Қазақстан • 06 Қараша, 2018

Балабақшада бұра тарту болмайды

1183 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында 9 мем­лекет­тік балабақша жеке кәсіп­керлердің басқаруына берілді. Жыл аяғына дейін тағы да 5 мектепке дейінгі балалар мекемелері жекеменшік иелерінің сенімгерлікпен бас­қаруына ауыстырылмақ.

Балабақшада бұра тарту болмайды

Басты мақсат – жеке инвестордың қа­ра­жатын тарту мен пайдалану арқылы ескіре бастаған балабақша ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу, қайта жаңғырту әрі балабақшаларды бүгінгі заманауи құрал-жабдықтармен және жаңа жиһаздармен жабдықтау.

Бұл бюджет қаражатын тиімді жұм­сау қажеттілігінен туындай­ды. Екіншіден, жергілікті бюд­жеттер­ге түсетін салмақ пен жүк­темені азайту мақсаты көз­дел­ген. Мұндай әлеуметтік жауап­кершілігі жоғары іске бизнес өкілдерін тарту – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Солай бола тұрса да өңірдегі мемлекеттік бала­бақшалар жүйесіндегі өз­герістер кейбір ата-аналардың алаң­даушылығын туғызды. Бала­бақшада қызмет етіп жүрген кәсіби біліктілігі жоғары маман­дардың арасында да қобалжу пайда болғаны жасырын емес. Өйт­кені қызметкерлерді жұмыс орнында қалдыруға немесе шы­ғаруға жаңа балабақшаны бас­қаруға алғандардың еркі бар емес пе? Сонымен бірге ата-аналар да кәсіпкерлер ерік өздеріне тиген соң балабақшаға төленетін төлемді өсіріп жіберетін шығар деп қауіптенеді. Алайда әзірге мұн­дай жағдай орын алған жоқ. 

«Қазақстандағы мектеп­ке дейінгі мекемелер қауымдас­тығы» Ақтөбе облысы филиа­лының төрайымы Наталья Каю­ди­наның айтуынша, қазіргі кезде балабақша төлемақысының көле­мі мем­ле­кеттік және жекеменшік бала­бақшаларда бірдей көлемде. Сон­дай-ақ мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін бала­бақшалар қызметі мемлекет тарапынан ұдайы қадағаланады. Бұған төтенше жағдайлар және санитарлық тазалық бойынша тексерулер де кіреді екен. Мұның сыртында арнайы ди­ви­зиялық комиссия мен қала­лық білім бөлімі мамандары­ да­ қадағалау жұмыстарын жүр­­гізе­ді. Ал мемлекеттік балабақ­шада қызмет етіп жүрген маман­дардың өз орнында қалуы немесе қалмауы жөніндегі мәсе­ле туралы сенімгерлікпен бас­қа­ру­ға берілген «Бұл-бұл» балабақ­шасының басқарушысы Ғазиза Әлім­жанқызы былай деді: «Тәжі­рибелі, білікті мамандарды жұ­мыс­тан шығару біз үшін өте тиім­сіз. Мұндай кадрлар онсыз да тапшы екені белгілі. Сондықтан ешкімді жұмысынан шеттеткен жоқпыз. Әрі мұндай ойдан аулақ­пыз». 

Облыс орталығындағы «Ди­маш» балабақшасын сенімгерлік­пен басқаруға алған кәсіпкер Зла­та Сисенғалиева да осы ойды қуат­тайды. 

Ең бастысы, бүгінде өңірде мемлекеттік балабақшаларды сенімгерлікпен басқаруға алған кәсіп­керлер мен балабақша мамандары және ата-аналар арасында өзара сенім орнығып келеді. Бұған педагогтар құрамының сол күйінде өзгеріссіз қалғаны, жаңа басқарушылар көрсетілген сенімді ақтап балабақша ғимараттарын қайтадан жаңғыртқаны, әр балаға төленетін балабақша құнының өзгермегені дәлел. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ