Нұрсұлтан Әбішұлының әлем саясатындағы ғарыштық биіктіктен иеленген орны жөнінде жұртқа көптен бері жеткілікті дәрежеде айтылып келеді. Дегенмен саясат көсемінің бергі, ең алғаш түркі ұлттарын қалыптастырған ел діліндегі, көңіліндегі, керек болса, қоғамдағы орны жөнінде ілкімді пікірлер оншалықты айтыла бермейтін сияқты. Мәселен, әлдеқашан айтылуға тиісті болса да, қарапайым қырғыз адамының пікіріндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың «образын ашуға» бағытталған этносоциологиялық зерттеулерді әл-әзір ұшырата қойған жоқпыз.
Мен осынау шынайы ықыласыммен жазған мақаламда Елбасының қырғызстандықтардың көңіліндегі, елестетуіндегі, пікіріндегі орны, оның этнологиялық, этноменталдық негіздері туралы аз да болса сөз етейін деп шештім. Басын бастасақ, бұл бағытта үлкен зерттеулер, шынайы ғылыми еңбектер тудыратын мамандар да шығып қалар.
Десек те Нұрсұлтан Назарбаев несімен елдің ой-санасына орнаған осындай символикалық образ, идеал болып қалды? Не себептен қырғыздар оны өзіміздікі деп, ол жөнінде фольклорлық сюжеттер ойлап табуда? Гәп, міне, осында. Бұл сұрақтарға жауап беру үшін арнайы анкеталар толтырып, мысалы, идеалды жетекшінің ел жасаған образы деген тұрғыда зерттеу жүргізуге де болар еді. Ондай зерттеулер алдағы уақытта жүзеге асырыла жатар, ал мен әзірге өз пайымдарымды оқырмандармен бөлісе отыруды жөн көрдім.
Этнологтің көзімен
Қырғызда «Жақсыны жат көрме» («Жакшыны жатым дебе») деген мақал бар. Бұл мақал әншейін айтыла салған қатардағы кеп емес, тәмсілдің этномәдени тамыры өте терең, айтылуының этноменталдық негіздері бар.
Тегі-түбіне қарамай, кімнің де болса адамдық артықшылығын, талантын, еңбегін, кісілігін бағалай білу, бағалап қана қоймай, оны ӨЗІМ деп санайтын сана-сезім биіктігіне жету үшін қаншама ғасырлық тарихи жолды жүріп өту керек; адам болудың маңызын, оның қасиетін түсініп білу тәжірибесін игеру керек. Демек, тегі, ұлты, жеріне қарамай, адам атаулының жақсысы қырғызға өзіндей жақын болып келген деп білеміз. Қырғыздың осы мақалының мәнісін қазақ оқымыстылары «жақсы адамның бір қасиеті – адам баласын жатсынбауы; кім болса да, бір көргеннен-ақ баурап алып, ішіне тартып, көне досындай бірден тіл табысып, шүйіркелесіп, араласып кету қасиеті бар» деп түсіндіріп берген (Ә.Қайдар). «Жақсыда жаттық жоқ» деген қазақ мақалы мән-маңызы жағынан бір медальдың екі бетіндей бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі байытып тұрады. Яғни, қазақ пен қырғыз жақсы адамды ешқашан жат санамай, сонау дәуірлерден бері жанына жақын тартып келген.
Қырғыз бен қазақтың этномәдениетінің шегінен шығып, кеңірек қарайтын болсақ, осындай пікірді басқа да түркі елдерінің тілінен, мәдени мұраларынан, этнофилософиялық көзқарастарынан қалағанымызша таба аламыз. Түркі елдерінде жақсы, ақылман, әзиз адамды өз ішіне икемдеп тартып, ешқашан жат көрмегеніне куә болатын мирас көп. Бұл жағынан адамзатқа үлгі боларлық көзқарас, ой-пікір, тарихи және көркем образ моделдерін түркі елдері мәрттікпен жасап келіскен екен; барлық дәуірлерге ортақ, барлық елдерге бірдей тарихи тұлғалар, олардың ел аузымен қалыптасқан образдары жүре келе нағыз тәрбие бұлағына айналмады ма? Олай болмаса, түркі елдерінің мәдениетінде этногеографиялық шекарамен бөлінбеген Қорқыт ата, Жиренше шешен, Асан Қайғы, Қожанасыр, т.б. тұлғаларымыз қайдан шықпақ. Бұларды ешкім бөле-жара менікі деп меншіктене алмайды; бұлар – барлық түркі ұлттарын ұлт қылып, рухын биіктетіп, мәңгүрттіктен сақтап тұрған ұлы рухани күштер, түркі елдері ғана емес, жалпы адамзаттық мәдени қазынаның қақ төрінен орын алған атамұра.
Бұдан да кеңірек алар болсақ, түркі елдері өз рулары ғана емес, басқа ұлттар мен ұлыстардан шыққан ғұламаларды да жат санаған емес. Орта ғасырларға көз салсақ, түркі елдерінің ой-санасында имам Әбу-Ханафи, имам Бұхарилер жат елден деп есептелмепті, түркілер оларды өз тегімізден деп таныпты. Ежелгі Атилла, кейінгі Шыңғыс хан, Темірлерді айтпай-ақ қояйық! Қазақтың қайсыбір рулары біз Шыңғыстан тарағанбыз деп мақтанса, қырғыздың тарихшы-жазушылары Шыңғыс бізден болған деп роман, зерттеулер жазып жатыр, бірақ оны моңғолдардан таласып, тартып алайық деген ниет ешкімде жоқ. Түркияның тарихи кітаптарынан Шыңғыс ханды аталарымыздың бірі деп мақтанышпен жазғандарын көресің. Ахмет Ясауиді қазақ өз қатарында танып жатса, қырғыздар оны Өзгендегі Ясы өзенінің бойында туған Кожакматтың дәл өзі деп, ата тұтып, ардақтап жатады. Түркияда болса Құл Қожа Ахмет Ясауи түрік әдебиетінің классигі болып есептеледі. Бұлардың бәрі қазіргі түркі ұлттарының арасында таласып-тартысудың, сенікі-менікі деп бөлісудің себепкері бола алмайды, керісінше олардың кеше бір тілді, бір мәдениетті, бір дүниетанымды, бір тарихты ортақ жаратып, оларға бірдей иелік жасап отырғандығының дәлелі болып саналады.
Осылайша қырғыз бен қазақ сияқты қазіргі түркі елдерінің бойында сақталып қалуын қамтамасыз еткен философиялық ой-түйіннің бірі, бәлкім бірегейі, ең мәндісі осы жақсыны жатырқамау, жақсыны өзіне тарту, жақсыны асқақтату, жақсының қадіріне жетуге ұмтылу әлеуеті екені сөзсіз. Бүгінде жақсы мен жаманды айыра білу қиынға түскен заманда бұл керемет қасиетті түркі елдері, оның ішінде қырғыз, қазақ еш жоғалтқан жоқ.
Сөзім құрғақ болмас үшін, осы арада өз өмірімнен бір мысал келтіре кетейін. Менің қатты құрметтейтін ағайым, тілші Абдықадыр Орысбаев екі ұлының біреуіне Ататүрік деп ат қойды. Мен түсінбей: «Не үшін Ататүрік деп қойдыңыз?» десем, «А что, он же наш...» деп күліп қана қойған. Сөйтсем «Он» дегені – Ататүрік, «наш» дегені – бүкіл түркі елдерінікі екен ғой. Мен балалық қылып, «наш» дегеніне қарағанда Ататүрік деген сөздің қырғызбен бір байланысы бар шығар, білмей қалып ұятты болып жүрмейін деп, басқа сұрақ бермей, үнсіз қалғанмын. Сөйтсем ағайдың «наш» деген Ататүрігі Шуда, Таласта иә болмаса Ошта туған бір қаймана қырғыз емес, кәдімгі сонау Селаникте туған, Түрік Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік екен. Білмеген, түсінбеген кісіге Ататүрік қайда, қырғыз ұланы Абдықадыр Орысбаев қайда? Ендеше бұл есімнің қойылуы да түркі елдерінің жақсыны өзім деп есептеген салт-түсінігінің қырғыз тұрмысындағы бір көрінісі емес пе. Оның бұлай екенін кейінірек, тісқаққан шағымда толық түсіндім.
Бүгінгі таңда қырғыз текті Айтматовты, қазақ текті Назарбаевты барлық түркілер өз ұлтынан шыққан адам ретінде қастерлеп жатса, оның негізінде, міне, осы жақсыны жақын тарту философиясы жатыр. Бекерден бекер қырғыздар Н.Назарбаевты ол бізден деп жар салмайды, ұлды болса, бекерден бекер атын Нұрсұлтан деп, құлағына азан шақырмайды. Қырғыз бен қазақ екі өлке, екі ұлт болса да, Нұрсұлтан деген символдық есімнің алдында ұлттық рухтары бір бүтін болып, бірігіп кетеді. Бұл сөзімді кейінірек тағы да жалғастырамын...
Негізі қырғыз, қазақ, өзбек, татар, башқұрт этностық ономастика мамандары Ескендір, Мұстапа, Кемел, Ататүрік, Марат, Клара, Жанна, Искак, Мұхтар, Шыңғыс, Нұрсұлтан, т.б. есімдердің балаларға қойылу тарихын, тарау географиясын, аталу мәнерлерін этнолингвистикалық бағытта зерттесе, тіл ғылымы ғана емес, этносоциология, этнопсихология, этнокультурология, т.б. ғылым салалары үшін де пайдалы біраз жаңалықтар ашары сөзсіз еді.
Ерен тұлғаларды дәуір жаратады...
Түркі ғұламалығы Қорқыт ата, Ясауи, Ататүріктермен тоқтап қалған жоқ, қилы заман, дүрмек дәуірлерден өтіп, қазақ пен қырғызды мысал етсек, Әуезов пен Айтматов, Раззаков пен Назарбаев дүниеге келді. Негізі әр дәуірдің өз Қорқыт атасы, Алпамысы, Манасы болады екен... Қазіргінің Қорқыт атасы, Алпамысы, Манасы мәдениет саласында Шыңғыс Айтматов болса, ұлттық және халықаралық саясатта Нұрсұлтан Назарбаев болып тұрғаны анық емес пе! Екеуі екі басқа кәсіптің, екі басқа саланың адамдары болғанымен, мүдделері бір – ұлттың тұғырын нығайту, адамзатты ынтымаққа шақыру, адамгершілікті ұлықтау.
Бәрімізге мәлім, Қырғызстанда парламенттік сайлау болса, үкілі партиялардың өкілдері Нұрекеңе қол беріп, батасын алып кетуге ұмтылады. Ал енді президенттік сайлау болса, өтуге үміті бар талапкер Нұрекеңе бір кездесіп кетуді туысқандық, кішілік, ол ғана емес, саясаткерлік міндетім деп есептейді. Мұның өзі біздің менталитетімізге, этностық әдебіміз бен мәдениетімізге артық-кемі жоқ тұп-тура келеді.
Қандай іс болса да, Нұрекеңнен ақыл сұрап келгенді ешбір қырғыз ешқашан өрескел көрмеген, қайта сыртынан үндемесе де, ішінен жақтырары, ол былай тұрсын, мақтан тұтары талассыз. Бұл оқиғаны саясаттандырмай, керек болса жай ғана інісі үлкен ағасына, түркітектес елдердің ақылгөй Көшбасшысына ақылын естіп келді, пікірін біліп келді деп түсіну керек.
ХХ ғасырдың басы мен ортасы әлемдік саясатқа Ататүрік, Мао, Черчильдерді берді, ХХІ ғасырдың басы Назарбаев сынды тұлғаларды берді.
Аздап романтикалық сарында айтатын болсам, Азияның, онымен іргелес материктердің саяси аспанын көптен бері, тынымсыз, өзінің жұмсақ қамқорлығымен жылытып келе жатқан бір көгілдір НҰР бар. Мұның Нұрсұлтан Назарбаев екенін де сезіп тұрғаныңызға күмәнім жоқ. Азиядан сәуле шашқан жарықтар, оларды өзінің жылуымен жарастырып, бір тарапқа бағыттап тұрған көгілдір НҰР – бәрі бір мақсатты көздесе, әлемдегі түсінбеушіліктің бәрі тоқталар еді!
Назарбаевтың этностық эгоизмге жеңдірмей, ырыс пен ынтымақта өмір сүру, тыныштық орнату, жер, су, ауа және аспанымызды антропогендік апаттардан қорғап қалу, адамдардың адамша өмір сүру мәселелерін ғаламдық масштабта шешу жөніндегі бастамалары іске асса, планетамыздың үстіндегі үйіріліп тұрған сұр бұлттың көбесі сөгілер еді.
Ел діліндегі Нұреке...
Кейінгі кездері «ауызекі тарих» деген, этносоциологияға жақын тұрған ғылым тармағының арыны қатты жүріп жатыр. Міне, осы ғылым бағытының ыңғайына салып, қырғыз қоғамының ес-ақылында, елестетуінде Нұрекең туралы нелер бар, бір сәт зер салып көрейік.
Менің елден естіп, жинаған ауызекі мәліметтеріме сүйенсек, Нұрекеңнің қырғыз елінің ой-санасында өзгеше образының сомдалғаны талас тудырмайды. Мысалы, бірде жұмыс бабымен Созақ ауданының Чаңгет деген ауданына барып қалдым. Көп әңгіме естідім, ауыл адамдарының қара тырнағынан шашының ұштарына дейін саясаттанып кеткенінің куәсі болдым. Қандай өкінішті! Ақыры түркі елдерінің арасындағы ыдырап бара жатқан туысқандық байланыс, түркі өлкелері және олардың келешегі, басшылары туралы да қызықты пікірлер – ел көзімен қарағанда ғана көрінетін ғажайып нәрселер айтылып жатты. Ең соңында сөз «әзір осы Назарбаевтан мықтысы жоқ» деген ұйғарымға тоқталды. Сонда бір ақсақал: «Назарбаев өзі бізден, керкі тамғалы болады. Онымен жақын туысқан, араласып жүрген кісілер бар деп естігенмін» демесі бар ма. Оның сөзін ауыл өкіметінің басшысы Қадырбек аке де қоштағандай сыңай көрсетті. Мен мәселенің аужайын түсініп тұрдым – баяғы жақсыны жат көрмеген қарт қырғыздың мінәйі менталитеті!
Ол жерде көп адам осыған сенеді, осы сеніммен ғұмыр кешіп, Назарбаев бізден шыққан деп мақтанып, ұлды, немерелі болса, атын Нұрсұлтан деп қояды екен. Бұның өзі елге жаққан жақсының есімін мыңдаған адамдар алып жүреді, оның өміршең естеліктері түзіліп жатыр деген сөз. Оның образы ел аңсаған идеалға айналды деген сөз. Тағы бір осындай оқиғаға Кеминде де кез болдым. Мен сөйлескен кеминдіктердің көбі жоғарыдағы чаңгеттіктердей Назарбаевты кеминдік деп есептейді екен. Бірінен бірі естіген мәліметтерді алға тартып, айтылған байламды шынайы ниеттерімен дәлелдеп жатысты. Бұл жерде де мәселе біреу, демек Назарбаев олардың да өз адамы, жақыны, туысқаны, жерлесі – идеалы екен. Бұл екі оқиғаның шыққан тамыры да бір демекпіз – жақсының жат деп есептелмейтіні, қазақ пен қырғыздың кіндігі бір егіз ел деп саналатыны.
Жақында Бішкекте бір шежіреші қырғыз жігіт Нұрекеңнің руы қаңды болады деп, маған қалың мәліметтерімен «дәлелдеп» берді. Мен де сабырмен тыңдап, оның айтқандарына сенгендей түр көрсеттім, оның сенімін сыйладым. Сөйткенім дұрыс болыпты. Себебі оның айтып жатқандары ол үшін – сенім, мен үшін – этнологиялық мәлімет. Ол жігіт те – Нұрекеңді өзім деп есептеген, жақсыны бауыр санаған қырғыздың бір өкілі. Бұдан кейін Нұрекеңді жұмғалдықтар саяқ десе, ыстықкөлдіктер бұғы десе, еш таңғалмаймын.
Әрбір қырғыз ауылынан Нұрсұлтан атын иеленіп жүрген, есімі «Нұрсұлтан Назарбаев сияқты адам болсын, көшбасшы болсын» деген ниетпен қойылған, сезімінің түкпірінде ғұмырының идеалы Нұрекең болып қалған қырғыз балалары ондап шығады. Қырғызстанда мыңдаған жігіттің аты – Нұрсұлтан. Демек осыншама шаңырақтың және оның мүшелерінің идеалы Нұрсұлтан Назарбаев – қазіргінің Қорқыт атасы деген сөз.
Менің өз қарындасым Сонайым да ұлының атын Нұрсұлтан деп қойған екен. «Нұрсұлтан Назарбаевтай болсын деген тілекпен қойдық» деп мерейленді. Не дер екен деп сынап: «Жиенімнің есімі қазақша болып кетіпті ғой...» дедім. Туысқандарымыздың біреуі бір қапталдан: «Қазақ болса мейлі де... Нұрсұлтан Назарбаев бір ғана қазақтікі емес, бәріміздікі. Қазақша екен дейсіз, аке. Ұлыңызды Ержан деп атадыңыз, қазақша ат қою жағынан сіз алдасыз» деп отырғандарды күлкіге қарық қылды. Мен сөзге жығылдым. Негізі қырғызда Ержан деген ат өте сирек кездеседі, ұшыраспайды десе де болады. Ұлым туғанда: «Айналайын Ержаным, Қырғыз бенен қазаққа, Жігіт болып бер, жаным!..» деп, құлағына азан айтып, қазақ атын қойған жайым бар еді...
Нұрекең сонау Кеңес Одағы қирай бастаған уақыттағы сөйлеген сөздерімен, істеген істерімен, Еуразия одағын құрудың қажеттілігі жөніндегі идеялары, қорғаныс, экология мәселелерін бірге шешу туралы ұсыныстарымен, прогрессивті ойларымен елдің ой-санасына шынайы лидер ретінде орнығып қалған екен. Сондықтан да болар, Қырғызстанның басына күн туғанда өлкенің проблемаларын Нұрекеңнің беделін пайдалану арқылы шешкісі келген қырғыздар да болмай қойған жоқ. Асқар Ақаев қанша қаласа да, «Коррупция доползла до седьмого этажа Белого дома» деп айқай салса да, коррупцияны ауыздықтай алмай, үйішілік басқарудың салдарынан мәңгіріп, қате үстіне қате жіберіп жатқанда бір қырғыз: «Назарбаевқа барып айтсақ қайтеді...» деп үміттенсе, енді бір қырғыз: «Назарбаев та көріп тұрып, біліп тұрып «қой-әй» деп қойса болар еді...» деп ренжіген сәттер де болған. Бұл сенім, бұл реніш, шындап келгенде, қайран қырғыздың Назарбаевты өзім деп білгендігінің, оған өз тағдырын аманат қылуға даяр екендігінің саясатсыз, нағыз елдік белгілері емес пе!
Туысқандық сезім өшпейді...
Жоғарыда айтылғандай, түркі елдері жақсы адамдардың барлығын туғаны және досы санайды. Танымаған адамына да сәлем беріп, керек кезде оған: бауыр, туысқан, қардеш, гардаш, бурадар, аға, әке, үка, таға, нағашы, әже, қарындас, сіңлім, т.б. туысқаншылық сезімді білдіретін сөздермен қайырылады. Мұндай дәстүр әлемдегі көп елдерге жат және оларға түсініксіз. Әрбір үлкен-кіші адамнан бауырлық көре білген түркі адамы болып ғұмыр кешу қандай мәртебе!
Туысқаншылыққа келгенде қырғыз бен қазақтың жөн-жосығы тіпті бөлек. Мұны Нұрекеңнің өзі де Қазақстанда тұрып та, Қырғызстанға жасаған сапарлары барысында да сан мәрте қайталаған. Бұдан бірнеше жыл бұрын Нұрекеңнің: «Мен қырғыздарды өзіме соншалықты жақын көремін. Менен кейін Қазақстанның басына қырғыздарды мендей жақсы білген, менше түсінген кісі келе ме, келмей ме... Туысқандығымызды нығайтайық, жасауға тиіс істер болса, қазір жасайық...» деген мағынадағы сөздері әр қырғыздың есінде. Нұрекең бұл сөздерді саясаткер ретінде емес, шынайы қазақ ретінде, бауыр ретінде, шын ниетімен, ділімен айтқан. Жарығын ғана емес, жылуын қоса шашады дегеннің өзі, білгенге, міне, осы емес пе! Қырғыздың тұрған жерден:
Тилиңдей болгон тилим бар,
Дилиңдей болгон дилим бар,
Карангүн башка түшсө эгер,
Кайрылып келип кол берер
Казактан башка кимим бар?
Карап койсом кардым ток,
Көрүп койсом көөнүм ток,
Карангүн башка түшсө эгер,
Кайрылып келип кол берер
Казактан башка тууган жок,
– деп «ырдап» қоя беретіні де осыдан болса керек. Әлемде не боларын, планетамыз қай күні қандай мінез көрсетерін ешкім болжап біле алмайды. Не болса да өзгермейтін, өзгерсе де өшіп жоқ болмайтын бір нәрсе бар, ол – қырғыз бен қазақтың бір туғандығы, жақындығы, бірлігі. Нұрекең сияқты тұлғамыз тұрғанда бұл жақындық бекемделеді, тереңдейді және басқа қандастарымызға да жұғысты болады.
Нұреке – қырғыз үшін әрдайым қадірлі тұлға, өз кісісі, арқа-тірек, ақылгөй. Түркі дүниесін алар болсақ, ол – бәрімізді бірлікке шақырған, еш көнермес ақылын ешкімнен тартынбай айтып тұрған, жүрген-тұрғаны, кескін-келбеті, күңіренген қобызымен ақылдылықтың символына айналған Қорқыт ата, өзге елдердің басшыларынан ерекшеленіп тұратын, түркі бірлігі жөніндегі ойын ашық айтқан, туысқан елдерді ынтымаққа шақырған, көзі тірісінде аңызға айналған шынайы көшбасшы!
Сүлейман ҚАЙЫПОВ,
профессор, тарих ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, Қырғыз Республикасы
Ғылым және техника жөніндегі мемлекеттік сыйлығының, Сократ атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Еуропа Ректорлар клубының мүшесі