Медицина • 13 Қараша, 2018

Тойшыл халық ойшыл бола алмайды

403 реткөрсетілді

Той туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Соны ойлағанда ол жөнінде сөз қозғаудың өзі артық сияқты көрінеді. Бірақ олай дейін десең ас та төк тойдың босқа мал шашу, ысырапшылдық екенін түсініп жатқандар аз. Сондықтан болар Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі осы бір ақылға сыймайтын өрескел қылыққа өз пікірін айтты. 

«Афымен келген үфі­мен кетеді» деген сөз бар хал­қымызда. Шектен тыс ысырап­шылдықпен өткізіліп жатқан тойлар туралы есті­генде сол ақша адал еңбекпен табылды ма екен деген де күмәнді ойға берілесің. Өйт­кені табан ақы, маңдай термен жанын қинап тапқан ақшаның қадірі де зор болады, демек ондай ақшаны иесі босқа шашуға да тиіс емес.

Тойға халқымыз қашан­да жақын туыс-туғандар мен тілектес адамдарды ша­қыр­ған. Себебі олар­дың той үстінде айтқан тілек­тері ниеттестіктен, шын жү­рек­тен шыққан сөз болуы керек. Сонда ғана ол тілек­тердің қабыл боларынан үміт күте аласың. Ал енді 500-ден 1 мыңға дейін қонақ шақырылатын тойлар­да келген кісілердің бұл ші­рі­ген бай ғой, аяймыз ба, той­ғанша ішіп-жейік деген сияқты масылдық, кейде тіпті дұшпандық пиғылда да болуы әбден мүмкін. Өйткені тойға шақырылған мың адамның бәрі тілеуіңді тілейтін жандар деп ойлаудың өзі артық. Адамда нағыз достардың санаулы ғана болатыны сияқ­ты, ниеттес, тілектес адам­дар да онша көп бола қой­май­ды. Олай болса, тойға кел­гендердің жартысынан астамы әшейін мол астан ішіп-жеп, мастықтан майрақай-тайрақай болуға, тіпті сынап кетуге келгендер деп ойлауға толық негіз бар. Осы жерде бір ескеретін жайт, адамдар той иесін дастарқаны жұтаңдау болған кезде ғана сына­майды, керісінше, тағам­ның көптігінен үстел майысып тұрған кезде сынайды. Он­дайда біреулер «жарыл қазақ, жарыл, әкең байғұс өмір бойы жарымай өтіп еді, әб­ден тойынған екенсің» деп кекетсе, енді біреулер «осы­ның бәрін еңбекақысына сатып алып отыр дейсің бе, ұрлық ақша ғой» деп сынайды. Ендеше, тойыңа келіп алып өзіңді сырттай келемеж қылатын адамдарды қо­нақ етудің мәнісі қалай? Міне, той­ларына шамадан тыс қонақ шақыратын даңғой­лардың та­батын «бір пайдасы» осы, бәл­кім ойланатын тұсы да осы...  

Той туралы сөз қозғай отырып, қазақтың тойлары­ның қалай өтетіні тура­лы да аз-кем айта кеткен жөн. Ең бірінші ерекшелік – той иесі меймандарды айталық, сағат 17-ге деп шақырса, той ерте дегенде 18.30-19.00-де, яғни бір жарым, екі сағатқа кешігіп басталады. Бұл бір жағынан біздің қандай да бір шараны ұйымдастыруға деген қырсыздығымызды, бей-берекеттігімізді біл­дір­се, екінші жағынан іс жүзін­де қонақты сыйлай білмей­тінімізді көрсетеді. Бірінші жағдайды оңай түсінуге де, түсіндіруге де болады. Біз­дің ағайындар ғасырлар бойы сағатқа қарап жұмыс іс­теп көрген халық емес. Күн арқан бойы көтерілгенде ғана ұйқысынан оянып, кеш қа­рай­ғанда төсекке жатып үй­рен­ген жұртқа дәл айтқан уақы­тта ойлаған істі бастап кету өте қиын. Бірі табылса бірі табылмай, қазақтың қол­ға алған шаруасының әр­қашан қиюы қашып жататы­ны содан. Ал екінші жағдай түсі­ніксіздеу. Біз өзімізді қонақ­жай, үйге келген мейманын сыйлай білетін халықтардың қатарына жатқызамыз. Олай болса, шақырған уақыттан кешікпей келген қонақтарды босқа сарылтып, сағаттап тос­тырып қоюымызды қа­лай дәлелдеуге болады? Тү­сі­­не білген адамға ондай тойлардың басталмай жа­тып-ақ берекесі кетеді. Халық күте-күте жалығады, кейбір үлкен кісілер тіпті той басталмай-ақ шаршай бастайды. Осылай кешігіп басталған той тым ұзап кетпей аяқтала қойса жақсы ғой. Ондай тәртіп бізге қайдан келіпті. Ырду-дырду мен азан-қазанға ұласқан той түннің бір уағына дейін созылады. Спиртті ішімдік ішіп алғандарға бәрі тамаша – олар уақыттың қалай өтіп жатқанын сезбей де қалады. Мұндай сәтте саламатты өмір салтын ұстанатындарға ауыр­лау. Ондайлар әбден қал­жырайды, кетейін десе той иесі ренжиді. Амалсыздан отырады. Шындықты мо­йындауымыз керек, біз уа­қыт­тың қадірін бағалай біл­мейтіндердің санатына жатамыз. Тойшыл халық ойшыл бола алмайды.

Ал енді тойларымыз не­ліктен сағыздай созыла береді деген мәселеге назар аударып көрейік. Ең біріншіден, тойды созатын – асабалар. Бүгінде ақша табудың оңай жолы болғандықтан аса­балар көбейді. Тойды тегін жүр­­гізетін заманда аса­ба табу­дан қиын пробле­ма жоқ еді. Ол асабалардың бәрі білімді, мәдениетті, өз ісін бі­ле­тін адамдар болса жақ­сы ғой. Өкінішке қарай, олай емес. Қазіргі аса­­ба болып жүргендердің ба­сым бөлігі оқуды оқып жа­рыт­­паған (дипломы бола тұрса да), дүниетанымы тар, бар болғаны күнкөрістің қамы үшін тілі мен жағына сүйен­ген пысықайлар. Олардың талан­дарына қарай той ие­лерінің де деңгейлері өз­дері­нікінен асып бара жатқан жоқ. Сондықтан да біреулер «о, бұл керемет асаба» десе болды, байшікештер жеңіл жолмен келген ақшадан 5 мың, 10 мың долларды суырып бере салады. Осындай тегін ақша бүйірін қыздырып, «талантын ашқан» асаба­­лар сөздің тиегін ағытады-ай ке­ліп. Енді қалай, алмақтың да салмағы бар, өтеу керек қой түскен табысты. Тойдың алғашқы жарты сағатында болмаса, одан кейін асабаларды тыңдап отырған бір жан болмайды. Оған қарап жатқан асаба да жоқ. Лепіріп, аузы көпіріп сөйлей береді. «Ал қол соғып құрмет көрсетейік» деген кезде ғана жұрт селт етіп бір қол соғып қояды да, қасындағы көршісімен шеті-шегі жоқ қысыр әңгімені одан әрі жалғастыра түседі. Асабалардың тым көп мыл­жыңд­айтыны сондай, көбіне тойға келгендердің біразына тілек айту үшін уақыт жетпей жатады. Ондайда асаба тағы бір қулық ойлап табады. Сөз сөйлеуге шыққан 15-20 адамның ішінен үшеуі сөйлесін де, қалғандары соған қосылсын дейді. Әділі керек, асабалардың бүкіл той бойына тындыратын жалғыз «дұрыс шаруасы» да осы, яғни сөйлеушілер санын қыс­қарту. Егер қонақтармен бірге өздері де неғұрлым қысқарақ сөйлейтін болса, тойлары­мыз қазіргідей даңғаза, дал­баса емес, әлдеқайда тартым­дырақ, мағыналырақ бола түсер ме еді, кім біледі. Әйт­песе, сөйлегеннің жөні осы деп жақ жаппастан жетім қозыдай зарлай беру асабаға да, ең бастысы тойға да абырой әпермек емес. Осыны түсіне алмай жүргеніміз өкі­нішті. Жалпы, асабаның міндеті дамылсыз сөйлей беру емес, ненің не, кімнің кім еке­нін айтып, адамдарға сөз кезегін беру. 

Біздің тойларымыздың берек­есін кетіретін тағы бір құбылыс – дарылдаған музыка. Азан-қазан, у-шу музы­ка­ның үні залға кірген бетте-ақ құлағыңды тұндырады. Тойға емес, бейне бір дискотекаға келгендей сезінесің өзіңді. Ды­бы­сының күштілігі сон­дай, қасыңда отырған адам­ның өзімен айқайлап сөй­лесуге тура келеді. Бұлай бола­­тын себебі, кешті ұйым­дас­тырушылар той болған жерде музыка болуы керек деп түсінеді. Тойды түр­лен­діріп, қызықтырақ ету үшін ең мықты деген асабаң да ешқандай жаңалық аша алмайды. Сол баяғы бос сөз, сай­қымазақ, қылжақбас, сол бір барылдаған музыка той­дың басынан аяғына де­­йін созы­лады. Арасында би­ле­тіп, ойын ойнатып қоя­тыны ғана бар. Бүкіл той­дың бағ­дарламасы осы. Сон­дық­тан да бірі бірінен еш айыр­машылығы жоқ қазіргі тойлардың көбі сұрықсыз. Мен білетін адамдардың дені әңгі­мелескен кезде тойға бар­ғымыз келмейді, амал жоқ, ұялғаннан барамыз деген пікірлер айтады. 

Ата салтымызды, ұлттық дәстүрлерімізді қайта жаңғыр­тайық деп даурығады кейбір «білгіштер». Дарылдаған музыкаға елтіп батыстың биін билеу, қолыңа рюмке ұстап тұрып тост айту, қасиетті той қуанышын қылжақбастыққа айналдыру қай атамыздан қалып еді? 

Қазіргі таңда осындай даңғаза тойлар біздің аға­йындар үшін ақша шашу­дың көрінісі ғана емес, сонымен бірге тіршілік үшін алаңдамаудың, не өзіңнің, не бала-шағаңның болашағын ойламаудың да көрінісі болып тұр. Өйткені тойда жүрген адам есірік адам, онда ес болмайды. Екі езуі екі құлағында, бір тойды аяқтай беріп келесі тойға дайындалып жатады. Жеке басының қамын ойлай алмайтын, өмірде не болып жатқанынан мүлде хабарсыз бұл сияқтылардың ұлтына тигізер септігі де шамалы. 

Әлемде бізден жүздеген, мыңдаған есе бай тұратын халықтар бар. Олардың еш­қайсысы біз сияқты шашылып той өткізбейді. Біріншіден, әр қадамын ойлап жасайтын ұлттар ондай шашылуға деген қажеттілік бар деп есеп­те­мейді. Екіншіден, адал ең­бек­пен келген ақшаны босқа рәсуа ету олар үшін оғаш қылық саналады. Олар ақшаны жартылай ішіліп, жар­ты­лай қалып қоятын тамақ­қа емес, үйлену тойына киетін киімге, одан соң «үй­лену тойынан кейінгі саяхат» деп аталатын сапарларға жұм­сайды. Сөйтіп ел көреді, жер көреді, сол арқылы тойларын есте қалдыру жағын ойлас­тырады. Ондай тойлардың өнегелілігі де сонда – айта жү­ретін естелік қалады. Ал біздің тойлардан соң ішіп-жегеніңнен басқа не айтасың?

Жалпы, той деген адам­ның игі қуанышы және сон­дай қуанышты күнге жеткіз­гені үшін әлгі адамның Алла тағалаға деген риза­шы­лы­ғы, басқа сөзбен айт­қан­да, Құдай жолында беріл­ген ас. Ал Жаратқан иеміз­ге ба­ғыш­­талған ас мақтан­шы­лыққа, бәсекелестікке, даң­ға­­за­лыққа апармауы тиіс. Әдет­те қуаныш иесі той дас­тар­­қанын жая отырып осы көр­ген қуанышымызды баян­ды етіп, ұзағынан сүйіндіре гөр деп Алладан тілеу тілей­ді. Ал асылықпен, ойсыз өт­кі­зіл­ген тойды Жаратқан ие­­міз­дің құп көруі екіталай. Олай болса той иесінің ті­лек­терінің қабыл болары да күмәнді. Астамшылық пен мастаншылыққа салынып жүрген ағайындарымыздың мәселенің осы жағын түсі­н­гендері жөн болар еді...

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Абай дүкені – Бельгияда

Руханият • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Риза Исаева

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Дәурен Дариябек

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Назерке Саниязова

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Ақылбек Шаяхмет

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Еркеғали Бейсенов

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Көгедай Шәмерхан

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Жасұлан Серік

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Ақжол Қалшабек

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Нұрбек Нұржанұлы

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Күлкі керуені № 7

Руханият • Кеше

Жақсы дәстүр жалғасады

Руханият • Кеше

Игілікті еңбек иесі

Қоғам • Кеше

Кедергісіз келешек

Қоғам • Кеше

Ұқсас жаңалықтар