08 Қараша, 2018

Мектеп туризмі елді сүюге бастайды

36 реткөрсетілді

Қазақ елі үшін Отырардың орны бөлек екені талас тудырмасы хақ. Оның тарихын танып білуді, тағылым алуды жандандыра түсу мақсатында бүгінде аудандағы жас туристер стансасы, мектептердегі музейлерде көптің көңілінен шығатын жұмыстар атқарылуда. Облыстағы және еліміздің басқа да өңірлерін­дегі мектептердің өтініштерімен оқушыларға Отырар тарихын таныстыратын тегін экскурсиялар ұйымдастырып келеді. Білім мен тәрбие ошақтарындағы арнайы өлкетану үйірмелерімен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ғылыми қызметкерлері тығыз байланыс орнатқан. Жақында осы музейде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында «Өз жеріңді танып біл!» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек» деген ой-пікіріне қолдау білдірген жиын өтті. Мектеп туризмін жандандыру оқушыларымызды тарихи жәдігерлерге бай мұраларымызбен таныстырудан басталатыны талқыланды. Жиынға зия­лы қауым, білім беру мекемелерінің өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты. Қорық-музей басшысы Айбек Жандосов пен «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абай Құрман бұл жолғы Жолдаудың ерекшеліктеріне тоқталып, халықтың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанын баяндады. Ардагер Нұртаза Алдабергенов Жолдауды насихаттау мен оған үлес қосу әр азаматтың міндеті екенін алға тартып, жұртты жұмыла жұмыс істеуге шақырды. «Рухымызды жігерлендірген Жолдау» тақыбырында баян­дама жасаған Отырар музейінің бөлім мең­геру­шісі Досхан Жұмаханұлы оқушыларды тарихи жәдігерлерге толы бай мұрамен кеңінен таныстыруға бағытталған ұжымның жұмыс жос­парымен бөлісті.

– Елбасы Жолдауында туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлінген. Осы мақсатта туризмді дамыту жөнінде бағдарлама әзір­леніп жатыр. Жыл соңына дейін туризм туралы заңға өзгерістер енгізілмекші. Соған сай Отырар музейінің экспозициясы қайта жасақ­талып жаңғыртылды. Аудан әкімі Ерлан Айтахановтың ұсынысымен, министрліктің қолдауымен Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи орындарды шетелдік туристерге кеңінен насихаттау мақсатында Отырар қаласында Сапар орталығы салынбақшы. Оның базасында мәдени ақпараттық және шығармашылық инновациялар орталығы жұмыс істейтін болады. Музей функцияларын мәдени ағарту деңгейіне жеткізіп, тарих ғылымы, археология, реставрация, өнертанумен ұштастыруға жағдай жасалады. Археологтарға арналған қонақүйлер, заманауи технологиялармен жабдықталған бөлмелер, экспозиция залдары салынады. Осынау оң қадамдар арқылы Елбасының «Өз жеріңді танып біл!» атты бастамасын бағдаршам етіп мектеп туризмін қайта жаңғыртуға күш салатын боламыз, – дейді бөлім меңгерушісі Д.Жұмаханұлы. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар