Көрмеде Президент Архивінің қорында сақталған теңгені айналымға енгізу бойынша дайындық шараларына қатысты құжаттар, Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлықтары, ұлттық валютаны айналымға енгізу бойынша Мемлекеттік комиссия мәжілісінің хаттамалары, осы мәселе бойынша азаматтардың хаттары, Елбасының естеліктері және тағы басқа бірегей құжаттар тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар көрме экспозициясын Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұсынған Қазақстан жерінде орта ғасырлардан бастап айналыста болған тиын-монеталар мен өзге де ақша үлгілері толықтырды.
Осы айтулы мереке қарсаңында ұйымдастырылған шараға аталған мекеме басшыларымен қатар, Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының өкілдері, Алматы қаласында орналасқан Орталық мемлекеттік архивтердің басшылары, қаржы және банк саласының қызметкерлері, теңгенің алғашқы авторларының бірі Хайролла Ғабжалилов, Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметін атқарған Ерлен Жангельдин және қоғам қайраткерлері қатысты.
Президент Архивінің директоры Жәмила Әбдіқадырова ұлттық валютамызды айналымға енгізу тәуелсіз Қазақстанның жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі екендігіне назар аударды.
– Бұл еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қажетті тарихи қадам болды. Төл теңгеміз пайда болғалы жүргізіліп келе жатқан мемлекеттің тізбекті қаржылық саясатының арқасында елімізде нарықтық институттар макроэкономикалық тұрғыдан тұрақталып, біртіндеп қалыптаса бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде өзіміздің ақша бірлігімізді енгізу қазіргі кездегі қол жеткен экономикалық табыстарымыздың негізін қалады, – деп атап өтті Ж.Әбдіқадырова.
Сонымен қатар шара барысында теңгенің 25 жылдық мерейтойының қарсаңында Президент Архиві дайындаған «Ұлттық валюта тарихынан» атты құжаттар және материалдар жинағының тұсаукесері өтті. Жинаққа КСРО-ның құлдырауынан кейінгі ТМД елдеріндегі, оның ішіндегі Қазақстандағы қаржы саласының қиыншылықтары, сом аймағының жойылу себептері, ұлттық валютаны дайындау мен енгізудің ұйымдастырылуы, тәуелсіз Қазақстанның ақша-қаржы жүйесінің дамуын баяндайтын Президент Архиві қорларындағы бірегей құжаттар, аталған тақырыпта бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдар мен Елбасының естеліктері енгізілген.
Мұхаммед ЖЫЛГЕЛДИНОВ,
Қазақстан Республикасы Президент Архивінің директорының көмекшісі,
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»