Саясат • 06 Қараша, 2018

Алпауыт елдердің мүдделері тоғысқан «Бір белдеу, бір жол» аясындағы әріптестіктен аларымыз аз болмау керек

676 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жапонияның үкімет басшысы С.Абэнің жақында өткен Қытайға сапары барысында 26 қазанда Бейжіңде «Қытай мен Жапонияның үшінші елдер нарықтарындағы ынтымақтастығы» атты бірлескен бизнес-форум өтті.

Алпауыт елдердің мүдделері тоғысқан «Бір белдеу, бір жол» аясындағы әріптестіктен аларымыз аз болмау керек

Форум аясында екі елдің компаниялары арасында жалпы құны 18 млрд. доллар тұратын елу екі бірлескен жобаға қатысты меморандумдар мен келісімшарттарға қол қойылды.

Бұған дейінгі біраз жылдар бойы екіжақты қатынастар жайлы жылы жазуға асықпаған жапондық ақпараттық агенттіктер бұл жолы «Жапония мен Қытай арасында жаңа дәуір басталды», «Бәсекелестіктен әріптестікке» деген сияқты екі елдің экономикалық ынтымақтастығы жайында жағымды ақпарат таратуда.

Айта кететін бір жайт, Жапония мен Қытайдың экономика саласындағы позицияларының соңғы кезде жақындауының астарында АҚШ президенті Д.Трамптың протекционизм позициясын ұстанып, жаһандану қағидаларына қайшы келетін сауда саясатын күн санап күшейтіп отырған факторының жатқаны жасырын емес.

Әлемдегі бірінші экономика АҚШ-тың өзіне ғана тиімді сауда саясатын жүргізуге талпынып отырғаны екінші және үшінші экономикалар болып табылатын Қытай мен Жапонияны мүдделерінің сәйкес келетін тұстарын тауып, өзара табысуға мәжбүрлеп отыр десек қателеспеспіз.

Токио тіпті соңғы кезде Бейжіңнің жүргізіп отырған «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бағдарламасына қызығушылық танытып, бағдарлама аясында бірлескен жобалар жүргізуге кетәрі емес екенін білдіріп отыр.

Кешегі күнге дейінгі позициясының күрт өзгеруі өз мүддесін қорғап бағуға бағытталған тек саяси-дипломатиялық қадам ғана болуы мүмкін деп болжайтындар да жоқ емес. Дегенмен, xалықаралық қатынастар мен әлемдік нарықтағы жаңа үрдістерді ескерсек, Токионың позициясы экономикалық прагматизмге негізделіп отырғанын аңдаймыз.

Оған Жапония мен Қытай арасындағы соңғы кездердегі саяси-дипломатиялық жақындастық екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың жақсаруына оң ықпал етіп отырғаны дәлел бола алады. Екіжақты сауда айналымы шамамен 280 мрлд. доллар болса, Қытай экономикасына салынған жапондық тікелей инвестициялар көлемі былтыр шамамен 3 млрд. доллар болды. Ал өткен жылы Жапонияға келген қытайлық туристер саны жеті жарым миллион адамға жуықтап, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Бұндай цифрлар әлем елдері арасындағы екіжақты қарым-қатынастар саласында бірен-саран болмаса, жиі кездесе бермейтіні белгілі.

Екі елдің ғана емес, әлем экономикасына әсері көп осындай екіжақты ынтымақтастықтың деңгейі бұдан кейін бұдан да тереңдей беретін сияқты.

Жақында өткен биік деңгейдегі келіссөздердің нәтижелері көрсеткендей, ендігі кезекте Токио мен Бейжіңнің көздеп отырғаны екі ел арасындағы қарым-қатынастар деңгейінен немесе өзара бәсекелестік деңгейінен асып, екі ел боп бірігіп, үшінші мемлекеттерде, әсіресе «Бір жол, бір белдеу» бойында жатқан елдерде екі жаққа да тиімді бірлескен жобаларды жүзеге асыру болып отыр.

Токио мен Бейжің осындай саясатты жүзеге асырып, стратегиялық қадамдарын біріктіре алса, екі елдің экономикасының одан әрі дамуына ғана емес, жалпы Азия аймағының жандануына да ықпал ететін болады.

Қытайлық компаниялардың әлемдік нарықты зерттеу саласындағы маркетингтік тәжірибесі мен жаһандық экономика саласындағы қолданбалы инновациялық теxнологиялары мықты болса, жапондық компаниялар фундаменталды инновациялық салалардағы жетістіктерімен әйгілі.

Жапондық теxника мен теxнологиялар сапа жағынан әлем елдері тарапынан жоғары сенімге ие болса, қытайлық тауарлар сан және баға жағынан бәсекелестікке бейімді. Осы тұрғыдан қарағанда «Бәсекелестіктен әріптестікке» атты бағдардың нені меңзейтінін айтпай-ақ ұғуға болатын сияқты.

«Бір белдеу, бір жол» бойында жатқан елдердің одан әрі дамуына қажет болып отырған ірі инфрақұрылымдық жобалар болсын, белгілі бір салалардағы инновациялық жобалар болсын, оларды іске асыруға қажетті қаржы тұрғысынан да, теxника-теxнология тұрғысынан да екі елдің бірігіп жұмыс істеуі өзара тиімді болары анық.

Жапония бүгінгі таңда дамыған елдер арасында адамның өмір сүру жасы ең қатты қарқынмен ұзарып келе жатқан «қарттар қоғамы» еліне айналып отырса, келешекте Қытайда да, «Бір белдеу, бір жол» бойында жатқан басқа елдердің біразында қазіргі жапон қоғамы бастан кешіп отырған жағдай қалыптасатын болады деген болжамдар жасалуда. Сондықтан тек макроэкономика саласында ғана емес, маңызды әлеуметтік салаларда өзіндік ноуxауы бар, тәжірибесі бай Жапония мен жақын келешекте міндетті түрде сол тәжірибені қажет ететін Қытайдың өзара қарым-қатынастарының тығыз болуы өңірлік тұрақты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан да маңызды болып отыр.

Оның үстіне, ондай қарым-қатынастарды орнатуға екі елдің экономикалық және қаржылық мүмкіндіктері жетіп артылады. Екі елдің қаржылық қорлары мен шетелдік активтер көлемі (негізінен американдық мемлекеттік облигациялар түрінде) әлемде ең бай екенін ескерсек, бәскелес боп келген екі елдің әріптестігінен ұтатындар аз болмас еді.

Қытай үкіметінің екіжақты сауда-саттықты жандандыруға бағытталған валюталық своп мақсатында 200 млрд. юань (шамамен үш млрд.доллар) көлемінде қаржы бөлуі екі елдің қаржы саласындағы қарым-қатынастарының деңгейін көрсетіп тұрғандай. Бүгінгі күннің өзінде екі елдің жекеменшік банктері арасында үшінші мемлекеттерде бірігіп жобалар жүргізетін кәсіпорындарға қаржылық қолдау көрсету мақсатында бірлескен қорлар құрып отырғандары бар.

Егер осы формат аясында екі елдің компаниялары Азия елдерінде бірлескен жобаларды іске асыратын болса, онда Жапония Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасына декларативті түрде қолдау көрсетіп қана қоймай, оған іс жүзінде өзі де қатысуға бел буғанының дәлелі болмақ.

Оған қоса, шілде айында Еуропалық Одақпен қол қойылған Еркін экономикалық әріптестікке қатысты келісімшартты осы жылдың аяғына дейін ратификациялап, еуропалық елдермен сауда-саттықты жандандыруға мүдделі боп отырған Жапонияның көлік-логистика саласындағы ірі компаниялары Қытай территориясы арқылы зат тасымалдаудан пайда тапқысы келетінін ескере отырып, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясындағы жобалар жапон тарапына да тиімді екені айтыла бастады.

Ресми мәлімдемелер жасап жатпағанымен, Токио де-факто аталмыш бағдарламаны мойындап отырғандай.

Ал бір жағынан АҚШ-пен сауда соғысын жүргізіп отырған, екінші жағынан аймақтағы елдер арасында әлі де болса сенімді әріптес мемлекет ретінде қабылдана бермейтін, кей елдерге тіпті саяси-әскери держава ретінде экспансиялық үрей тудыратын коммунистік Қытай үкіметі xалықаралық қауымдастық тарапынан сенімге ие демократиялық Жапониямен бірлескен жобаларды іске асыру арқылы өзіне деген жағымды көзқарасты қалыптастыруға талпынып отырғанын байқауға болады.

Айтып өту керек, Азияда, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы елдер арасында Жапониямен де, Қытаймен де қарым-қатынастарын дамытуға мүдделі елдер аз емес.

Мысалы, 30 қазанда «Америка дауысы» (The Voice of America) радиосының қытай тіліндегі сайтында жарияланғандай, Жапония мен Қытайдың бірлескен инфрақұрылымдық және инновациялық жобаларына ең қатты қызығушылық танытып отырған елдің бірі Тайланд. Бұл мемлекет бүгінгі таңда «Тайланд 4.0 даму стратегиясына» сәйкес жүргізіп отырған «Шығыс экономикалық дәлізі» бағдарламасы аясында жалпы құны 45 млрд. доллар тұратын ірі инфрақұрылымдық жобаларды Қытай мен Жапонияға ұсынып отыр.

Тайланд үкіметі бірлескен жобалар жүзеге асатын жерлерді жалға беру мерзімін тоқсан тоғыз жылға ұзарту сияқты инвестициялық жеңілдіктерге қатысты арнайы заң қабылдап, екі елмен де әріптестікті тереңдетуге дайын екенін білдіруде.

Тайландтың Жапониямен де, Қытаймен де саяси қарым-қатынасы жақсы екенін ескерсек, екі экономикалық алып елдің үшінші мемлекеттердегі әріптестігін Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында ең алдымен Тайланд елі тиімді пайдалануға талпынып отырғанын байқаймыз.

Ал Қытай үкіметінің ең басты xалықаралық стратегиясы болып табылатын «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының, әсіресе Азия мен Еуропа елдері арасындағы көлік-логистика саласындағы жобалардың жүзеге асуы Қазақстанның белсенді қатысуына байланысты болып отырғанын естен шығармауымыз қажет.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің аталмыш бағдарламаның бірінші жартысы, яғни «Бір белдеу» («Ұлы Жібек жолының экономикалық

белдеуі») бағдарламасы жайында алғаш рет 2013 жылғы 7 қыркүектегі Астанаға мемлекеттік сапары аясында өткен «Назарбаев университетінде» оқыған дәрісі барысында айтқаны да бекер емес еді.

Си Цзиньпин айтқандай, «Тынық мұхитынан Балтық теңізіне дейін біртұтас көлік инфрақұрылымын құру мен зат жеткізу жылдамдығын арттыру арқылы аймақаралық сауда байланысын күшейтуге» бағытталған стратегияның толық жүзеге асырылуы немесе асырылмауы бағдарламаға Қазақстанның қатысуына тікелей байланысты болып отыр.

Қытай үкіметі аталмыш стратегиялық бағдарламасы арқылы азиялық көршілермен ғана емес, еуропалық елдермен де ынтымақтастық деңгейін тереңдетіп, тығыз әріптестік орнату арқылы дамудың жаңа жолын табуға тырысып бағуда.

Ал біздің ел арқылы Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдау теңіз арқылы тасымалдаумен салыстырғанда үш есе жылдам, ұшақпен тасымалдаумен салыстырғанда бес есе арзан.

Осыдан-ақ аталмыш бағдарламаның Бейжің қалаған дәрежеде жүзеге асырылуы тікелей біздің елге байланысты екенін байқауға болады.

Сонымен қатар жапондық компаниялар үшін де аталмыш бағдарлама аясындағы жобаларға қатысу Орталық Азия аймағы елдері нарығына шығуға және транзиттік ел Қазақстан арқылы еуропалық нарыққа шығу үшін тиімді.

Қытай үшін де, Жапония үшін де Орталық Азия маңызды аймақ екенін ескере отырып, екі елмен де тығыз қарым-қатынас, стратегиялық әріптестік орнатып отырған біздің ел үшін де «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын барынша тиімді пайдалану маңызды.

Батысымыздағы басты бағыттарды тұрақты қалыпта сақтай отырып, Шығысымыздағы екі экономикалық алып елдің ынтымақтастығынан аларымыздың көп болуын амалдау бүгінгі таңдағы сыртқы саясатымыздың басты бағытына айналуы тиіс деп білемін.

Батырxан Құрмансейіт, шығыстанушы

Арнайы «Егемен Қазақстан» үшін