Цифрландырудың арқасында «Атамекен-Агро» акционерлік қоғамының ауқымды ісі табысты арнада тоғысып жатқандығын бүгінде көз көріп отыр. Ауылшаруашылығы өнімдерін молынан өндіру мен өңдеу бірнеше есеге көбейген. Астықты Ақмола облысында цифрландыруды өз істеріне негізгі серпін ретінде алып, түбегейлі қолданысқа енгізіп отырған, сөйтіп ауылшаруашылығы өнімдерін молынан өндіруге бағыт алып отырған ұжымның бірі – «Атамекен-Агро» акционерлік қоғамы. Табыс сыры − ең алдымен цифрландыру, негізінен ілкідегі тәжірибе мен жаңа заманғы жаңалықтарды ұштастыра білуінде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек өнімділігін ұлғайтып, ауылшаруашылығының өңделген өнімін бес жыл ішінде 2,5 есе ұлғайту туралы міндет жүктегені белгілі. Бүгінгі таңда облыс қана емес, еліміз бойынша ауылшаруашылығы саласында цифрландыру бойынша көш бастап келе жатқан кәсіпорынның Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындауға толық мүмкіндігі бар.
Ағымдағы жылы «Атамекен-Агро» компаниясы еліміз бойынша өткізілген агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру байқауында жеңімпаз ретінде танылды. Қазіргі таңда астық егілетін алқаптарға ғарыштан мониторинг жүргізу мүмкіндігіне ие. Осылайша барлық агротехникалық шараларға тиісті сараптама жасай алады. Оның үстіне алқаптар кестесін белгілеу, қай танапқа қандай тұқым сіңірілгендігін, оның өнімділігін, топырақтың құнарын електен өткізіп, ең соңында өндірілген өнімді сақтау мен өңдеу үрдістерін де осы цифрландырудың арқасында бақылай алады. Бүгінгі таңда ілкімді жаңалықтың арқасында еңбек өнімділігі екі есе көбейген.
Компанияның жер көлемі көп. Нақтырақ айтсақ, 260 мың гектар жерді құрайды. Осыншама алқапқа егілетін дақыл түрі де аз емес. Мәселен, кейбір шаруашылықтар тек бидай, арпа егуге маманданса, бұл кәсіпорын жиырмадан астам дақыл түрін өсіруде. Компания мамандарының айтуына қарағанда, жыл сайын алқаптардың құнарын, егілген тұқымның қаншалықты тиімді екендігін ақыл таразысына салып екшеп отыру керек. Бұл ұлан-ғайыр жұмысты цифрландырусыз атқару мүмкін емес. Оның үстіне қолда бар техникаларды ұтымды пайдаланған жөн.
Жерді игеру, агротехникалық шараларды уақтылы атқару ең алдымен материалдық-техникалық мүмкіндікке байланысты екендігі әлмисақтан белгілі. Сондықтан мұнда машина-трактор паркін жаңалауға жете мән беріліп отыр. Соңғы жылдары компания 270 ауылшаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде қуаты жоғары астық комбайндары, егіс кешендері, топырақ өңдейтін агрегаттар мен еңбек өнімділігі жоғары тракторлар бар.
Өнім молайған соң оны сақтау мәселесіне де жеткілікті назар аударылған. Соңғы жылдары астық сақтайтын қамбалардың да мүмкіндігі молайып келеді. Бүгінде 500 мың тонна дақыл сақтауға қауметтері толық жетеді. Есепті кезең ішінде 7 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылды. Осы инвестицияның арқасында дақыл өндіру мәдениеті көп-көрім жақсарып қалды. Өнім көлемі де өсе түсті. Мәселен, өткен жылдардағы қол жеткізген табыс деңгейінен 25 пайыз артық өнім жинау мүмкіндігі туып отыр. 2017 жылы тауарлы өнім көлемі одан арғы жылмен салыстырғанда 136,5 мың тоннаға немесе 41 пайызға көбейді. Сөйтіп ұзын-ырғасы 463 мың тоннаны құрады.
Табыстың тайқазанын тасытқан компанияның жұмыс ырғағында көп құпия да жоқ. Бары заман талабына сай цифрландыру үрдісін қуаттауы. Ендігі арада бір кезде ілкімді саналғанымен, көнерген әдістерді қоя тұрып, тиімділігі көзге ұрып тұрған жаңаның жалына жармасқан ләзім. Бұл ауылшаруашылығын түбегейлі тиімді арнаға бұратын цифрландыру технологиясы.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы