Алайда қазіргідегідей демографиялық үрдіс кезінде баспанасыз адамдар шоғырын азайту мүмкін емес екені тағы анық. Яғни, адам саны мен тұрғын үйге деген мұқтаждық үнемі өсу үстінде болатын үрдіс екен. Бұл жалпы әлемдегі пропорция. Әзірге азаматтарын толыққанды жекеменшік пәтермен қамтыған ел жоқ. Қазақстан да әлем елдері сияқты тұрғындарының жайлы өмір сүріп, жарық та жылы, әрі жеке үйде тұруы үшін жағдай жасап отырған мемлекет. Жыл сайын елімізде баспанасыздар легін азайту үшін миллиондаған шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға беріледі. Баспанаға қол жеткізудің түрлі бағдарламалары жасалады. Бір дерек, Орталық Азия бойынша тиімді ипотекалық несие саясаты жолға қойған елдер тізіміндегі көшбасшы ретінде Қазақстанды айтады. Бірақ мұның барлығы біздегі баспана мәселесін шешіп тастауға мүмкіндік берер емес. Әсіресе қоғамның әлсіз қорғалған тобы үшін жеке баспаналы болу арманға айналған. Мұны урбанизацияға ұшыраған қоғамның негізгі бас ауруы десе де болады. Бірақ мемлекет әлеумет үшін үнемі бетбұрыс жасауға бел буып отырғанын да ескеруіміз керек. Сондай әділетті шараның бірі – Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясындағы «7-20-25» бағдарламасы. Ендігі бағдарлама бойынша баспаналы болудың жай-жапсарына жұрт қанық, сондықтан бағдарламаның өзі жайлы емес, оның жүзеге асырылуына қатысты ізденеміз.
Оның үстіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтар, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттырады» деген болатын. Егер Жолдау жүктеген міндет нақты нәтиже беретін болса, бұқараның біраз бөлігі үшін баспана кілтін қолға алар күн алыс емес сияқты. Алайда бұл жерде бір негізгі мәселені ескеру керек. Мемлекет тұрғын үйді тегін бермейді. Жалпы, қазіргі әлемдегі экономикалық басымдық алған даму моделінде әлеумет үшін «тегін тоқаш» ұғымы ұмытылған. Яғни, тұрғын үй қолжетімділігі әр адамның табыс мөлшеріне қарай шешілетін мәселеге айналды. Бұл тіпті гуманизм талабына қайшы келмейтін үдеріс...
Тағы қайталап айтайық, Мемлекет басшысы ұсынған «7-20-25» бағдарламасы аз қамтылған, яғни табыс мөлшері есептеулі әлеуметтік қоғамға арналған жоба. Демек, қолжетімді баспана салу үшін мемлекет тіпті шығынға батуға дайын екендігін және бұл үрдістің құрылыс нарығы үшін емес, адамдардың игілігіне арналғанын да түсінуіміз керек. Рас, арнайы бағдарлама бойынша үй алуға үмітті болсаңыз, екінші деңгейлі банктер ұсынатын шарттарды көріп төбе шашыңыз тік тұруы мүмкін. Тіпті бастапқы төлем мен жылдық үстеме пайызы азайтылып, бөліп төлеу жылдары ұзартылған бағдарлама үшін де аз ақша төлемейтініңіз белгілі. Бірақ баспана мұқтаждығын бәрібір шешуіңіз керек. Дәл осы жерде мемлекет адамдардың ыңғайына жығылып, диалогқа келді деуге болады. «Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын...» деген Елбасының сөзін есіңізге түйіп алыңыз. Біз нақты мысалдармен жергілікті жердегі жағдайды түсіндіріп беруге тырысалық.
Мәселен, Алматы облысындағы тұрғын үй нарығындағы қазіргі ахуал бойынша 42 мың адам пәтер кезегінде тұр. Бұл биыл ғана құрылыс-монтаж жұмыстары 1,3 пайызға ұлғайып, 454 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген өңірдегі жағдай. Демек, Жетісуда жақын жылдары баспанасыз адам саны көбеймесе, азаймайтыны анық. Оның үстіне тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында басталған «7-20-25» бағдарламасының аймақтағы аяқ алысы ауыз толтырып айтарлықтай емес. Бағдарлама жүзеге аса бастағалы жарты жылдан астам мерзім өтсе де, тұрғындардан түскен өтінішті қанағаттандыру мардымсыз. Яғни, екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы құны 849 млн теңгені құрайтын баспана үшін 73 өтінім қабылданып, оның ішінен 53 өтінім ғана тиісті талапқа сай болған. Ал нақты берілген пәтер саны төртеу ғана екен...
Сонда не істеу керек? Жоғарыда мемлекет «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын өңірлерде ілгерілетуге қатысты нақты шаралар қабылдағанын айттық. Осы мақсатта Алматы облысының әкімдігі бағдарлама бойынша ипотекалық қарыз алушылар шығынының бір бөлігін өзіне ала отырып, облыстағы бюджеттік қызметкерлер үшін алғашқы жарнаның жартысын субсидиялап, өсімсіз несие беру жайын қарастыруда. Бұл жөнінде жақында өңір басшысы Амандық Баталов пен «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков бірлескен меморандумға қол қойды.
– Тұрғын үй кезегінде тұрғандар санының көптігіне қарамастан «7-20-25» бағдарламасы біздің өңірде белсенді жүргізіліп жатқан жоқ. Ел бойынша бағдарламаға қатысушылардың Алматы облысындағы үлесі небәрі 2 пайызды құрады. Аудан, қала әкімдерінің бұл бағыттағы жұмысы нашар, халық арасында түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру ісіне жаппай жедел кірісуіміз керек. Сондықтан облыстағы бюджеттік салада жұмыс істейтін азаматтарымызға, соның ішінде мұғалімдерге, дәрігерлерге қолдау ретінде алғашқы жарнаны субсидиялау туралы шешім қабылдадық, яғни 20 пайыздың 10 пайызын төлеуді біз өзімізге аламыз. Ол үшін тұрғын үй сертификаты түрінде қайтарымды негізде ұзақ мерзімге пайызсыз несие беріледі. Бұл іске біз 2 млрд теңге қаржы бағыттаймыз. Шамамен 500 мың шаршы метр болатын қолжетімді тұрғын үй салынады, – дейді «7-20-25» бағдарламасының аймақтағы жүзеге асуына орай түсінік берген облыс әкімі Амандық Баталов.
Жалпы, «7-20-25» бағдарламасы бойынша өңірде жылдың соңына дейін 589 пәтерлі 17 үйді іске қосу көзделіп отыр. Оның ішінде Қарасай ауданында 3 үй салу жоспарланған болса, қазір оның біреуі пайдалануға берілген. Ал Талғар ауданында жоспарланған 9 көппәтерлі үй, Талдықорған қаласындағы 3 көппәтерлі үй және Қапшағай қаласында 2 үй қолданысқа қосылды. Облыста 706,6 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған болса, оның 76,9 мың шаршы метрі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша іске қосылмақ. Бұл мақсатқа қазынадан 12,6 млрд теңге бөлінген.
Сөз жүйесіне орай тағы да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты дәстүрлі Жолдауына жүгінеміз. «Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді» деген болатын Елбасы Жолдауда. Демек, мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар еліміздегі баспанаға мұқтаж жандардың санын азайтуға нақты көңіл бөлініп отырғандығын көрсетеді. Бұл, әуелгіде айтқанымыздай, баспанамен толықтай қамту үшін бізге әлі де 50-60 жылдай уақыт керектігі туралы қасаң көзқарасты өзгертетін қарекет. Осы қарекет берекетті болғай!
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы