06 Қараша, 2018

Береке деген осы!

439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арқалық қаласындағы «Элеватор Агрофуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшыларына жалақыны қазан айынан бастап көтерді. Бұрын айына 32-33 мың теңге алып жүрген жұмысшылардың қолына осы айда 42,700 теңге тиеді. Соның бірі – элеватор жұмысшысы Дәурен Ержанов.

Береке деген осы!

– Осы айда қолыма 42 700 теңге аламын. Бергенді кім жек көрсін, кәдімгідей қуандым. Қазір мұның өзі біреулер үшін аса көп қаржы емес шығар, бірақ мен үшін бұл аз емес. Қазір коммуналдық төлемдерден бастап, дастар­қан­дағы азықтың бәрі сатулы ғой. Қосылған ақша со­ның бірін өтейді. Берекесін бер­­сін. Елбасына рахмет! Ел­дің жағдайы түзеліп келеді, ал «елде болса, ерінге тиеді» деген осы, – деді Д.Ержанов. 

Бұл элеватор Кеңес Одағы кезінен қалған, 90-жылдары ешкімге керек емес болған нысан еді. Соны «Элеватор Агрофуд» кәсіпорны қолдан келгенше қалпына келтіріп, қазір Торғай өңірінде өсетін аз болса да саз, қамырлылығы 30-дан айналатын сапалы бидайды сақтап, сатып отыр. 

– Біздің Торғай өңірінің бидайына бір жағы Қытай, бір жағы арабтар, қасымыздағы Ресей қызығушылық танытады. Таяу уақытта тәулігі­не 70 тонна ұн тартатын германиялық қуаты мықты диірмен қоямыз, сонда тағы да 10-15 адамға жұмыс береміз. Жалақыны тағы көбейтуге де жағдайымыз келіп қалар деп ойлап отырмыз. Бүгінде элеваторда 22 адам жұмыс істейді. Соның арасынан айына 32-33 мың теңге алатын 5-6 адамға жалақыны көбейттік. Бұл тек негізгі жалақы ғана. Ауыл шаруашылығындағы жұмыс уақытпен санаса бер­мей­ді ғой, кейде қосымша жұмыс­тарды атқару керек болғанда сағатына тағы да үстеме төленеді, – дейді элева­тордың атқарушы директоры Құрман Абдрахман. 

«Элеватор Агрофуд» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігі қатты бидайды сапа­лы сақтауды, өңдеуді одан әрі дамытуға бет алған. Қазір Иранға сұлы арту үшін оны тазалап, сұрыптап жатыр.

– Елбасы тапсырмасы мүлтіксіз орындалады. Эко­номиканы дамытпасақ, елге пайдамыз тимесе неге жүрміз? Бұл әр кәсіпкердің парызы болуы тиіс, – дейді Құрман Тұрғанұлы. Ісіне тиянақты кәсіпкер сөзіне де берік. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

АРҚАЛЫҚ