1934 жылы Маңғыстау өңірінің түлегі Шоқыр Бөлтекұлы Бакудегі көркемсурет училищесін аяқтап, білімін жетілдіру үшін Киевке аттанады. Украинаның бас шаһарында ол қазаққа беймәлім бокс өнерімен табысады. Елге келген соң шаршы алаңды шайқап қана қоймай, бапкерлік кәсіпті де қатар алып жүреді. Екінші дүниежүзілік соғыстан оралғаннан кейін Шоқыр сүйікті ісін қайта жалғастырады. Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанып, бүкілодақтық «Динамо» спорт қоғамы біріншілігінің күміс медалін иеленді. 1947 жылы КСРО спорт шеберінің күміс белгісін омырауына тақты.
Бапкерлік кәсіпте де Бөлтекұлының бағы жанды. Шәкірттері түрлі жарыстарда ысылғаннан кейін 1947 жылы Қазақстан құрамасын Мәскеуде жалауы желбіреген КСРО біріншілігіне өзі бастап барды. Сол жарыста қазақтың мінезді ұлы Махмуд Омаров қола медальді иеленді. Осылайша, күллі Одақтың үздіктері бас қосқан жарыста жерлестеріміз тұңғыш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Кейіннен Шоқырдың шекпенінен шыққан жуан жұдырықты жігіттердің дені дүбірлі додаларда дараланды.
Шоқыр атамыздың болмысы да, бітімі де бөлек тұлға еді. Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған тұста «ов» пен «ев»-тен бас тартқан ол өзінің тегін Бөлтекұлы деп жазғызды. Сол кездері осы мәселеге байланысты Кабанов деген тергеушімен сөзге келіп қалғанда «Мен қабанның емес, Бөлтектің ұлымын. Сол себепті де тегім – Бөлтекұлы» деп жауап қайырған. Өзінің бір сөзінде даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Екі-ақ нағыз қазақ бармыз. Бірі – мен, бірі – Шоқыр» деп айтуы да көп нәрсені аңғартса керек.
Қазіргі кезде Қазақстан боксының даңқы артып, атағы шартарапқа тарады. Өзге жарыстарды айтпағанда, тек Олимпия ойындарының өзінде орасан зор табысқа қол жеткіздік. Тәуелсіз мемлекеттің дербес командасы ретінде Қазақстан құрамасы айтулы додаға алты мәрте қатысып, барлығы 22 жүлде (7 алтын+7 күміс+8 қола) олжалады. Бүгінгі таңда осы көрсеткіш бойынша біз төрткүл дүниедегі барлық командалар арасында үздік ондықтың қатарына еркін қосылып отырмыз. Осы орайда, басты бәсекелестеріміздің Олимпиадада ХХ ғасырдың басынан бақ сынап жүргенін ескерген жөн. Оның сыртында КСРО құрамасы сапында өнер көрсеткен Серік Қонақбаев, Виктор Демьяненко және Александр Мирошниченко сынды саңлақтардың төрт жылдықтың басты жарысында жеңіс тұғырына көтерілгені бар. Ол аз десеңіздер, 1996 жылы Василий Жиров, 2004 жылы Бақтияр Артаев және 2012 жылы Серік Сәпиев Олимпия ойындарының ең үздік былғары қолғап шеберіне тиесілі Вэл Баркер кубогын иеленді.
1993-2017 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында тәуелсіз еліміздің түлектері 43 мәрте (11 алтын+12+күміс+18 қола) мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл көрсеткіш жағынан біз тек Куба, Ресей (КСРО-ны қоса алғанда – ред.) және АҚШ құрамаларын ғана алға жіберіп, төртінші орынға тұрақтадық. Одан бөлек, КСРО дәуірінде Валерий Рачков пен Игорь Ружников алтын тұғырға көтерілсе, Серік Қонақбаев пен Александр Мирошниченко күміс медальді еншіледі.
Міне, Қазақстан боксшыларының бағындырған ең биік белестері осындай. Бұрындары да біздің жуан жұдырықты жігіттеріміздің әлеуеті зор болған. Қазіргі кезде де даңқымыз дүркіреп тұр. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Алдағы уақыттарда да талай асуларға шығатынымыз анық. Ал сол жеңісті жолдың алтын бастауында Шоқыр Бөлтекұлы сынды айбарлы азамат, бітімі бөлек тұлға, қарымды боксшы, майталман маман және білікті бапкердің тұрғаны жайында кейінгі ұрпақ білуге тиіс.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ