Ауыр атлетика • 08 Қараша, 2018

Денис Улановқа Рио Олимпиадасының қола жүлдесі табыс етілді

230 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионаты барысында Қазақстанның ауыр атлеті Денис Улановқа Рио Олимпиадасының қола жүлдесі ресми түрде табыс етілді.

Денис Улановқа Рио Олимпиадасының қола жүлдесі табыс етілді

Осыдан екі жыл бұрын Бразилияның Рио де Жанейро қаласында өткен Олимпия ойындарының ауыр атлеттер сайысында 85 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Денис Уланов бұл жарысты төртінші орынмен қорытындылаған болатын. Қоссайыста ол 390 (175+215) кило салмақты еңсерді. Үшінші орынға табан тіреген румыниялық Габриэль Синкраянның да нәтижесі дәл сондай еді. Десек те қарсыласына қарағанда өзінің жеке салмағының аздығының арқасында қола медальді Еуропаның өкіліне табыс етілді.

Рио Олимпиадасы аяқталғаннан кейін бірқатар зілтеміршілердің допинг қолданғаны анықталды. Солардың қатарында Габриэль Синкраян да бар. Істің ақ-қарасы анықталғаннан кейін румыниялық зілтемірші Олимпиаданың қола жүлдесінен айырылып, үлкен спорттан бірнеше жылға шеттетілді. Осылайша, Риодағы доданың қола медалі Денис Улановқа табыс етілді.

Ашхабадтағы әлем чемпионаты кезінде жерлесімізге Олимпиада жүлдесі ресми түрде табыс етілген кезде ол: Бұл сәтті мен екі жыл бойы сарғая күттім. Әрине, Олимпия ойындары барысында өзге мықтылармен бірге жеңіс тұғырында марқайып тұрғанның жөні мүлде бөлек қой. Ондай бақ маған бұйырмады. Десек те «ештең кеш жақсы» деген сөз бекер айтылмаған ғой. Ресми түрде осы жүлденің маған табыс етілгеніне ризамын. Тіптен, әнұранымыз да шырқалды. Осының бәрін жан-тәніммен сезініп, қазір қатты қуанып тұрмын», – дейді Денис. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»