Ақтөбе қаласында 9 мемлекеттік балабақша жеке кәсіпкерлердің басқаруына берілді. Жыл аяғына дейін тағы да 5 мектепке дейінгі балалар мекемелері жекеменшік иелерінің сенімгерлікпен басқаруына ауыстырылмақ. Басты мақсат – жеке инвестордың қаражатын тарту мен пайдалану арқылы ескіре бастаған балабақша ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу, қайта жаңғырту әрі балабақшаларды бүгінгі заманауи құрал-жабдықтармен және жаңа жиһаздармен жабдықтау.
Бұл бюджет қаражатын тиімді жұмсау қажеттілігінен туындайды. Екіншіден, жергілікті бюджеттерге түсетін салмақ пен жүктемені азайту мақсаты көзделген. Мұндай әлеуметтік жауапкершілігі жоғары іске бизнес өкілдерін тарту – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Солай бола тұрса да өңірдегі мемлекеттік балабақшалар жүйесіндегі өзгерістер кейбір ата-аналардың алаңдаушылығын туғызды. Балабақшада қызмет етіп жүрген кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың арасында да қобалжу пайда болғаны жасырын емес. Өйткені қызметкерлерді жұмыс орнында қалдыруға немесе шығаруға жаңа балабақшаны басқаруға алғандардың еркі бар емес пе? Сонымен бірге ата-аналар да кәсіпкерлер ерік өздеріне тиген соң балабақшаға төленетін төлемді өсіріп жіберетін шығар деп қауіптенеді. Алайда әзірге мұндай жағдай орын алған жоқ.
«Қазақстандағы мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығы» Ақтөбе облысы филиалының төрайымы Наталья Каюдинаның айтуынша, қазіргі кезде балабақша төлемақысының көлемі мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда бірдей көлемде. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін балабақшалар қызметі мемлекет тарапынан ұдайы қадағаланады. Бұған төтенше жағдайлар және санитарлық тазалық бойынша тексерулер де кіреді екен. Мұның сыртында арнайы дивизиялық комиссия мен қалалық білім бөлімі мамандары да қадағалау жұмыстарын жүргізеді. Ал мемлекеттік балабақшада қызмет етіп жүрген мамандардың өз орнында қалуы немесе қалмауы жөніндегі мәселе туралы сенімгерлікпен басқаруға берілген «Бұл-бұл» балабақшасының басқарушысы Ғазиза Әлімжанқызы былай деді: «Тәжірибелі, білікті мамандарды жұмыстан шығару біз үшін өте тиімсіз. Мұндай кадрлар онсыз да тапшы екені белгілі. Сондықтан ешкімді жұмысынан шеттеткен жоқпыз. Әрі мұндай ойдан аулақпыз».
Облыс орталығындағы «Димаш» балабақшасын сенімгерлікпен басқаруға алған кәсіпкер Злата Сисенғалиева да осы ойды қуаттайды.
Ең бастысы, бүгінде өңірде мемлекеттік балабақшаларды сенімгерлікпен басқаруға алған кәсіпкерлер мен балабақша мамандары және ата-аналар арасында өзара сенім орнығып келеді. Бұған педагогтар құрамының сол күйінде өзгеріссіз қалғаны, жаңа басқарушылар көрсетілген сенімді ақтап балабақша ғимараттарын қайтадан жаңғыртқаны, әр балаға төленетін балабақша құнының өзгермегені дәлел.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ