Өткен ширек ғасыр ішінде біздің экономикамыз өте күрделі кезеңдерді бастан өткерді. Қиындыққа толы күндер де, жетістік биігінен көрінген кезеңдер де аз болған жоқ. Бүгінде еліміз тұрақты қалыптасқан қаржы жүйесіне ие болып отыр. Осындай іргелі қаржы жүйесінің ірі салаларының бірі микроқаржы секторы болып саналады. Алғаш экономикалық өмір айдынына шыққан жиырма жыл ішінде еліміздің бұл қаржы саласы да соқтықпалы соқпақты жолдан өтті, банктердің көлеңкесінде болып келді. Қазір қазақстандық микроқаржы секторы елеулі жетістіктерге қол жеткізді, инвесторлардың және халықаралық серіктестіктерінің сеніміне ие болды, тұрғындарды шағын несиелермен қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік міндеттерді шешуге ықпал етті. Бүгінде еліміздің микроқаржы секторының (МҚС) өз заңы, кәсіби ассоциациясы бар.
Еліміздегі МҚС-ның ең ірі өкілі «KMF» микроқаржы ұйымы (МҚҰ) болып табылады. Біз еліміздегі МҚС-ның қалыптасу және даму перспективалары туралы «KMF» МҚҰ басқармасының төрағасы, Қазақстан Микроқаржы ұйымдары ассоциациясы директорлар кеңесінің төрағасы Шалқар Жүсіповті әңгімеге тарттық.
– Әңгімеміздің әлқиссасын Қазақстанда шағын несие беру саласын дамытудың алғышарттарынан бастасақ.
– Бүкіл ТМД мемлекеттерінде қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстанда да өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында микронесиелік компаниялар (МНК) ашыла бастады. Бұл кезеңде елімізде өзін өзі қамтамасыз ететін халық топтары қалыптасты. Жер-жерлерде өзінің кәсібін құрған адамдар үшін шағын несиелерге қажеттілік туды. Сөйтіп елімізде 1996 жылы шағын несие беретін алғашқы компания өмірге келді. Сол кезеңде Қазақстанда микронесиелік ұйымдардың қызметін реттейтін заң да, бұл ұйымдардың дәрежесін анықтайтын ережелер де жоқ еді. Осыған байланысты бұл ұйымдар қаржы секторында жұмыс істеу үшін әртүрлі бұралаң жолдарға барды. Бірқатар МҚҰ-лар Mercy Corps, GTZ, Winrock International сияқты көптеген шетелдік компаниялардың қамқорлығымен жұмыс істеді. Кейбір МҚҰ-лар ҚР банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізуге Ұлттық банктің лицензиясын алып, банктен тыс ұйымдар ретінде өмір сүрді. Біз де осы жолды таңдадық.
«KMF» компаниясы еліміздегі шағын несие нарығының құрдасы ретінде биыл өзінің құрылғанына жиырма жыл толуын атап өтіп отыр. Біздің компания тәуелсіз Қазақстанның микроқаржы саласының алғашқы соқпағын салған ұйымдардың бірі болып табылады. «KMF» компаниясы 1997 жылдың қараша айында Талдықорған қаласында алғаш рет өз жұмысын бастап, қаладағы жұмыссыз қалған, аз қамтылған тұрғындарға өздерінің кәсіптерін ашу үшін шағын несиелер беруді бастады. Біз 21 адамға тұңғыш рет 100 АҚШ доллары көлеміндегі шағын несие бердік. Еліміздің банктерінен мұндай мөлшерде несие алу мүмкін емес еді, ол кезде банктер негізінен орташа және ірі жобаларды несиелейтін. Алғаш бізден несие алған 21 адам өздерінің шағын істерін бастап, нарық айдынындағы алғашқы желкендерін желбіретті.
Бұл бастама жергілікті тұрғындар арасында кеңінен қолдау тапты. Біздің компанияның шағын несиелерін алуға деген сұраныс артты. Сөйтіп 2001 жылы Шымкентте, одан кейін Таразда, Түркістанда, Алматыда және Астанада өзіміздің филиалдарымызды аштық. Сұраныс артқан сайын біздің жұмысымыздың тиімділігі де көріне бастады. Уақыт өткен сайын біз еліміздің барлық облыс орталықтарында және көптеген аудандарында өзіміздің жемісті жұмысымызды жалғастырдық. Қазіргі күні біздің шағын несиеге сұраныс бар кез келген елді мекенде өзіміздің кеңсемізді ашатын жағдайымыз бар.
Бүгінде компаниямыз еліміздің қаржы секторындағы іргелі ұйымдардың бірі болып табылады. Республикамыздың аймақтарында біздің 115 кеңсеміз бар, олардың 90-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Қазіргі таңда біздің шағын несиелер арқылы 167 мыңнан астам кәсіпкерлер жеке кәсіптерін дамытуда, сонымен қоса 62 мың адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Әсіресе аграрлық саланы қаржыландыруға баса назар аударамыз, бұл 38 миллиард теңгеден асатын кредиттік портфельді құрайтын 81 мыңнан астам агро кәсіпкерлер.
Жиырма жылдың ішінде компаниямыз жалпы көлемі 611 миллиард теңгені құрайтын 1,9 миллион шағын несие берген екен.
2003 жылы Қазақстанда «Микрокредиттік ұйымдар туралы» заң қабылданды, бұл шағын несиелік ұйымдардың көптеп ашылуына жол ашты. Өкінішке қарай, реттеудің болмауынан, көптеген МҚҰ-лар мақсатына сай келмейтін қызмет түрлерімен айналысып, нәтижесінде МҚҰ атынан әртүрлі «қаржылық пирамидалар» пайда бола бастады.
– Қазақстандық шағын несие саласының ашықтығы және бұл салаға тартылған шетел инвестициясы туралы не айтасыз?
– Осы жиырма жылға созылған өзінің қалыптасу және даму кезеңінде компаниямыз түбегейлі өзгерістерге ұшырады. 2006 жылы қор түрінен қазіргі коммерциялық ұйымға дейінгі өсу жолынан өтті. «KMF» компаниясының барлық кезеңдегі жұмыс дәстүрі ашықтық пен тиімділікке негізделді. Біз халықаралық ауқымда таныла отырып, 2003-2004 жылдары қатарынан екі рет халықаралық рейтинг агенттіктерінің жоғары бағасын алдық.
2006 жылы MixMarket жоғары бағасына ие болдық. 2007 жылы Forbes журналы біздің компаниямызды әлемдегі 50 ең ірі МҚҰ-лардың қатарына қосып, 37-орынды иелендік. Ал 2015 жылы микроқаржы саласындағы Smart Compaign сертификатын алып, әлемдегі 31-ші, ал Қазақстандағы 1-ші компания ретінде танылдық.
Халықаралық дәрежедегі әлеуметтік рейтинг бойынша алған жоғары баға (А+ бағасы) біздің компанияның қоғам үшін пайдалы жұмыс атқарып жатқандығын дәлелдейді. Қазіргі таңда «KMF» компаниясы шетел инвестициясын тартудан ешқандай қиындық көріп отырған жоқ. Себебі әлемде адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында құрылған қорлар жеткілікті. Олар кәсіпкерлерге шағын несие беру арқылы, әйелдер бизнесін дамыту арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуді, ауылдық жерлерде көптеп жұмыс орындарын ашуды көздейді. Қазіргі күні біздің компаниямыздың қаржылық портфелінің 93 пайызы осындай қорлар мен банктердің инвестициясынан құралған. Жалпы алғанда, біздің шағын несиелеріміз тек қана коммерциялық сұраныстарды қанағаттандырып қана қоймайды, сонымен бірге әлеуметтік мәселелерді де шешеді.
2014 жылы «KMF» компаниясы елімізде бірінші рет МҚҰ-лардың арасында капиталына халықаралық инвестиция тартты. Осы шараның негізінде МҚС саласына инвестиция салуда көшбасшы болып жүрген: responsAbility (Швейцария) және Triodos (Нидерланд) сияқты шетелдік компаниялар біздің акционерлеріміз болды. Сол кезеңде бұл МҚҰ-ға салынған ең ірі жеке инвестиция еді.
Бүгінде KMF тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД аймағындағы іргелі МҚҰ болып саналады. Қазір компанияның 232 мыңнан астам несие алушысы бар. Несие портфелі 110 миллиард теңгеден немесе 300 миллион АҚШ долларынан асады. Микроқаржы нарығы саласындағы несие портфелінің 55 пайызы, берілетін шағын несиелердің үштен бірі біздің компанияға тиесілі.
Шетелдік компаниялар KMF-тің іскерлігі мен ашықтығына тәнті болған. Тек соңғы екі жыл ішінде біз Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) желісі бойынша 126 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарттық. Бұл ретте тартылған инвестициялардың жергілікті валюта түрінде несиеге берілетіндігін атап көрсеткен жөн. Бұл өз кезегінде несие алушы клиенттерді валюталық тәуекелдерден қорғайды. 2009 жылы IFC біздің компанияда кешенді бағалау жұмыстарын жүргізді. Оның қорытындысы бойынша білікті де іскер қызметкерлер құрамынан Бақылаушы кеңесі құрылды. Осындай игілікті жұмыстардың нәтижесінде компанияның қызметі қарқынды дамып келеді. Тек 2013-2017 жылдар аралығындағы бесжылдықта компанияның несиелік портфелі 387 пайызға, клиенттер саны 125 пайызға, ал берілген кредиттер саны 104 пайызға артты. Өндіріске енгізілген жаңа технологиялардың арқасында компанияда еңбектің өнімділігі мен тиімділігі бірнеше есе өсті.
2012 жылы Қазақстан Республикасының «Микроқаржылық ұйымдар туралы» заңы қабылданды. Бұл еліміздегі шағын несие беруші ұйымдардың жұмысын реттеуге негіз болды. Осы кезеңнен бастап елімізде заңды түрдегі МҚҰ-лар құрыла бастады. Бұған дейін еліміздегі микроқаржы саласында ретсіздік пен берекесіздік белең алған еді. Мәселен, 2013 жылы еліміздегі тіркелген МҚҰ-лар саны 1800-ден асып түсті. Олардың тек үштен бірі ғана шағын несие берумен айналысты. Заң қабылданғаннан кейін жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде бұл нарық жүйелі түрде ретке келтіріле бастады. Заңда комиссиялардың толық тізімі мен сыйақының ең жоғарғы мөлшерлемесін қосқанда шағын несие алудың шарттары сипатталды.
– Сіздің компанияның кәсіпкер әйелдер қауымымен жұмысы қандай деңгейде? Кәсіпкер әйелдердің мүмкіндігі мен құқығын кеңейту мақсатында атқарған жұмыстарыңыз қандай?
– Біздің компаниямыздың клиенттерінің арасында әйелдердің үлес салмағы 60 пайыздан асады. Біз әйелдермен жұмыс істеуге барынша басымдық беріп келеміз. Себебі тәжірибе көрсетіп отырғандай, әйелдер қаржы саласында және несиелерді дер кезінде қайтару мәселесінде өте ұқыптылық танытады. Кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсете отырып, олардың бизнесін дамытумен қатар біз еліміздегі отбасыларының әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып отырғанымызды жақсы түсінеміз. Дәлелденген дүниежүзілік тәжірибе бойынша егер әйел адам терең білім алатын болса, жемісті кәсіпкерлікпен шұғылданатын болса, оның отбасы тұрақты табысқа ие болып, жақсы тұрмыс құрады. Кәсіпкер әйелдердің басты мақсаты – отбасын гүлдендіру, балаларына жан-жақты білім беру, әлеуметтік жағдайды жақсарту болып табылады. Осыған байланысты дүние жүзінде көптеген қаржы ұйымдары әйелдердің кәсіпкерлігіне қолдау көрсетуге барынша басымдық береді. Біз де әйелдерге несие бере отырып, Қазақстандағы әйел кәсіпкерлердің санын арттырып, қалыптасқан әлеуметтік мәселелерді жақсартуға үлес қосып отырғанымызды жақсы түсінеміз.
2016 жылдан бері біздің компания Еуропалық даму және қайта құру банкінің «Бизнестегі арулар» жобасының ірі серіктесі болып табылады. Біз өңірлердегі әсіресе ауылдық жерлердегі кәсіпкер әйелдерге несие беру мәселесін кеңінен өрістетіп келеміз. Осы орайда компания әйелдерге тек несие беріп қана қоймай, олардың өз кәсіпкерлік ісін ашуға, нарықтық жағдайға бейімделуіне көмектеседі. Осы бағдарлама бойынша біз соңғы үш жыл ішінде жалпы сомасы 10,4 миллиард теңгені құрайтын 20 мың шағын несие бердік.
– «Даму» қорымен әріптестіктеріңіз қандай дәрежеде?
– «KMF» компаниясы 2016 жылдан бері «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорымен үш бағыт бойынша, атап айтқанда, тікелей қаржыландыру, кепілдік бойынша қаржы бөлу және оператор ретінде қаржыландыру бағыттарымен жұмыс істеп келеді. Осыдан екі жыл бұрын біз «Даму» қорының талаптарына сәйкес кәсіпкерлерге жеңілдетілген тәртіппен несие беру үшін 250 миллион теңге қаржы алдық. Осы қаржы көлемі бойынша, қайта несиелеу тәсілдерімен біз жалпы көлемі 376,8 миллион теңге көлемінде 386 кәсіпкерге несие бердік. Осыдан кейін көп ұзамай «Даму» қорының кепілдігімен Еуропалық даму және қайта құру банкінен 3,8 миллиард теңге қаржы алып, 12,5 мыңнан астам клиенттерімізге 6,7 миллиард теңге көлемінде несие бердік.
Биылғы жылы Азия даму банкінен 5,9 миллиард қаржы алуға қол жеткіздік. Бұл ретте де «Даму» қоры оператор ретінде көрінді. Осы бағдарлама ауқымында біз қазір 10 267 кәсіпкерге шағын несиелер беруге қол жеткіздік. Бағдарлама одан әрі қарай жалғасын табуда.
«KMF» компаниясы кәсіпкерлерге несие беру мәселесінде классикалық тәртіпті ұстанады. Яғни несие алған адам өзінің жеке кәсібін ашып, пайда тауып, өзінің әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасауы қажет. Сонымен бірге біз тұрғындарды шағын несиелермен қамтамасыз ету мәселесінде заманауи IT шешімдерді кеңінен пайдаланамыз. 2014 жылы біздің несие алушы клиенттерімізбен жұмыс істейтін барлық сарапшыларымыз интернет желісіне қосылған планшеттермен қамтамасыз етілді. Біздің қызметкерлеріміз клиенттермен жұмыс істеген кезде оларды әуре-сарсаңға салмай мәселені тез әрі адамдарға ыңғайлы түрде шешеді. Түсіністікпен жүргізілген осындай игі бастама біздің клиенттермен атқарылатын жұмысымыздың тиімділігін 2,5 есе арттыруға мүмкіндік берді.
– Микроқаржыландыру нарығында атқарып жатқан жұмыстарыңыздың ауқымына тәнті болдық. Енді алда тұрған міндеттеріңіз хақында не айтасыз?
– Әрине қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсіп қалуға болмайды. Біздің компания алдағы уақытта еліміздің экономикасын гүлдендіріп, қаржы саласында өзінің лайықты орнын алу мақсатында кешенді жұмыстар атқаруды жоспарлап отыр. Бұл ретте біз көрші және алыс шетелдердегі әріптестеріміздің жұмыс тәжірибесін жан-жақты сараптан өткізіп, тиімді тұстарын өзіміздің жұмысымызда кеңінен пайдалануға басымдық беріп келеміз. Осы ретте қазақстандық микроқаржы ұйымдары еліміздің қаржы нарығында нарыққа және клиенттерге кедергі келтірмейтін басқа да қызметтерді атқаруға пісіп-жетілді деп ойлаймын. Мәселен, МҚҰ-лар ақша аудару, валюта айырбастау, коммуналдық төлемдер қабылдау сияқты қаржы нарығының көптеген операциялары бойынша жұмыс істейтін жағдайға жетті. Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан елдері сияқты көрші мемлекеттерде, сонымен бірге Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде МҚҰ-лардың осындай қаржы операцияларын көрсетуіне заңды түрде рұқсат берілген. Еліміз бойынша, әсіресе ауылдық елді мекендерде кең тараған кеңселеріміз арқылы біз қазірден бастап бұл жұмысты тиімді атқарар едік. Көптеген банктердің шалғай елді мекендерде филиалдары немесе кеңселері жоқ. Сондықтан жергілікті тұрғындарға қаржы операцияларын жасау үшін ірі қалаларға, аудан орталықтарына баруға тура келеді. Ал біз жергілікті жердегі кеңселеріміз арқылы тұрғындардың сұранысын қанағаттандыра аламыз.
Ұлттық банктің статистикалық деректері бойынша, компаниямыздың микроқаржы нарығындағы үлесі 55 пайыздан асып отыр. Сонымен бірге дуалы ауыз сарапшылар компаниямыздың шетелдік инвесторлармен және несие алушылармен ашық та тиімді жұмыс істейтіндігіне жоғары баға беріп келеді.
Үстіміздегі жылы өзінің ширек ғасырлық төл мерекесін атап өтетін ұлттық теңгеміз сияқты біздің микроқаржы жүйесі де өзінің мүшел мерекесін атап өткелі отыр. Осы жылдар ішінде еліміздің микроқаржы жүйесі экономикамыздың алдында тұрған келелі міндеттерді шешуге үлес қосумен бірге, кәсіпкерлердің, әсіресе ауылдық жерлердегі шағын бизнес субъектілерінің қаржы саласындағы сұраныстарын қанағаттандыруда өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырды. Алдағы уақытта да біз тәуелсіз еліміздің тұғырлы қаржы саласының алдында тұрған келелі міндеттерді шешуде барынша ашық әрі жемісті жұмыс істейтін боламыз.
Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»