«Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС зауыты жобасының жалпы құны – 64 млрд теңге. Бас мердігері «Чайна Триумф Интернэшнл» – әлемдегі үздік 50 халықаралық көшбасшы компания қатарына жатады. Зауыт толықтай іске қосылғанда мұнда 300-ге жуық жұмысшы еңбек ететін болады.
Зауыт жылына 1 млн тонна тампонажды цемент өндіреді деп күтілуде. Тампонажды цемент атом өнеркәсібі мен мұнай-газ саласында үлкен сұранысқа ие екен. Көптеген кәсіпорындар шикізаттың өзіміздегі қат түрін алыс жерден тасымалдағандықтан өнімі қымбатқа түсетін. Мәселен, оңтүстіктегі ашылуынан жабылуы тез «Керамогранит» зауыты өндіріске қажетті құмды Украинадан алдыратындықтан тұралап қалған болатын. Ал мұнда шикізат іргесінде орналасқан. Бүгінде доломит, құм және уақ тас карьерлері пайдалануға дайын болғандықтан зауыттың цементі қолжетімді болмақ.
Зауыт құрылысына 50 гектарға жуық жер бөлінген. Оның 4 гектар жеріне жұмысшылар қалашығы салынып жатыр.
Жоба қазақстандық-қытайлық 51 жобаның тізіміне кірген. Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов зауытта жұмыс істеп жатқандардың дені жергілікті тұрғындар екендігін айтады. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 230-дай адам толық жұмыспен қамтылады екен. Оның 90 пайызға жуығын жергілікті халық құрайды.
«Геджуба – Шиелі цемент» өндірісінің директоры Уджун Хуа тампонажды цементтің әлемдік нарықта бәсі жоғары екендігін айтады. Шикізаттың 98 пайызы осында бар. Тек бір-екі пайыз қоспалары ғана сырттан тасымалданады.
Әдетте, жұрт өндіріс орнының ауаға шығарған қалдықтарынан зәрезап болады. Осыдан бес-алты жыл бұрын «Састөбе цемент» зауытының мұржаларынан шыққан қалдықтар жергілікті жұрттың үй-жайын басып, аспаннан шұға емес, цемент жауғанына наразы болған тұрғындар республикаға дабыл көтерген болатын.
Ал жаңа технологиямен жабдықталған бұл зауыттың ерекшелігі – қоршаған ортаны ластамайды делінеді. Мұржалардан бөлінетін көмірқышқыл газы арнаулы сүзгіден өтіп тазаланады. Зауыт басшылығы жүзге жуық қазақстандық жастарды Қытайдағы арнаулы оқу орындарында даярлап жатыр.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Шиелі ауданына барған сапарында сол жастардың алғашқы легімен кездескен болатын.
ҚХР-да цемент зауытында жұмыс істеу үшін өндірістен өткен жастардың қатары алдағы уақытта көбейеді. Қытайда 5 мыңнан астам зауыт бар екен. Шиелі ауданындағы индустриалды-аграрлық колледжде білім алған жастар жаңа өндіріс орнындағы мамандықты игергендігін айтады.
Әлемдік нарық жағдайында өз көрпеңді қымтап, томаға-тұйық өмір сүру мүмкін емес. Ірі өндіріс ошақтары болмаса мемлекет болашағы бұлыңғыр күйінде қалады. Елбасы әлемдегі бәсекеге қабілетті озық отыз елдің қатарына еркін кіру үшін үлкен тәуекелге бел буып, шетелдік инвесторлардың көмегімен мемлекетімізді нығайтуға күш салып жатыр. Аймақ басшысы осы істе жастарымыздың өндірісте жұмыс істеуі аса маңызды екендігін айтты.
Жыл соңына дейін толық іске қосылатын зауытқа мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде электр желісімен жабдықтау және теміржол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар облыстық бюджеттен өнеркәсіптік аймаққа газ құбырын салу үшін қаражат бөлінді. Шығарған өнімнің жетпіс пайызын отандық атом өнеркәсібі мен мұнай-газ саласына береді, артылғанын шетелге экспорттайды. Сәтін салса, «Қызылорданың Швейцариясы» атанған ауданда республикадағы ең ірі кәсіпорындардың бірі қанатын кеңге жаймақ.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы