– «Қазіргі таңда облыста автокөлік құрастыру жұмысы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан көлік құрастыру 15,7%-ға дейін өсті. «СарыаркаАвтоПром» ЖШС алаңында биыл – 7772 автокөлік, 93 жүк көлігі, 76 автобус пен микроавтобус шығарылды. Ал «АгромашХолдинг» АҚ-та 225 комбайн өндірілді, бұл кәсіпорынның өнімділігі 2,1 есеге артып отыр, – деді А.Мұхамбетов.
Сондай-ақ өңір басшысы облыстағы агроөнеркәсіптік кешен саласына цифрлы технологиялар қалай енгізіліп жатқанына тоқталды. – Қосарлас жүргізу технологияларын енгізу жөніндегі техника паркі жаңғыртылды, жанар-жағармайды есепке алатын және техниканы орнынан ауыстыру есебін жүргізетін датчиктер орнатылды. Егін шығымдылығының, ылғалдылығының, дән бастырудың онлайн мониторингі жүйесі енгізіле отырып, егін жинау техникасы қайта жарақтандырылды. Жануарларды чиптеу және электронды эпизоотиялық карталарын жасау технологиялары енгізілуде, – деді ол.
Келесі жылдан бастап облыстағы бюджетке түсетін жүктеме азаймақ. Яғни, ол орташа есеппен таяудағы үш жылда жыл сайын шамамен 2 млрд теңгені құрайды деп күтілуде.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру аясында Қостанай облысының соңғы 9 айдағы жұмысын қорытындылаған аймақ басшысы жұмысшылардың еңбекақысы туралы сөз қозғады.
Оның айтуынша, 200-ден астам кәсіпорында 36 мың жұмыскердің жалақысы өсуде. Мысалы, 1 қарашадағы көрсеткіш бойынша 180 мекемеде 4500 адамның жалақысы көбейді. 1 желтоқсаннан 337 мекемеде 7600 адамның табысы едәуір өсетін болады. Қалған мекемелерде де 1 қаңтардан бастап еңбекақыны өсіру жоспарланған.
Айта кету керек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде биыл сомасы 4,2 млрд теңгенің 153 әлеуметтік жобасы іске асырылып жатыр.
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»