Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова төрағалық еткен жиынға Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жетекшілері, белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.
Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова аталған салада белгілі бір реттілік қалыптасқанын айта келе, азаматтардың мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін қалыптастыру бағытында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде ілгерілету, патриоттық тәрбиенің рөлін, әсіресе жастар арасында одан әрі жалғастыру қажет екенін жеткізді.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы Жолдауында: «Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін, олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуі тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды», деп атап өткен болатын. Ол – Қазақстан азаматтарының ел мен жерге, Отанға деген құрметінің артуы, Тәуелсіздігіміздің нығаюына ықпал етуі», деді Мемлекеттік хатшы.
Отырыста Жоғарғы соттың Жамбыл, Алматы және Павлодар облыстары әкімдіктерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі есептері тыңдалды. Сондай-ақ Жоғарғы соттың Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов еліміздің заңдарында мемлекеттік рәміздерді заңсыз пайдаланғаны, қорлағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін, осы бағытта сот практикасын халыққа дұрыс түсіндіру мәселесін Жоғарғы сот назарда ұстап отырғанын айтып өтті.
«Естеріңізде болса, былтыр мемлекеттік туды пәтеріне заңсыз ілді деген желеумен Қызылорда облысының тұрғыны жауапқа тартылған болатын. Сөйтіп оған 450 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Әрине бұл іс ел ішінде резонанс тудырды. Жоғарғы сот істі қарай келе, аталған азаматтың әрекетінен заң бұзушылық таппады. Себебі мемлекеттік туды үйге іліп қою деген тәртіп әлі күнге дейін регламенттелмеген», деді Нұрсерік Шәріпов. Оның айтуынша, Жоғарғы сот аталған жағдайды ескере отырып, мемлекеттік рәміздерді қолдану бойынша арнайы қағида қажет екенін ұсынып, Үкіметке хат жолдаған.
Жиын соңында 2019 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдар басшыларына мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»