Осы саланың әлеуетін байқаған Елбасы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске қосқаны мәлім. Бағдарлама аясында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар автоматтандыру жұмыстарына ерекше көңіл аудара бастады.
«Ақылды» жүйенің өндіріс пен мемлекеттік қызметте кеңінен қолданылуы үшін бұл саланың білікті мамандарынан бөлек, дайын өнімдердің де керектігі түсінікті. Осы орайда Астанада ашылған «Astana Hub» технопаркі қазақстандықтар мен шетелдіктердің идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін алаңға айналып отыр.
Әлем бойынша жыл сайын ашылған әр саладағы стартап компаниялардың 90 пайызы сол жылы-ақ қайта жабылып қалады екен. Оның себептері әрқилы. Біріне инвестиция жетіспесе, енді бірінің идеясы өміршең болмауы мүмкін. Енді бірінде жол көрсетіп, нарыққа сіңісіп кетуіне көмек беретін менторлар мен жетекшілер жоқ. Осы орайда Астанадағы технопарк бұл деректерді ескере отырып, ақпараттық технологиялар саласында Қазақстанда жүзеге асырылған кез келген стартап жобаның әлемдік нарықта өз орнын табуына мүмкіндік ұсынбақ. Бұл үшін «Astana Hub» әкімшілігі сегіз бағытта жұмыс істейді.
«Хабтың жанынан құрылған академияда ақпараттық технологиялар саласында айтарлықтай жетістікке жеткен танымал кәсіпкерлер мен мамандар, хабтағы стартапшыларға және қызығушылық танытқан кез келген азаматтар үшін шеберлік сыныптарын өткізеді. Академиядағы трекерлер мектебі болса, стартаптардың жұмыс істеп жатқан кезеңінде де компанияның әрі қарай өрлей беруі үшін трекерлер, яғни жетекшілер ұсынады. Бұл мамандар әрбір стартапты шикі идея кезеңінен дайын өнім болып, одан әрі нарықтың ірі ойыншысына айналғанша кеңес беріп, жол көрсетпек», дейді «Astana Hub» өкілі Айгүл Шернияз.
Бұдан бөлек технопарктың өзіндік акселераторы мен ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істеуде. Мәселен, қазіргі кезде Nokia, CISCO, Huawei компаниялары осы хабта өздерінің ғылыми-зерттеу зертханаларын ашып қойған екен. Бұл зертханалар ақпараттық технологиялар саласында жаңалықтар ашатын орталыққа айналып, ертеңгі күні дайын өнім мен қызмет түрлерін ірі брендті компанияларға сатып жатса, еліміз Оңтүстік Корея, Германия секілді ақпараттық технологиялар саласындағы ірі экспорттаушылар қатарынан көрінбек.
Күні кеше Мемлекет басшысы барып, ресми ашылу салтанатына қатысқан «Astana Hub» IT стартаптар технопаркінің тек қана Қазақстанның емес, сонымен қатар Орталық Азияның «силикон алқабына» айналуға мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері іс жүзінде жұмыс істеп жатқан технопаркте бүгінде ұзын саны 146 стартап тіркелген. Оның 90 пайызы қазақстандық стартапшылардың жұмыстары болса, қалғаны Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мен Украинадан келген стартаптар көрінеді. Бұлардың барлығына Астана технопаркі белгілі бір кезеңге дейін тегін кеңсе және интернет секілді қажетті құралдар ұсынады.
Астана технопаркі қызметкерлерінің мәліметінше, 2022 жылға дейін технопарктегі стартапшыларға 67 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде бірінші кезең бойынша 28 млн теңге, екінші кезеңде 60 млн теңге қаржы құйылған. Мұның барлығы бизнесмендердің жеке инвестициясы.
Бүгінге дейін ақпараттық технологиялар саласындағы стартаптарды былай қойғанда, шағын және орта бизнесті қаржыландырудың өзінде айтарлықтай қиындықтардың болғаны рас. Соның бірі қаражаттың қайтарымсыздығы болса, екіншіден, аталған қаражаттың Үкіметтен бөлінуі. Басқаша айтқанда, бизнеске берілген қолдау әдетте грант болып беріледі. Яғни, белгілі бір талаптарды орындаған немесе жарыста үздік деп танылған бизнес сыйақы, марапат ретінде белгілі бір сома иеленеді. Бұл дегеніңіз – әлгі бизнесменнің бүгінге дейін жасаған еңбегінің марапаты. Ал нарықтық экономика әбден орныққан елдерде ондай марапат болмайды. Бизнес әділ бәсекелестік арасында өсіп, қатарынан қара үзіп шығып, өзінің нарықтық капитализациясын арттыра алса – нағыз марапат сол. Ол үшін стартапшылар өздерінің идеяларын ақшасы бар әлеуетті инвесторларға таныстырып, олардың қызығушылықтарын тудыруы керек. Бүгінгі «Astana Hub»-тың да мақсаты осы. Бизнес – бизнесті қаржыландыруы керек. Және бұл марапат ретінде емес, инвестиция ретінде, яғни оны ертең сол қарызды берген адам еселеп қайтарымын сұрайтындай жүйе болуы керек.
Екіншіден, бұған дейінгі жобаларды қаржыландыру көзі мемлекет болып келді. Әрине, Үкімет бизнесті қолдауы керек. Ол үшін Қазақстанда жылдар бойы бір емес, бірнеше бағдарлама жұмыс істеп келеді. Нәтижесі де бар шығар. Дегенмен, мемлекеттің бизнес алдындағы басты міндеті ақша тауып беру емес, бизнестің кедергісіз өрлеуіне жағдай жасайтын заңнама мен жүйе қалыптастыру. Осы орайда «Astana Hub» Үкіметтің ақшасынан емес, стартаптардың үлкен компания болып кетуі үшін жеке инвесторлардың қаражатынан үмітті.
Қорыта айтар болсақ, «Astana Hub» ақпараттық технологиялар саласындағы стартаптар алаңы жаңа идеясы бар өнертапқыштар мен кәсіпкерлерге ешқандай да ақшалай көмек көрсетпейді. Есесіне, тегін кеңсе, құрал-жабдықтар беріп, керек адамдармен таныстырып, кәсіби мамандарды шақырту арқылы тегін шеберлік сабақтарын өткізіп, керек болса, инвесторларды да тауып беруге жұмыс істейді. Осы хабтан бастау алған еліміздегі ақпараттық технологиялар саласындағы бизнес өзін өзі асырап, уақыты келгенде мемлекеттің бюджетіне де салық төлейтін ірі компанияларға айналуға тиіс. «Astana Hub» әкімшілігінің ойы – осы.
Бауыржан МҰҚАН,
«Егемен Қазақстан»