06 Қараша, 2018

Іс нәтижесімен құнды

360 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: қауіпсіздік –тұрмыс сапасының айырықша бөлігі екенін атап көрсеткені белгілі. Бұл бағытта Ақтөбе аймағында арнайы жобаның қолға алынғаны құптауға да, қолдауға да әбден лайықты іс. Осы арада тағы да Жолдау жолдарына көз салсақ, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізу жөніндегі мәселе қазіргі күні Ақтөбе облысында тәжірибеге ене бастады. Осынау саналуан халықтық іс-шаралар Елбасы Жолдауында қойылған талаптармен үндес әрі өзектес. Өйткені қоғам мен халық қауіпсіздігі қай кезде де ең маңызды, ең елеулі істердің бірі болып қала бермек.

Іс нәтижесімен құнды

Биылғы қазан айының аяғында Ақтөбеде қайтадан қолға алынған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жөніндегі жоба алты бағыттан, ел-жұртқа ең қажетті мәселелерді өзек еткен алты арнадан тұрады. Оның әрқайсысының атқаратын әлеуметтік жауапкершілігі мен жүгі бар. Қазіргі күні ел өңірлері арасындағы ешқандай баламасы жоқ жоба жанашырлары ел ішінде, халықтың қалың ортасында жүр.

Айталық Мемлекет Басшысының Жолдауы осының алдында айтылған ойды тереңдете түсуге жетелейді.  Еліміздің әр қиырын мекендейтін тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелер ұзақ уақытқа дейін шешімін таппаса, жергілікті орындарда олардың тиісті талап-тілектері мен мұң-мұқтаждарына тиісті көңіл бөлінбесе –әр түрлі түсінбестіктер туындауы мүмкін. Мұндай көріністер мен әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар халықпен тығыз қарым-қатынас орныға қоймаған, бүгінгі тілмен айтқанда қолжетімді орта қалыптаспаған елді-мекендерде кездесуі кәдік.  Мұндай кезде оның шешімін сол жергілікті тұрғындармен өзара келісіп іздестірудің берер пайдасы мол болмақ.

Сондай-ақ бүгінгі күні елімізде қабылданған көптеген мемлекеттік және салалық бағдарламалар әркімнің өзінің кәсібін ашып, содан тиісті несібесін айыруына көмектесе алады. Алайда оның тигізетін пайдасы мен тиімді тұстары ел-жұртқа жан-жақты түсіндірілмесе –халық оның тигізетін шапағаты мен игілігін көре алмай қалуы ғажап емес. Оның арты өз кезегінде бірқатар әлеуметтік түйткілдер мен проблемалардың қолдан жасалуына әкеліп соқтырмасына кім кепіл?

Оның алдын қалай алуға болады? Ақтөбе облысында соңғы жылдары жүйелі түрде қолға алына бастаған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобасы» осындай басы ашық сауалға жауап беруді мақсат тұтады. Әрі елді алаңдатып жүрген әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің түйінін тарқатып, кілтін қолдарына ұстату мақсатын көздейді. Сонымен бірге аймақта шағын және орташа бизнестің дамуына, сондай-ақ жеке кәсіпкерліктің өрістеуіне оң ықпал жасай алатын тетіктерді тауып, оны тұрғындардың назарына беруді мақсат етеді. Қазіргі күнде өңірде жасақталған арнайы сарапшы-мамандар тобы облыс аудандарында жүр. Олардың ақпараттық түсіндіру жұмыстарының аумағы мейлінше кең әрі саналуан. Атап айтқанда теріс діни ағымға арбалып жүргендер мен діни қауымдастық өкілдері, мүмкіндігі шектеулі жандар және түрмеден босатылғандар жұмыс топтарының жетекшілері белгілеген іс-шаралардан тыс қалған жоқ.

Мұның сыртында жергілікті халық пен әрі Темір, Байғанин аудандары аумағындағы ірі компанияларда вахталық тәсілмен істейтін жұмысшылармен кездесулер өткізілді. Сонымен бірге еңбек ұжымдарымен кездесу барысында діни экстремизм мен терроразимді болдырмауға бағытталған іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Өмір болған соң кез-келген аймақта шұғыл түрде тиісті шешімін алуды қажет ететін жедел жағдайлар болмай тұрмайды. Егер оны реттеу жөніндегі шешімдер кешеуілдесе –кейбір түсінбестіктер туындауы мүмкін. Сондықтан да осы мәселелердің алдын алуға қатысты облыста мақсатты шаралар өткізіліп келеді. Бұған қоса тұрғындарға әлеуметтік тұрмыстық мәселелерге қатысты әр түрлі көмектер көрсетілуде.  

Әлбетте басты гәп санда емес, сапада емес пе? Жүректен шығарып, жүректерге жеткізе айтудың қажеттілігі де осында. Әйтпесе, тыңдалмаса сөз жетім дегендей ақпараттық сипатта айтылған түсіндіру мен талдау жұмыстары ешкімнің жүрегін селт еткізбесе, жылуы жоқ жүздеген шаралардан не үміт, не қайыр? Біз мұны айтқанда халық қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығының сақталуына жанашыр болып жүрген ақпараттық топ мүшелерінің  қызметіне сын айтып, кінә тағу ниетінен аулақпыз. Мұндағы басты ойымыз жобаның халыққа барынша пайда мен тиімділік әкелуге тиістілігінен, әрі оның оң әсері мен нәтижесі өңірдің әрбір тұрғыны сезінуі қажеттілігінен туындағанын жеткізу еді.

Орыс халқында «по одежде встречают, по уму проважают» деген нақыл сөз бар. Мұның мәнісі үлкенді-кішілі аудитория алдында сөз сөйлеген шешеннің тайыздығы мен ой-өрісінің төмендігі сезіліп қалса, немесе нақты қойылған сұрақтарға тұжырымды жауап қайтара алмаса –абыройдың сол мезетте айрандай төгілмесіне кім кепіл? Зерделілік пен тереңділік, дүниетаным кеңдігі, әсіресе діни тақырыптарға байланысты әр түрлі пікірталастар кезінде көбірек қажет болатындығын түйсіндім, - деген болатын есімі Ақтөбе аймағына кеңінен танымал азамат, Ақтөбе қалалық әкімдігіне қарасты Жаңақоныс ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағынай қажы Құсайынов.  

Біз осы материалды газет өндірісіне әзірлеу кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа хабарласып, қайтадан қолға алынған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасына қатысты бір-екі ауыз пікірін айтып беруін өтінген едік. Өңір басшысы бұл мәселе жөніндегі тұжырымын бізге мәнді де мағыналы әрі қысқа да нұсқа түрінде былайша жеткізді.

-Өңірде соңғы жылдары өткізілген әрі өткен қазан айының 22-сі күні қайтадан қолға алынған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының басты мақсаты тұрғындар мен жергілікті атқарушы органдар, сонымен бірге тұтастай мемлекеттік билік арасындағы өзара іс-қимылдар мен қарым-қатынастарды тереңдете түсу болып отыр. Менің ойымша бұл жалаң мақсат болмауға тиіс. ең бастысы атқарылған істер мен қолға алынған шаралардың нәтижесі болуына баса назар аударылғаны жөн. Мысалы кейбір деректерге назар аударсаңыз ауқымды жұмыстар қолға алынғаны байқалады. Дұрыс, жөн-ақ. Сонымен бірге оның нәтижесі қандай екендігіне көңіл бөлінсе –жоба толыққанды бола түсері анық. Әсіресе теріс ағымда жүрген азаматтары оң жолға бұру, оларды жұмысқа орналастыру, кәсіп ашқысы келетіндерге қолдау көрсету мәселелері жүйелі түрде жүзеге асырылуға тиіс.

Әрине бұл өте орынды да, қонымды ой-пікір екені анық. Өңір басшысының осы ойлы ұсыныстарынан кейін жүргізілген  «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының кейбір нәтижелеріне көз жүгіртсек алдыңғы жылдардың қорытындылары бойынша облыста қылмыс деңгейі біршама төмендеген. Соның ішінде осы аралықта облыста дәстүрлі емес дінді ұстанушылардың да саны әжептәуір кемігенін көреміз. Салыстырмалы түрде алғанда бұл тәуір нәтиже.

Өңірде бүгінгі күндері «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы одан әрі жалғасып келеді.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ