстанда 7 мыңдай елді мекен бар. Егер біз олардың әрқайсысына кеңжолақты интернет жеткізетін болсақ, онда оған ақшамыз жетпейтін еді. Соңғы ауылға жеткізгенімізше технология да өзгеріп кетуі мүмкін. Қажеті де болмай қалуы ықтимал, – деген Үкімет басшысы ауылдарға интернет жеткізудің өзге жолын таңдағанын баса айтты.
– Біз тірек ауылдарды дамытатын боламыз. Бізде олардың саны мыңнан асып жығылады. Олар ең бірінші кезекте дамытылып, ең алдымен кеңжолақты интернетке қол жеткізетін болады. Жұмысты бастап та кеттік, 2021 жылы аяқтаймыз. Біздің осындай ауқымды міндетіміз бар, оны жылдам шешуіміз қажет, – деді Б.Сағынтаев.
Сөз соңында Үкімет басшысы жас бизнесмендерге өз өнімдерін жасауда зор табыс тіледі.
Сонымен қатар шараға қатысқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев форум арқылы еліміздің алға қойған мақсаттарының жүзеге асуына даңғыл жол ашылғанын айтты.
– Биыл Қазақстан үшін ерекше жыл болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы толық іске асырыла бастады. Бұл – бүгінде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бағдарлама экономиканы жаңғыртып, елімізде жаңа технологиялық кеңістік құрады. Ал бүгін көз алдымызда ұлттық инновациялық экожүйеміз пайда болып жатыр. Ертең Елбасының өзі халықаралық «Astana Hub» IT стартаптар алаңын ашады, – деді Д.Абаев.
Министр атап өткендей, бұл – Қазақстанның технологиялық дамуындағы жаңа дәуірдің басы.
– Ұлы Жібек жолының басты мұрагерлерінің бірі ретінде біз көлік магистральдарының торабы ғана емес, сонымен қатар Еуропа мен Азияның арасындағы цифрлы көпір боламыз. Қорыта айтар болсақ, форумға қатысып отырғандарыңыз үшін барлығыңызға жемісті еңбек пен қызықты пікірталас тілеймін, – деп сөзін түйіндеді министр.
Форум аясында Digital Bridge Awards сыйлығын беру рәсімі өтті. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында көлемді шоғырландырылған жұмыс жүргізілді, қазақстандық экономиканың барлық секторында цифрландыру бойынша жобаларды талдап, бағалаған әрбір мемлекеттік органда офистер құрылды. «Үздік IТ-компания» номинациясында сыйлық «Documentolog» (қағаз тасымалдаушы арқылы жүргізілетін жұмысты қысқартуға, кадрлық іс жүргізуді автоматтандыруға мүмкіндік беретін алғашқы қазақстандық платформа) жобасына берілді. «Үздік цифрлы офис» аталымында «Оңай» (қоғамдық көлікте жол ақысын электронды төлеу құралы) жобасы жеңімпаз атанды. «Үздік цифрлы бастама» номинациясының марапаты Денсаулық сақтау министрлігіне орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер арасындағы үздік цифрлы офисі үшін берілді.
Осылайша шараға қатысушылар форумның үнқатысу алаңында цифрландыру саласындағы соңғы әлемдік трендтерді талқылап, алдыңғы қатарлы тәжірибелермен және бизнес-модельдермен бөлісті. Digital Bridge форумы цифрлы трансформация, электронды үкімет, технологиялық кәсіпкерлік және 4-өнеркәсіптік революция идеяларын ілгерілетуге арналған Еуропа мен Азия елдерінің арасындағы үнқатысу алаңын құрайтын дәстүрлі шараға айналмақ.
Дипак Чандра Мисра, Үндістан Ұлттық ақпараттық орталығы (NIC) бас директорының орынбасары:
– Астанаға келгеніме бүгін бесінші күн. Қазақстан халқының қандай да бір жаңалыққа ашықтығына таңғалдым. Жастары – алғыр, білімге құштар. Қазақстанға келуімнің басты себебі – электронды үкімет бағдарламасымен танысу.
Үндістанның Ұлттық ақпараттық орталығы мемлекетті цифрландыруды өз міндетіне алған болатын. Бұл тұста Қазақстан бізден бір қадам алда. Осы сапарымда e-gov жүйесімен танысып, өз білгенімді де ортаға салуға келдім. Қазақстан мен Үндістан арасында бұдан басқа ортақ инновациялық жобалар болады деп үміттенемін.
Крейг Смит, Dhahran Techno Valley бас директоры:
– Қазіргі таңда мен Сауд Арабиясында жұмыс істеп жүрмін. Ол жақта бизнес зерттеу институттары өте көп. Әсіресе энергетика саласындағы зерттеу институттарының жұмыстары қарқынды дамуда. Энергетика саласы бүгінде технология мен цифрландыру саласымен тығыз байланысты.
Жалпы, цифрландыру – тек Қазақстанның емес, әлемнің барлық мемлекеттерінің күн тәртібіндегі тақырып. Сондықтан Astana Hub цифрландыру мәселелерін талқылайтын, кәсіпкерлер мен іскер адамдарды бір ортада жинайтын, түрлі семинарлар мен дәрістер оқылатын алаңға айналады деп ойлаймын.
Камран Элахиан, Global Catalyst Partners венчурлық капитал фирмасының төрағасы:
– Мұндай жүзбе-жүз кездесулер жаңа бастамаларға, үлкен жеңістерге негіз болады. Қазақстанда кәсіпкерлерге қолдау жақсы көрсетілген. Мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар көп. Қазақстан жастары да білімге құштар, жаңашылдық жолында. Менің ойымша, қазір жастарға мүмкіндік беруден қорықпау керек.
Мәселен, тегін грант пен ақшалай көмек бермес бұрын, оның сұрауы барын ескертсек, міндеті айқын болады. Цифрландыру мен инновация жастардың қолында. Сондықтан осындай шаралар жастарды жігерлендіріп, жаңа ой саларына кәміл сенемін.
Бауыржан МҰҚАН,
«Егемен Қазақстан»