Қазақстан • 09 Қараша, 2018

Оралу. Орал Мұхамеджанов туралы естелік

1080 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Жақсы адам ғана жақсы саясаткер бола алады». 5 қарашада Парламент Мәжілісінде өткен еске алу жиынында сол игі іске бастамашы болған палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин келтірген осы сөздің иесі – арамызда жүрсе бұл күндері жетпіс жастың жотасына шығатын ардақты азаматымыз Орал Мұхамеджанов.

Оралу. Орал Мұхамеджанов туралы естелік

Саясатты лас іс деп қарайтындардың, саясатқа араласқан адам кір жұқтырмай тұра алмайды деп санайтындардың санаты сирей қоймағаны анық. Осыдан бес жыл бұрын арамыздан кеткен Орал Байғонысұлы бағзыдан қатып-семіп қалған сол қағиданы қақыратып берген қайраткер қазақ еді. Ол бәрі де адамына байланысты екенін даусыз дәлелдей алды. Мұның бір себебін біз Оралдың тектілігінде деп білеміз.

Орал Байғонысұлының арғы аталарының бәрі өнердің өз адамдары. Қазақ сөзінен хабардар кісінің Орынбай ақынды білері анық. Сол жыр жүйрігін Өтеулі ақын сөзден сүріндірген болса, Мұхамеджан сол Өтеулі ақынның немере інісінің баласы. Мұхамеджан Өтелбайұлы туралы Қазақ энциклопедиясында «ладтық құрылысы күрделі, ырғағы қиын асқақ әндердің авторы» деген баға берілген. Ол кісінің әндері ел арасында әлі айтылады. Бір түнде тоқсан ән шырқап шыққаны жайындағы аңызға бергісіз әңгіме де баршаға белгілі. Ал әкесі Байғоныс Торғайдың Амангелді өңірінде Нұрқан Ахметбековпен бірге театр ұйымдастырған, Қостанай облыстық филармониясына жетекшілік еткен атақты өнерпаз, кезінде Александр Затаевичке талай ән жаздырған кісі, кең тынысты дауыстың иесі болған адам. Тегінен тараған таланттылық Орал Байғонысұлының ісінен де, сөзінен де, жүзінен де, жүрісінен де айшықтала ашылып тұратын. Жаратқан Иеміз де көңілінің құсы түссе сүйген құлына жақсылықты үйіп-төгіп бере салады ғой, Оралға да бәр-бәрін сыйлаудай сыйлаған, ойды да, бойды да, сойды да аямаған. Оған сырбаз сабырын, мінсіз мінезін, сымбатты жүзін, төгілген тілін, күмбірлеген үнін қоссаңыз, көз алдыңызға жігіт сұлтаны дейтіндей асыл тұлға келе қалады. Жан дүниесі аса бай еді. Көп оқитын, көп тоқитын. Өлең жазатын. Екі тілде де. Жады керемет. Қазақтың поэзиясынан да, орыстың поэзиясынан да салақұлаш жырларды мақамына келтіріп айтқанда естіген жұрт қайран қалатын. Белгілі журналист Лев Тараков Ақмолаға алғаш көшіп келген бетте Оралмен бір жатақханада тұрған екен, сондағы естіген әңгімелерінің әсерін, әсіресе «Евгений Онегиннің» тұтас тарауларын (!) жатқа білетінін айтып, таңдай қаққаны есімде. Ал Оралдың ән салуын айтсаңызшы! Кәдімгі кәсіби әншінің де ала алмайтын қайырымдарын емін-еркін қайыра беретін. Мәжілістегі біз сөз басында ауызға алған тағылымға толы жиында Төлен Әбдік: «Егер өнер жолына түскенінде Оралдың кәсіби әншінің төресі бола алатынына күмән жоқ еді», деп сөйлеген. 

Төлен демекші, ана бір жылы Төлен ағам Кафканың алтын медаліне ие болып, сол жеңісін «жуып» бермекке Оралды, Қойшығара Салғараұлын, Ақселеу Сейдімбекті, Төлен Әбдікті ресторанға шақырғаным бар. Бір ғажап отырыс болды. Сонда тарихтың, әдебиеттің, мәдениеттің, дәстүрдің неше түрлі әңгімесі қозғалғанда Орал бір тақырыпта да тосылыңқырап қалған жоқ, қай салаға салғанда да аттың басын ағызып, айызымызды қандырды. Әсіресе Ақселеуді айрықша разы етті. Ақаңды бөле айтып отырғаным, Қойшығара мен Төлен Орекеңнің бір топырақта туған, ежелден ежеттес ағалары, менің араласып-құраласқаныма да он бес жылдай толып қалған еді, ал Ақселеу Оралмен бұрын мәжілістес те, дастарқандас та болмаған екен. Сонда Ақселеудің тілек айтқанда: «Бүгін менің орасан олжалы күнім» деп сөйлегені есімде. Орал екеуінің бильярд ойнағандағы келбеттеріне қарап, қатты толқығанымды да ұмытпаймын. Костюмді, галстукті шешіп тастап, көйлектің жеңін түріп тастап, ой бір ойқастап еді-ау сонда ағаларым. Біреуі шарды торға тарс еткізсе, екіншісі әзілді жарқ еткізеді, атарын атып, айтарын айтып алған соң маңдайлары кере қарыс болып, маңғаз кейіппен бір-біріне райлана қарайды. Е, шүкір, елміз ғой, бармыз ғой деп тәубе етесің іштей. Дүние-ай десейші, жақсыға неге көзі түсе береді екен Жаратқанның?! Сол екеуін де жетпіске жеткізбеді ғой, қайтейік. 

Орал Мұхамеджанов халықтың бағына біткен, ұлтына ұстын болуға жарайтын айрықша ардақты да аяулы азаматтарымыздың бірі де, бірегейі де еді. Текті Торғай төрінен түлеп ұшып, сонау Ресейде, академиялық ғылымның ордасы ретінде аты әлемге әйгілі Новосібірде білім алып шыққан, орысшаны ойдан орып, қазақшаны қырдан қырып, қос тілде бірдей мүлтіксіз сөйлейтін, сымға тартылғандай сымбатты жігіт салған беттен суырылып көзге түскен. Өзінің экономист мамандығы бойынша біраз жыл ғана қызмет еткен де, артынша ұйымдастырушылық қабілетімен, сөзге ұсталығымен алға шығып, Арқалық аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен Амангелді ауданының әкімі болған, 1994 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаттығына сайланған. Сол шақырылымдағы Парламент өзін-өзі таратқан соң 1995-2004 жылдар аралығында Орал Мұхамеджанов Үкімет аппаратының Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Ұйымдастыру-бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі болып жұмыс істеді. Дәл сол кезеңнің бас жағында менің бір тартысты оқиғаға килігіп қалып, Орал Байғонысұлының көмегін көргенім бар... Енді соны айтайын.

 «Отқа қойып кетті» дейді ғой. Тура сол болды. 1995 жылдың қарашасында Мәдениет министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалдым. Жаңа кабинетке (кабинет болғанда қандай – Мәдениет министрінің орынбасарлары кезінде Өзбекәлі Жәнібеков пен Әбіш Кекілбаев отырған кабинет!) бой үйретіп үлгермей жатып, қызметке шыққанымның дәл ертесінде-ақ министр Талғат Мамашев тосын тапсырма бергені. Жағдай былай екен. Атақты ақын, дара тілді драматург Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) «Қанына тартқан қыңырлар» деген пьеса жазыпты. Оны министрлік қабылдапты. Пьесаны Балалар мен жасөспірімдер театры спектакль етіп дайындап қойыпты. Премьерасы өтетін күн де белгіленген. «Сол қойылымның тағдырын тез шешу керек болып тұр. Спектакльде ру араздығын қоздыруы мүмкін тұстар бар деп жатыр», деді Талғат Асылұлы. Дереу пьесаны алдырдым. Министрдің алаңдаса алаңдайтындай жөні бар екен. Бір әйелдің тағдыры. Үш рет тұрмыс құрған. Үш күйеуі де қайтыс болған. Үш күйеуі елдің үш қиырынан. Үш күйеуінен үш ұл қалған: Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс. Үшеуі де берекесіз, отбасындағы бар бәлені бір-бірінің әкелерінен көреді, яғни бірге туған бауырларының тексіздігінен деп біледі, тиісінше әрқайсысы өзінің тектілігін айтып өзеуреседі. Шығарманың финалында үш ұлдың талас-тартысы әбден шегіне жетеді. Аналары қаншама ақылға шақырып, татулыққа, ынтымаққа үндегенмен, біреуі де құлақ аспайды. Үшеуі үш жаққа тартқан бетпақтардың бет жыртысуы ақыры апатқа апарып соқтырады: ана өз балаларынан біржолата баз кешеді, басқа діннен пана іздейді... Ру араздығын қоздыруы мүмкін деген сөздің де жаны бар. Әлгі үшеуі араққа тойып алып, айғайласқанда ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Айтпайтындары жоқ. Тайпаларға тіл тигізіледі. Рулар мазақ етіледі. Бұл туындының бірлікке, ынтымаққа септеспейтіні көрініп-ақ тұр. Не істеу керек? Әрі ойлай, бері ойлай келіп, мынандай шешімге тоқтадым. Спектакльдің жабық көрсетілімін ұйымдастырайық. Зиялы қауымды шақырайық. Ақылдасайық. Сөйтіп барып бір ұйғарым жасайық. Мұның өзі оңай да емес. Бұрынғы «сдача», яғни спектакльді басшылыққа алдын ала көрсетіп барып, қабылдап алу деген ұмыт болған. Ондай бақылау ендігі жерде цензура саналады. Шығармашылық бостандықты бұзу болады. Осындай сөздің айтылатынын біле тұра, ақыры табандатып отырып, спектакльді арнайы, жабық түрде қойғыздырдым. Театрға атсалысып жүрген қаламгерлер, сахна сыншылары келді. Көрдік. Кейіпкерлердің қағаздан оқығанда-ақ жүйкеңді жұқартып, жаныңды жаралайтын сұмдық сөздері сахнадан естілгенде албаты айқайға айналып, айбарақтанып кететініне көз жетті. Спектакльдің жабық көрсетілімінің басында да, аяғында да сөйледім, талқылау қорытындысы бойынша тағы сөйледім. Ары тарт та, бері тарт пікірлер онша көп болған жоқ. Шақырылғандардың басым көпшілігі менің сыныммен, айтқан уәждеріммен келісті. Қысқасы, спектакльді жауып қайттым. Бар жауапкершілікті өз мойныма алып. Көңіл тоғайтуға әлі ерте екенін білдім, әрине. Соның өзінде де мәселе осынша асқынады деп ойламаппын. Әңгіме ертеңінде-ақ насырға шаба бастады. Спектакльді Үкіметтегілер келіп көрмекші, бағасын өздері бермекші деген хабар жетті... Жабық көрсетілім тағы ұйымдастырылды... Спектакль біткеннен кейін алдымен сөз алып, өз шешімімді негіздеп, қысқа ғана айтып шықтым. Менен кейін Үкімет Аппаратының Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі Орал Мұхамеджанов сөйледі. Міне, сол тұста алғаш рет шындап таныдым Оралды. Шешен екен, көсем екен. Ойының жүйесі сондай мықты. «Ешкім де театр ру араздығын қоздырғалы отыр, спектакльді сондай мақсатпен қойған демейді. Әрине пьесаның мақсаты жүзшілдіктің, рушылдықтың қандайлық қатерлі індет екенін бір отбасындағы трагедия арқылы көрсету, содан сақтандыру екендігіне күмән келтірмейміз. Бірақ ниет бар да, нәтиже бар ғой... Ошақтың үш бұтындай бүтін елдің ұрпағы, бір ананың балалары бірін-бірі тұла бойыңды тітіркенте тілдегенде, жүздерді, тайпаларды, руларды қорлау, мазақтау сөздерінің тиегі ағытылғанда ойланбай, қиналмай тұра алмайсың. «Айтылған сөз – атылған оқ». Кез келген сөзден із қалады... Әр сөзді әркім өзінше, өз өресіне сай түсінеді... Ертең осының бәрі сахнадан айтылғанда, оның үстіне балалар мен жасөспірімдер театрында айтылғанда, көрермен залындағы жап-жас қыздар мен жігіттерге қарата айтылғанда, оның үстіне шебер драматургтің шешен тілімен төгілте айтылғанда мұның өзі у-шуда шырық бұзу, ду-дуда делебе қоздыру, солқылдап тұрған сананы сансырату болып шықпасына кім кепіл? Сахнадағы санасыз кейіпкерлердің сандырақ сөздерін жетесіз желікпелердің (ондайлар жетіп жатыр) жалаулата жөнелмесіне кім кепіл?.. Автордың қазақ қоғамын жүзшілдік, рушылдық дерті әбден дендеп алғандай, халық ашықтан-ашық ара-дара болып тұрғандай санайтын тұжырымы түбірінен қате. Қазақтай бір-біріне бауырмал халықты мына жердің бетінен іздеп табу оңай емес. Оның үстіне мұндай жауапты, жіңішке, шетін тақырыпты гротескілік трагикомедия тәсілімен ашу талабы сәтсіздікке ұрындырған» деген ыңғайда көсіп-көсіп айтып-айтып келіп, сөзінің түйінінде министрліктің шешімін қолдайтынын жеткізді. Сөйтіп, бас-аяғы үш-төрт күнге созылған дау-дамай тез-ақ тынды. Екі ортада жаңа келген жұмыс орнымда кесімді шешімі ақыры дұрыс деп танылған менің абыро­йым кәдімгідей өсті де қалды... Өз басым Орекеңе сондай сын сағатта мені қолдап сөйлегені, қорғап шыққаны үшін ғана емес, шығарманың дәнін, мәнін дәл ұстағаны, өнердің нәзік реңктерін соншалықты сергек сезінетіні үшін, ең бастысы – әділдігі, батылдығы үшін қатты разы болдым. Сол оқиға бізді жақындастырды. Көп ұзамай-ақ үйді-үйімізбен араласа бастадық. Көп сөйлесетінбіз, кейде тіпті сырласатынбыз. Көңілінің қошы келгенде, өзім деп сеніскен адамына ақтарылып, ағыл-тегіл әңгіме айтатын. Ел тағдыры, жер тағдыры туралы кеңінен көсілетін. Қай істе де көшелілік көрсететін. 

Осындай қасиеттерімен көзге түскен Орал Байғонысұлы көп ұзамай Елбасымыздың сенімді серіктестерінің қатарына қосылды. Президент әуелде оған аппараттың басты буыны саналатын Ұйымдастыру-бақылау бөлімін басқаруды сеніп тапсырды, ол сенімнің үдесінен шыққан соң Орал Мұхамеджановты бір рет емес, екі рет Парламент Мәжілісінің Төрағасы қызметіне ұсынды. Орал өмірден өткенде Елбасымыз көңіл айтуында: «Орал Мұхамеджанов өзінің мол білімі мен бүкіл қажыр-қайратын туған елімізді көркейтуге, оның құқықтық-заңнамалық базасын нығайтуға жұмсады. Қай қызметте жүрсе де, ақжарқын мінезімен, адамгершілік қасиеттерімен әріптестерінің арасында әрдайым зор абырой мен беделге ие болды», деп баға берді. Орал Мұхамеджановтың Ұлттық пантеонға жерленген алғашқы адам екендігі – түсіндірмені қажет етпейтін жай.

Екі шақырылым бойында Парламент Мәжілісін басқарған кезеңі – Оралдың саясаткер, қайраткер ретінде жұлдызы жанған жылдары. Депутат, спикер қызметінде оның бойындағы бар қабілет, бар дарын жарқырап ашылды. Сан пікірлі, сан мінезді, сайдың тасындай азаматтарды ұршықтай үйіріп, небір қиын қалтарыстардан қысылмай алып шығатын шалымдылығы, ой қисынымен де, тіл қиысымымен де тығырықтан жол тауып кететін алымдылығы оны партиялас әріптестерінің арасында құрметке бөлендірді, оппозициялық ұстанымдағы депутаттардың арасында мойындаттырды. Ал бұл айтуға ғана оңай. Керек жерінде «Я добрый, но не добренький» деп тұрып алатын табандылығын да, керек жерінде енді-енді тұтанып бара жатқан даудың ұшқынын бір ауыз әдемі әзілмен-ақ өшіре салатын тапқырлығын да талай танытты. Орал Мұхамеджанов Мәжіліс Төрағасы болған жылдарда Қазақстан парламентаризмінің жаңа белеске көтерілгенін барша жұрт жақсы біледі. Сол тұста газет басшысы ретінде Орекеңнің ұсынысымен бірнеше рет Мәжілістің парламенттік делегациясына қосылып, сапарлас болып жүрдік. Қай елге барғанда да Орал Байғонысұлының сыртқы сымбаты, ішкі байлығы, сөз саптауы, ең бастысы – қашанда ел мүддесін көздейтін кең пайы­мы сүйсінтетін. 

Ірі сөйлеп, кесек турайтын, алды кең азамат еді. Сол қасиетінің бір шарапатын кезінде қазақ баспасөзінің қара шаңырағы да көре алды. Бас газеттің 90 жылдығы қарсаңында Елбасына арнайы хат жазып, редакцияға көп қабатты жаңа ғимарат салуға қаржы бөлінетін болып, сол ақшаны бюджет жобасын нақтылау кезінде қостырудың қамымен Мәжіліске жеттім. Орал Байғонысұлы көмектесетінін айтты. Сұралатын қаржыны негіздеп, өзінің атына жазба түсіруім керектігін түсіндірді. Арада бір аптадай өткенде керекті қағазды жазып, алдына қайта бардым. Бұл жолы сұрағанымыз өткен жолғыдан қомақтылау еді... Жазбахатымды оқып отырды да, Орекең: «Ой, сен мұншаға көбейтіп қойыпсың ғой...», деді. Түпкі мамандығы экономист емес пе, ана жолғы соманы есінде сақтап қалған екен. «Ореке, талай жылдан бері жолдас болып келеміз, сіз бен біздің арамызда сонша ақша жүрмей ме, немене?», дедім тәуекелге басып. Шыны керек, мұным табан астында суырып салып айтылған сөз емес еді, өзгертілген ақшаны көпсініп жатса деп сақтаған «заготовкам» болатын. Орал Байғонысұлы күліп жіберді де, орнынан тұрып, қолымды алды. «Сөз тапқанға қолқа жоқ... Шешеміз. Бөлдіртеміз», деді кесімді үнмен. Сонан кейін ғана «Ол қосымша ақшаны қайтпексің?», деп сұрады. «Редакцияның екі қабатты ескі үйін сүргізіп тастап, сол жерге қызметкерлерге жатақхана салмақшы едім». «Онда дұрыс екен». Солай деді де, тап сол арада Мәжілістің бюджетке жауапты комитетінің төрағасы Кенжеғали Сағадиевке телефондады. Жаңағы сөзімді разылықпен күліп айтып еді, ана жақтан Кенжекеңнің: «Ондай сөзден садаға кетпейміз бе? Келсін қазір» деген дауысы естіліп жатты. Арада бір жарым жылдай ғана уақыт өткенде біз көп қабатты редакция ғимаратын да, оның жанынан төрт қабатты жатақхананы да тұрғызып үлгердік... Жақсыдан шарапат деген сол.

Орекеңнің 70 жылдығына «Бекзат болмыс»деген атпен естеліктер, арнау өлеңдер жинағы шығарылыпты. Дүйсенбідегі аста жұртқа таратылды. Сол кітаптағы «Қарашадағы хат» атты эссесінде белгілі қаламгер, Парламенттің бұрынғы депутаты Әкім Ысқақ Орал Байғонысұлының есімінің қалай қойылғанын жазған. Оралдың алдындағы нәресте бір жасқа жетпей шетінеп кетіп, содан кейін туған балаға «баламыз қайта оралды» деп қуанғаннан осы есімді қойған екен. Енді қазір ойлап отырсақ, Оралдың елі үшін еткен ересен еңбегіне орай есімінің мағынасы одан да тереңдегендей болып көрінеді. Оралдың арқасында саясаткер адам ретінде таза болса, ол саясатты да таза жүргізе алады, өзі де таза жүре алады деген орынды ой одан сайын орныға түсті. Ол өзінің өрелі өнегесімен далалық тазалықтың, далалық даралықтың мына жаһанданып, жанталасып, жағаласа жарысып жатқан ию-қию дүниемен де табиғи түрде табыса, қабыса алатынын көрсетіп беріп кетті. Орал Мұхамеджановтың жарқылдап өткен жақсы өмірі – мемлекеттік қызметке, билікке қазақы қалыптың, қазақы мінездің, ұлттық рухтың, ұлттық намысшылдықтың, кеңдіктің, өрліктің қайта оралуының келісті көрінісі.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты