Аймақтар • 07 Қараша, 2018

Алматыда инклюзивтік білім берудегі үздік педагогтар анықталды

658 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ерекше мұқтаждықтары бар балаларды әлеуметтендіру, оларды қоғамның барлық саласында белсенді етіп, білім алуы, жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызу мәселелері кеңінен насихатталып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіруге байланысты «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Техникалық және кәсіптік білімде инклюзивтік білім берудің үздік педагогы» республикалық байқауының қалалық кезеңін өткізіп, қорытындысын шығарды.

Алматыда инклюзивтік білім берудегі үздік педагогтар анықталды

Екі айға созылған байқау нәтижесіне сәйкес төрт жеңімпаз іріктелді. Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінен Гүлжанат Үсенбаева, Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінен Нағашкүл Косерева, Алматы технология және флористика колледжінен Аида Болатова, Алматы технология және флористика колледжінен Ақжарқым Құрманалиева инклюзивті білім берудің ерекшеліктері мен  оқыту барысындағы көкейтесті мәселелері туралы ұсыныстарын білдірді.

Комиссия төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, профессор Қайролла Рахимов «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек» деп Мемлекет басшысы атап өткеніндей, «Ұстаздар үйі» өткізіп отырған шара уақыт талабынан туындап отыр, деп атап өтті. Бүгінде Алматы қаласындағы 82 колледждің 3-уі инклюзивті білім беру бағдарламасымен жұмыс істейді. Осы шара аясында ерекше мұқтаждықтары бар балаларға білім берудің өзекті мәселелері қозғалды. Байқау саладағы жетіспеушілікті анықтап, ары қарай дамуына мол мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика-психология институтының арнайы білім беру кафедрасының аға оқытушысы, Phd докторы Лаура Бутабаеваның айтуынша, қазіргі кезде университеттегі Арнайы білім беру кафедрасында дефектолог мамандар даярлануда. Қырық жылдан астам тарихы бар кафедрада осы жылдар аралығында сурдопедагог, логопед, тифлопедагог, олигофренопедагог сияқты мамандар даярланып келеді. Соңғы жылдарда ерекше мұқтаждықтары бар балаларды оқытуда инклюзивті білім беру жүйесінің өзектілігі байқалады. Осы мақсатта «Инклюзивті білім беру маманы» деген мамандық ашылды. Педагогикалық мамандықтағы студенттердің барлығы дерлік инклюзивті білім беру курстарынан өтіп, балалармен жұмыс істеудің әдістемесін игеріп шығады. Әрі ерекше мұқтаждықтары бар балалармен жұмыс істейтін оқытушылар үшін қандай әдістер, бағдарламалар қажеттілігіне де басымдық беріледі. Университетте сонымен қатар мүгедектігі бар балаларды қолдайтын ресурстық орталық бар. Бұл мақсатта шетел тәжірибелері де назарға алынады. Лаура Асқарқызының айтуынша, ерекше қажеттіліктері бар балалар көп жағдайда кәсіптік білім беру мекемелерінде оқып, кейіннен жоғары білім жүйесіне келетіндіктен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы өткізіп отырған осындай  шараның маңызы зор.

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚБАИ директоры Раиса Садвакасова алғашқы рет өткізіліп отырған байқаудың ерекшелігіне тоқталды. Мемлекет саясаты ерекше мұқтаждықтары бар балаларға өзге балалармен тең құқылы білім беруді мақсат етеді. Балалармен ғана емес, ата-анамен де жұмыс істеуге тура келетін ұстаздарға қойылатын талап та өзгеше.  

Салада бүгінде сурдоаудармашылар, логопедтер, т.б. мамандар тапшы. Сондықтан мектептерде педагог мамандығы насихатталып, Елбасы Жолдауында атап өтілгеніндей ұстаз мәртебесі арттырылуы тиіс.

«Жақында «Қазақстанның 100 есімі» жобасының жеңімпазы Анар Әбжановамен кездесуімізде нашар еститін балаларға арналған көркемсурет мектебін ашқысы келетіндігінен хабардар болдық. Бұл ұсынысты ата-аналар да құптап отыр. Өйткені,  ерекше мұқтаждықтары бар балалар өздеріне ерекше назар аударуды талап етеді әрі олардың шығармашылық түйсігі де басқаша. Сондықтан да мұндай бағыттағы білім орталықтарының балалар қабілетін дамытудағы рөлі зор. Алматыда қазіргі кезде нашар еститін балалар №49, 116 мектептерде білім алуда», дейді Раиса Аджарқызы.

Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың жолдауларындағы міндеттерді орындау барысында бірінші кезекте жаратылыстану бағытындағы мамандарды, инженер, технологтарды дайындау, сонымен қатар автоматтандыру, роботтандыру аймағындағы білімді тереңдету, жасанды интелектіні зерделеу міндеті қойылған. Осыған орай,  елімізде робототехника және STEM оқыту кеңінен қанат жаюда. Бүгінде «Өрлеудің» Алматы қаласындағы филиалында Робототехника бойынша мұғалімдерді даярлау қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарында LEGO® MINDSTORMS® EV3 оқу конструкторлары мен Arduino контролерін пайдаланып тәжірибе жұмыстары жасалады. Тыңдаушылар алған теориялық білімдері бойынша түрлі роботтар мен Arduino-ға негізделген құрылғыларды құрастырып, бағдарлама жасауды үйренеді. Өткен жылы институттың аға оқытушысы Қайсар Нұрлыбаевтың ғылыми жетекшілігімен №152 мектеп-гимназия мұғалімі Ахметов Б.Т. курс барысында робот-арба құрастырды. «Робокөмекші» арбасы мүмкіндігі шектеулі, зағип жандардың өмір қауіпсіздігін және оңтайлы қозғалуын қамтамасыз етеді. Арнайы бағдарламаға құрылған робот жүргізуші көмегінсіз қала көшелерінде емін-еркін қозғалады. Бұл жоба әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өткен «KazRoboSport-2018» республикалық чемпионатында жеңімпаз атанды. Бұл жоба алдағы уақытта патенттелетін болады.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»