Тәрбие • 07 Қараша, 2018

Мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады

1482 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

...Небәрі бес жасар Мей­рам­бектің сол бір күнгі көр­ген қиянат-қияметі, күш­тінің әл­сіздің алдындағы әлім­жет­тігі – оның құй­тақан­дай жү­регіне ғана емес, бүкіл өмі­ріне сілкініс, кеу­десіне жа­нартаудың жылт еткен шоғын тастағанын ол кезде біле қоймаған шығар...

Мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады

Онда олар Алатаудың бау­райы, Үшқоңырдың етегіне көлбей орналасқан Шамалған ауылында тұратын. Бүбіш апа Мейрамбегі екі жасқа тол­ғанда арқа сүйер отаға­сы­­нан айырылып, артында үйел­мелі-сүйелмелі үш ұлы­мен аңырап қалады. Шамал­ғаннан күнкөріс қамымен Ал­маты облысы, Жамбыл ауданы, Үңгіртас совхозының Ақдала бөлімшесіне көшіп кел­генімен, жесірліктің, же­тім­діктің қиындығы бұл отбасын айналып өте қоймайды. Шиеттей бала-шаға екен, жоқ­­­шылық көріп отыр ғой деп, қол ұшын бергендер де, же­сір, жетімектер деп мен­сін­бей, мұрын шүйіріп қыр көр­сеткендер де болды-ау. 

Мал баққан адам біледі, қой­ды көктемде қырыққаннан кейін күпкіге түсіреді. Содан ауылдағы бар малды күпкіге ай­дауды Бүбішке тапсырады. Ол күпкіңіз ауылдан он бес шақырымдай. Әлімжеттік емес пе, небәрі бес-ақ қойы бо­ла тұра, әрқайсысында елу шақ­тыдай қойы бар ауылдас­тары бес жүз басқа жуық бір отар қойды алдына сал­­сын. Тек жаны ашыған көр­­шісі ғана көтерем есегін береді. Қайтсін, балалары қойды жаяу жалпылап айдап апарғаны өз алдына, қиын­дықтың көкесін содан кейін көрсін. Анасы есекпен бір жағында жүргенімен, жан-жаққа жамыраған қойды жинап, айдауда Мейрамбектің есі кетеді. Кетпей қайтсін, күн­­нің ыстығы, шөл қыс­қа­­ны бар, бір күнде отыз ша­қырымдай жүру бес жасар ба­ланың сілесін қатырады. Зорыққаны сонша, үйге ке­ле­сімен ыстығы көтеріліп, есі­­­нен танып құлап түседі... 

Айта берсең мұндай қиын жағ­дайлар олардың басынан көптеп өткен. Жолбарыс өз жарасын өзі жалап жазатыны сияқты байғұс ана тағдырына налып, момындығынан тепе­ріш-қақпайлар көріп, шер ше­мен көкірегі удай ашыған шағында, пысылдап ұйықтап жатқан құлыншақтарына қа­рап, «осы алтындарым аман бол­са, әлі-ақ ержетіп, біз де адам қатарына қосылармыз» де­ген үміт отына жылынатын. 

Мейрамбек он жылдықты ин­­тернатта жатып, оқып бі­тірді. Онда да үйге келсе ки­­­ноға барып, ләңгі теуіп, ве­ло­сипед мініп, әкесі шашы­нан сипап, маңдайынан иіс­кейтіндей, болмаса басқа ба­ла­лар сияқты «папалап» еркелейтіндей жағдай бол­ған жоқ. Буыны бекіп, топшысы қатайған шағында Мей­рамбек өз тағдыры тек­ өзі­нің қолында екенін тү­сі­не­ді. Тұлпарлығы тай кезінен білінген бала күшпен қуатты қай­сарлығынан алады. Ен­ді тек біліммен достасу қажет­тігін тастүйін түйсінеді. Мек­­теп­­ті бітірген соң тек әу­лет­тегі, ауылдағы емес, қо­ғам­дағы әділетсіздікке, озбыр­лыққа қарсы шығатын, соны әділ шешетін қызметте болсам деп армандап, заңгерлік мамандыққа түсуді мақсат етіп қояды. Ол үшін сенетін «кө­кесі», «ақшасы» жоқ, тек мек­тепті алтын медальға бі­тіру. 

«Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандыра­ды», деген қағылез, зерек ба­­­­ла­ның болашағынан үміт күт­кен сол кездегі Үңгіртас мек­теп-интернатының мең­герушісі Жалғасбай ағайы ба­­ланың бетін қақпай, қайта қа­наттандырып отырды. Ба­лаң жігіт дегеніне жетіп, мек­тепті алтын медальға бі­тір­генмен, алдынан тағы да әділетсіздік шықсын. ҚазМУ-дың заң факультетіне тап­сырғанымен, бір сабақтан төрт қойып, конкурстан өт­­пей­ді. Өзінен төмен ба­ға алған үміткерлердің жо­лы болғанын көргендегі ал­қымға тығылған өксігін айт­паңыз. Бірақ, өзіне сенімді жігіт тауы шағылғанмен, ал­ға ұмтылып ауылдағы плем­зауыт­қа жұмысшы болып кіреді. Әскерден келген соң Тал­­дықорғандағы заң техникумын қызыл дипломға бі­тірсе де, алған бетінен қайт­пай­тын қайсар жігіт арманына сатқындық жасамай, тек бе­­сінші рет барғанда ҚазМУ-дың­ заң факультетіне оқуға тү­седі. 

– Өмірде қиыншылық кө­ріп, жалғыз шешеміздің етегі­нен ұстадық, – деп анасын ес­ке алады бүгінде алпысты ал­қымдаған жігіт аға­сы. – Біз­де тек «әкемізден жас­­тай қал­са да, күйеуге шық­пай барлық өмірін балаларына арнаған ана­мыздың айт­қан сөзін, берген тәрбиесін ақтайық» деген ой болды. Ананың мейірімі өл­­шеу­ге келген бе. Әлемнің жа­ры­ғын сыйлаған анасына деген құрметі, махаббаты Мей­рам­бекте бір сәт үзілген емес. Бір өкініші, әттеген-айы – өмір­­ден ертерек кеткені. 

Мейрамбек заңгерлік ең­бек жолын Алматы облысы Қас­келең аудандық халық сотында сот орындаушысынан бастап, онда он жыл істейді. 1994 жылы Алматы Көлік про­куратурасында стажерден бас­тап, Бас прокуратура­да, Әділет министрлігінде, сот саласында да әртүрлі деңгей­дегі қызметтер атқарады. Бү­гінде Алматы облысы со­ты­­­ның төрағасы. «Мың ша­қы­рымдық жол – алғашқы қадамнан басталады» дейді қытай ойшылы Лао Цзы. Мей­рамбек осы өз биігіне қа­­дам­дап, әрбір саланың бар­лық баспалдағынан өтіп жетті. Өйткені, оны өмір­дің ызғарлы қара суығы қа­тайтты. Ол кез келген жеңіс қиындықсыз келмейтінін түйсінді. «Же­тек­­теп салған тазы түлкі ал­мас». Өз білімі, талпынысы мен таланты, ынта-жігері, қай­сарлығы, жанкешті еңбегі оны төрге шығарды. Дүниеде сат­пайтын бір нәрсе болса, ол – ма­мандық, оған адалдық еке­нін білді. 

Қай заманда да би болу, билік айту оңай болмаған. Егер «Бүгінгі судья қандай бас­­ты қасиеттерімен ерек­шеленуі керек, үлгілі сот қан­­­­дай болуы керек» деген сауал қояр болсақ, бір Мей­рамбектің бойындағы бол­мыс-бітімінен, күнделікті өзін өзі дамытып отыратын дайындығынан, білім-бі­лік­тілігінен бекемдеп жауап та­­­­басыз. Әрине үлгілі сот – үл­­­гілі судьядан шығады. Ол­ қай уақытта үлгілі болады,­ оның шешімдері заңның талаптарына сай болғанда, үкімдері бұзылмағанда. Сон­дай-ақ судьяның жеке ба­сының қасиетіне, ой өрісіне де көп байланысты. Өмірде кө­ріп жүргеніміздей, түрлі дәрежедегі судьялар бар. Ше­­шімді жау шапқандай суды­ратып оқып шығатындар да кездесіп қалады. Ал Мә­кең болса әр істің баяны­на,­­ шешіміне қарай өз мі­нез­-құлқын реттеп отыра­ды. Өйткені шындық – көп,­ ақиқат – жалғыз. Әсіре­се ал­дында баскесер, қаты­гез жа­уызды, лаңкесті көрген­де сесімен, айбарымен тұй­ғын­дай түйіліп, састырады. Демек, төрелік айтып, адам тағдырын, өмірін шешіп отыр­ған қазының, бидің өзінің де жүрсе – жүрісі, сөйлесе – сөзі мығым болғаны абзал. Бірде Алатауына тартқан мінезіне са­лады. Кейде ешкім көтере бер­мейтін кесек мінезімен тура тартып, тура сөйлеп, бір­де қатты, бірде жұмсақ ай­татыны бар. 

Он жылдан астам сотқа төрелік жасаған басшының қарым-қабілетінің бедерлене тү­сетін тұсы – оның ұтқырлы ұйым­дастырушылығында. Жұ­­мысқа кіріскенде жа­пы­­рып істейтін ерен қайратты­лы­­ғы,­ сұң­ғылалығы – қызмет­кер­ле­рінің қайсысының қо­лы­нан қандай іс келетінін, дайын­дығын, ізденгіштігін, адам­гершілігінің қай дең­гейде екендігін ішкі бароме­трі­мен сезініп отыруға көмек­теседі.

Ең бастысы – мектепті қа­­зақша бітірсе де, екі тілге бір­дей жорғалығы. Қай тіл­ге салсаң да ұршықтың жі­бін тар­қатқандай. Ал шешен­дігі өз алдына. Мақалдап, та­­уып сөйлейтін аузы дуалы, сөзі уәлі шешен би­лер­ Мейрамбектей-ақ бол­ған шығар. «Оқымаса – ой тоқырайды» деген,­ кітап­ты өмірлік серігі ет­кені – өзі­не қазынаны, жан­ азы­ғын кі­­­тап­­тан табады,­ ақыл­дың ке­нін содан іздейді. Сон­дық­тан да шығар, сөзге деген құрметі жоғары, әсі­ресе сәу­лелі сөзге. Соны әс­пет­теп­ жинап, әспеттеп жет­кізеді. Ол жағынан рухани­ бай адам. Оған қоса фе­ми­­даның тарланы, заң ғы­лым­­дарының докторы, профессор М.Таймерденовтің са­раптамалық ой-толғамдары және практикалық тәжіри­бе­сінің үш ғылыми кіта­бында айқын көрініс табуы, медиациялық билер­ со­ты концепциялық зерт­те­­ме­­лерінің негізін қалау­шылардың бірі болуы, сон­дай-ақ сот төрелігінің кө­кейкесті тақырыбына жүз­деген ғылыми мақаласы, ұс­­­­­таз­дыққа да уақыт тауып, Тал­­­дықорғандағы Жетісу мем­­лекеттік университетінің заң факультетінде дәріс оқуы – бүгінгі жаңашыл, сауатты за­манауи судьяның болмысын аша түседі. 

3-дәрежелі мемлекеттік әді­лет кеңесшісі, өмірлік ұс­­­та­зы Болат Сембин аға­мыз­дың: «Мейрамбек са­уат­­ты заңгер ғана емес, ха­лық­­аралық дәрежедегі сот жү­йе­­сін құрудағы, өзінің пі­кірі бар білікті қоғам қай­рат­кері. Өмірге деген талпынысы, ерін­бей еңбектенуі ғылымда да жаңалықтар ашуға мүм­кіндік берді. Бұған өзім куә бол­­ған докторлық диссертациясын қорғағанда отандық, еуро­палық ғалым­дардың айт­қан пікірлері то­лық дәлел», деуі көп жайт­ты аң­ғартса керек. 

Ұзақ жылдар осы сала­да қызметте болғандағы тағ­дыр­дың тартқан сыйы шығар, жақ­­сы адамдарға кезікті. «Өз ойы, өз пікірі бар бала екен, мынадан бірдеңе шығады» деп іліп алған ағаларының жақсылығын, жарығын көп көрді. Бүгінде дос-ағалары Болат Сембин, Оңласын Жұ­ма­беков, Марат Нұрбеков, Бек­тас Бекназаров, Қайрат Мәми, Игорь Рогов, Георгий Ким есімін құрметпен атаса, «ағасы бардың жағасы бар» деген, өзінің ағалық тәр­биесін, қамқорлығын көр­сетіп, қанатының астына алған Болат Әбішұлына, Петр Проковьевичке асқан ықы­ласын білдіріп, соларға бір рахметін жеткізуді азамат­тық, бауырлық парызы санайды. 

Бүгінде Мейрамбек өз­ отба­сының ғана емес, Тай­мерде­новтер әулетінің оқ өт­­пес қорғаны, жел өтпес ор­­маны. Үлкен бауырлары Се­рік пен марқұм Қайраттың жар жағына пана, күн жағына сая болды. 35 жыл бірге қол ұстасып келе жатқан құдай қос­қан қосағы Күләші осы әу­летке алтын босаға болып бекіп, бағын да, сағын да­ көтере білді. Көрікті қыз, мақтан тұтар үш ұл әкелді. Анасынан кейінгі ең жақын адамы, тілеулесі, тілеуқоры бола біліп, атқа мінген аза­матының абыройын, парасатын биіктетуге күш салды. 

Судья болу бар да, судья болып қалу бар. Отыз жылға жуық өмірін осы салаға арнап, іргелі тәжірибе жинақтап, оны ғылыммен ұштастырып, өз­ мамандығының биігіне шыққан болмысы бөлек болат мінезді жан бүгінде ақырын жү­ріп, анық басады. Оның көп жылғы әділет, сот және құ­қық қорғау жүйесіндегі қажырлы еңбегі «Парасат» орденімен, «Құрметті судья» атағымен, көптеген медальдармен атап өтілді. Құқықтық мемлекет құру жолындағы қазақ заңгерлерінің, би-су­дья­­­ларының ішіндегі тегеу­рінді, тұғырлы тұлға­сына, ны­­саналы жүйрігіне айналған бү­гінгі біздің кейіпкеріміз Мейрамбек Таймерденов өмір­ мектебін де, заңды да әлі оқып, тоқып келеді... 

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»