Қоғам • 06 Қараша, 2018

Ағза донорының маңызы зор

893 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ресми дерекке сүйенсек, елімізде үш мыңдай адам бүйрек трансплантациясына мұқтаж болса, бауыр трансплантациясын қажет ететін пациенттердің саны мыңға жуықтайды. Қазақстанда жылына 1 млн адамға бір ғана донор табылады екен. Оның көбі туыстық донор. Астанада «Академиялық медициналық орталық. Трансформацияның сын-тегеуріндері және даму перспективалары» тақырыбымен өт­кен халықаралық конференцияға қатысқан ақ халаттылар қазақ­стандықтардың мәйіттік донорға көп келісім бермейтінін айтады. Яғни, Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығында жыл басынан бері жасалған 36 бүйрек трансплантациясының жетеуі ғана мәйіттік донорды пайдаланған.

Ағза донорының маңызы зор

­­Республикалық диагностикалық орта­лық пен Онкология және транс­­­плантология ұлттық ғылыми ор­та­­лығының 10 жыл­дығына ар­нал­ған алқалы жиында ағза транс­план­тациясындағы және онкогематология саласындағы өзекті мәсе­лелер тал­­қы­ланып, ядролық медицина мен сәулелік диагностикада қолданылатын жаңа технологиялар, сондай-ақ ауыр аллергиялық синдромдарды және бастапқы иммунотапшылық жағдайын диагностикалау мен емдеудегі же­тістіктер сөз болды. Пленарлық оты­рыста АҚШ-тың Питтсбург уни­­вер­ситетінің медициналық орта­лығының (UPMC) өкілдері баяндама жасап, трансплантология және мамандандырылған терапия Жерорта теңізі институты ISMETT-тің жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Ағ­заларды алмастырып салу және жоғары тех­нологиялық хирургия бойынша әлемдегі жетекші орталықтардың бірі саналатын бұл институт Италияда АҚШ-тың Пенсильвания штатының ме­дициналық орталығымен бірлесіп ашылған. Доктор Тимоти Биллиар медициналық орталық құрамындағы клиникалық департаменттердің негізгі инструментальдық менеджменті жө­нінде әңгімеледі. UPMC вице-президенті доктор Деб Салава ин­но­вациялық технологиялар сала­сындағы «UMC» корпоративтік қо­рының трансформациясы бойынша баяндама жасады. 

Жиында сөз болған өзекті мә­­селенің бірі – донор тапшылығы. Бұ­­ған дейін біз сөз еткен жүрек транс­­­плантациясындағы донор тап­шылығы («Ұлттық кардиохирургия­да жүрек донорының тапшылығы қа­лай шешімін тауып жатыр?», №182, 26 қыркүйек) бүйрек пен бауырды ауыстыруда да кездеседі. Соған қарамастан Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми ор­талығы 10 жыл ішінде бес ірі ғы­лыми жобаны жүзеге асырып, 374 инновациялық технология енгізген.

«Біз ересек адамдарға бүйрек және бауыр трансплантациясын жасай­мыз. Ол тірі туыстық трансплантация және мәйіт­тік трансплантацияны қамтиды. 2010 жылдан бері 350-ден аса бүйрек трансплантациясы жасалды. Бүйрек трансплантация­сы бо­йынша орган комплексін алуды бірінші рет бастадық. Донордан бүйректі ла­пароскопиялық жолмен (ми­ни­­инвазивтік әдіспен) алу бо­йынша жетіс­тіктерге жеттік. Енді бауырды осы жолмен алуға дайындалып жатырмыз. Ал бауыр трансплантациясын 2013 жылдан бері жасап келеміз. Бес жылда жасалған бауыр­ ауыстыру операциясының саны 50-ге жуық­тады. Елімізде ең алғаш рет мәйіттен ортотропиялық бауыр трансплантациясын жасауды да біздің орталық енгізді. Өткен жылы қан тобы сәйкес келмейтін донордан трансплантация жасалды», деді Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы Хирургия департаментінің басшысы Әділбек Мұқажанов.

Әділбек Қайырбекұлының айтуынша, елімізде мәйіттік донорды пайдалану дамыған мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен деңгейде. «Бізде мәйіттік органдар жетіспейді. Өйткені менталитетке, халықтың келіспеуіне байланысты елімізде жылына бір млн адамға бір ғана донор шығып жатады. Еуропаның дамыған елдерінде 1 млн адамға 30-40 ағзалық трансплантация жасалады. Сондықтан біз көбінесе туыстық трансплантация жасауға мәжбүр бо­ламыз. Мысалы, туысының екі бүй­регінің біреуін немесе бауырының жартысын алып саламыз. Кейде до­нор­лардың денсаулығына байланыс­ты кері көрсеткіштер болады. Өйткені донор 100 пайыз дені сау адам болуы керек. Сондай-ақ бір бүйрегін немесе бауырының жартысын алғанда ағзасына ешқандай зақым келмейтініне көз жет­кізуіміз тиіс. Сондықтан трансплантация аз жасалынады. Биыл бауырға төрт, бүйрекке жеті ғана мә­­йіт­­­тік трансплантация жасадық. Әри­не, бұл өте аз. Ал бізде 3 мыңдай адам бүйрек транс­плантациясына, мың­­ға жуық адам бауыр трансплантациясына кезекте тұр. Қазақстанның барлық орталықтарында маман, құ­рал-жабдық және дәрі-дәрмек жа­ғынан мүмкіндіктер бар, толық жағ­дай жасалған. Тек туыстық және мәйіт­тік трансплантацияның санын көп­шілік болып көбейтуіміз керек», деді Ә.Мұқажанов. 

Трансплантация бойынша респуб­ли­калық үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев 100 донордың 30%-ының ғана ағзасы донор болуға жарамды екенін айтады. Оған бірінші кезекте адамдарда жиі кездесетін инфекциялық аурулары се­беп болса, екіншіден жасы ұлғайған кі­сінің ағза кызметінің нашарлауында. «Донорлық бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Ең алдымен заң қабылданды. Науқас тірі кезінде ағзасын донорлыққа беру-бермеу бойынша көзқарасын білдірмесе, онда ол көз жұмғаннан кейін дәрігерлер ағзасын алып донорлыққа пайдалана алады. Ағзасын донорлыққа беруге келісетін адамдардың да қатары молайып келеді. Мысалы, былтыр 22 адам келісім берсе, биыл бұл көрсет­кіш 32-ге жетті. Бірақ ол аз», дейді профессор Ж.Досқалиев.

Жиында ең озық технологияларды, диагностика мен емдеуде дәлелді медицинаны пайдалана отырып, ересектер мен балаларға консультативтік-диаг­ностикалық медициналық кө­мек көрсететін Республикалық диаг­ностикалық ор­талықтың жетістіктері де сөз болды. Конференция жұмысы­ның қорытындысында қарар қабылда­нып, онда «University Medical Center»­ корпоративтік қорының Респуб­ли­калық диагностикалық орталығы мен Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығының 10 жыл­дық оң тәжірибесі мен жетістіктері атап көрсетілді. 

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан