Медицина • 13 Қараша, 2018

Жылы сөз жанды да, тәнді де емдейді

785 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Емдеу мекемесінің алдында тұрсаңыз, риза кейіпте шыққан жандарға сирек жолығасыз. Көбіне-көп жанындағы серігіне көңілін қобалжытқан нәрсемен бөлісіп, бірін-бірі жұбатып бара жатқандары. Бұл ретте жеке клиникалардың бәсі жоғары. Әр пациенттің табыс көзі екенін білгендіктен болар, жеке емханалар әжептәуір жылы қабақпен қарсы алады. «Қонақ келсе тамағыңды берместен бұрын қабағыңды бер» дейтін, бір атым насыбайға бола өкпелеп қалатын қазақ үшін, оның үстіне ауру қинаған жанға соның өзі демеу, жылы сөйлегенге шынымен жеңілдеп қалады. 

Жылы сөз жанды да, тәнді де емдейді

Қаладағы емхананың бірі­нен шығып, салыңқы қабақ­пен өзара әңгімелесіп келе жат­­қан екі әйелді әңгімеге тарт­тым. Әуе­лі «бәрі жақсы, жақсы ғой» деп­ қашқақтаған әйелге:

– Сіз­дің­ қандай көңіл күйде шық­қаныңызды көріп тұрмын, ал үйге барып асүйде отырып ренжігеніңізден не өзгереді? Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Сіз тегін қаралып жүрген жоқсыз, кепілді медициналық тегін қызметтің затында өзіміз төлеген салық жатыр. Яғни тегін дегенмен оның ақысы сіз бен біз төлеген салықтан бюджетке түскен. Ал айтпағаннан ұтарыңыз қайсы?» дегенбіз. «Қарағым, мен 57 мың теңге зейнетақы аламын. Осы емханада диспансерлік есепте тұрамын. Тегін дәрілер беріледі, бірақ ауыра беремін. Содан балаларым орталарынан қаражат сайлап жеке клиникаға қаратты. 327 мың теңгеге жекеге қаралғаныма болайын, жылы-жылы сөйлеп, әр маманға қаратып, 57 мың теңгеге дәрі жазып берді. Соларды алып ішпеймін бе. Жоқ, жағдайым жақсармады. Енді емханадағы дәрігерге келсем, сізде ақша көп пе? Неге бардыңыз, қайта бұрынғы нәтижеден айрылып, бүкіл еңбек зая кетіпті, артық қыламын деп тыртық қылғансыз деп ұрысты. Кімге сенуге болады? Балаларым аузынан жырып берген қыруар ақшам-ай», дейді.

Ал тек жеке клиникаға қа­­ралуды қалайтын бойжеткен алғашқыда қарапайым емханаға барып, тіркелу дә­рігерге кіру, флюрографияға өту сәтінде емдеу мекемесіндегі қыз­мет­керлердің пациенттермен сөй­лескенінен шошығанын айтты. «Әрине, жекелердің де бар­лығы бірдей емес. Өзім қаралатын клиниканы біраз талғап, көпшіліктің пікіріне қарап таңдадым. Ұнайтыны, дә­рі­гер сізден ештеңе жасырмай­ әңгімелеседі. Ең бірінші қа­был­дауға ғана ақы төлейсіз. Ал ем алған уақытта дәрігерге қанша кірсеңіз де ақы алмайды. Барлық қызметкері сыпайы. 87 мың тең­генің ішіне бір жарым ай бойы емделу, аппараттарға түсу, физиоем мен барлық дәрі-дәрмек және дә­рігер мамандарға қаралу кірді. Сондықтан «Халық айтса қалт айтпайды» дегендей, таңдау жасарда бәрін ескеріп, көпшілік пікіріне ден қою қажет», деді ол. 

– Сіз денсаулық саласын жа­­зып жүрсеңіз, Астанадағы Те­мір­жол ауруханасына барып көріңізші. Жуырда әріптесім жұмыста есінен танып құлап, жедел жәрдеммен сонда алып барған еді, – деді көргендерін жаны қиналып отырып жет­кізген бір сұхбаттасушым. Оның айтуы бойынша, аталған аурухана Астанадағы емдеу орны деген атқа лайық емес, өткен ғасырдың 80-жылдарына қайта оралғандай сезімді өткересіз. «Қазір елордада бәрі жаңарған, ал теміржолшылар ауруханасы сол заманда қа­лып қойыпты. Қабылдау бө­лімінде Жедел жәрдеммен алып­ барған құрбымды үстінде ең­ болмағанда төсеніші жоқ, атам­ заманғы темір кушеткаға жатқызды. Оның тісі тісіне тимей, сақылдап тоңған соң, үстімдегі костюмімді жауып, медбикелерден көрпе мен жастық сұрап ала алмадым. Басын тас­тай суық темірге қоймасын деп сүйеп тұрғаннан қолым талды. Сол жерде түрлі келеңсіз кө­рі­ністердің куәсі болдым. Бір зей­неткер үйінің жанындағы дәріханада система қойғызып жүреді. Бірде дәріге қарсы әсер болып, дәріханадағы қыз жедел жәрдем шақырады. Бригада дәрігерлері ақсақалды Теміржол ауруханасына алып келген екен. Қарияның аяқ киімі дәріханада қалып қойса керек. Ал қабылдау бөлмесіндегі қыз: «Үйіңізге ба­рыңыз, бұл жер сізге мейманха­на емес» деп зірк-зірк етіп ұрса­ды. Әлгі ақсақал: «Қарағым, жа­­лаң­­аяқ қайда барамын, балала­рым жұмыста, жалғыз жүре алмаймын», деп мөлтең-мөлтең етеді. Қазір Астанада халық көп. Қабылдау бөлмесінің жанынан келген науқастарды қарайтын 3-4 кушеткасы бар бір орын сайлауға болмас па? Дәрігер жанына сая бола ма деп келген адам құ­лап қалса да жантая қоятын орын жоқ. Осы ауруханадағы дө­рекі қызметкерлерден түңіліп шықтым. Бәлкім бір қарын майды бір құмалақ шірітетін болар. Бірақ Денсаулық сақтау ве­домстволарының бұл мәселеге назары ауады деп ойлаймын. 

Астанада қай емханаға бар­саңыз да, маманданған дәрігерге кіре алмай кезек күткен көп кі­сіні көреріңіз анық. Учаскелік терапевтен жолдама алып, тір­кеу бөлімінен маманданған дәрігердің қабылдауына жазылу керек. Кейде қажетті маманды айлап күтуге тура келеді. Бі­рақ ақылы түрде қараламын де­сеңіз, қалаған маманға жедел кіруге болады. 1-2 ай бұрын жазылып, талонда көрсетілген уақытта келсеңіз, алдыңызды дәрігердің таныстары, медицина қызметкерімін деушілер орай береді. Жұмыстан белгілі бір уақытқа сұранып келсеңіз де екі көзіңіз төрт болып отыр­­­­ға­­ныңыз. Сағат 2-де келмек дәрі­гер әлі жоқ. Нарық би­лі­гі жүрген заманда уақыт са­нау­лы. Мені де жұмысымда кү­­­тіп отырған жан­дар бар. Олар да кіжінеді, олардың да уа­қыты кетіп жатыр. Ал бұ­ған ем­­ха­надағы дұрыс ұйым­дас­ты­рыл­­маған жұмыс кінәлі, дей­ді кезекті қаралушы. 

Қаладағы №10 емханаға қа­рас­ты жұртшылықтың флю­ро­графияға түсуі үшін Аста­наны әрлі-берлі кезгеніне бір­неше айдың жүзі болыпты. Ал­ғашында №3 емханаға барып тексерілуден өткен адамдар, енді екі арадағы келісімнің үзі­луіне байланысты жаңадан шарт жасасқан №8 емханада флюрографияға түсуге мәжбүр.

Қаладағы №6 емханаға қа­­ра­­латын тұрғындардың да ма­манданған дәрігерлерге қаралуы жоғарыдағы емханалар тәрізді. Жалпы, осы емдеу мекемесінің артқан жүгі молырақ көрінген. Себебі түске дейін де, түстен кейін де, тіпті кешке қалсаңыз да адам қарасы өте мол. Содан ба, ауа райы қанша қолайсыз бол­­­са да сыртқы есік таңғы сағат 8.00-ді соқпай ашылмайды. Жауын болсын, қар болсын, дір­дектеп астында тұрғаның. «Өткенде жап-жас келіншек есік­­ке ұмтылып, тап берген жұрт нөпірінде қысылып қалды. Ал біз тәрізді қартаң адамдарға жоғары қабатқа көтерілудің өзіне уақыт керек. Бұрын дәлізге кіргізіп, тоңдырмайтын еді. Қа­зір қалтырап сыртта тұрасың, оты­ратын орындық та жоқ», деді бір әже. 

Емдеу мекемелерінің ха­лық­қа көрсетер қызметі жайында мақала жазып жүргенімнен жұртшылықты әлеуметтік желі арқылы хабардар еткенмін. Көптеген адамдар хабарласып, ойымен бөлісті. Әлеуметтік же­­лі пайдаланушыларының бі­­рі­­нің айтуынша, бүгінде ми­нистрліктің барлық аурухана мен емханалардың сайттарында онлайн түрде сұрақтарға жауап беретін қызметтері бар. «Мен жалған айтты десеңіз, өзіңіз сол онлайндарға хабарласыңыз. «Сізге қазіргі уақытта жауап бе­руге мүмкіндік жоқ, бірақ сұ­рағыңызға жауап аласыз» деген сипатта, сірә автоматтан болар, жауап аласыз. Сонымен бітті, еш жауап берілмейді. Денсаулық сақтау министрлігінің сайты да жауап қатпайды. «Хатыңыз тіркелді, жауап аласыз» дейді. Дегенмен бекерге күтесіз, деген болатын. Шынында солай сияқты. Астанадағы бірқатар клиникалардың онлайнына жазып едік, тура жоғарыдағыдай жағдайға кезіктік? Бұл сонда жоғарыға есеп беруге ғана қажетті қызмет түрі ме?

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20