Шалғайдағы Жақсы ауданындағы Белағаш көлі де бір кезде көз жасындай таза, табаны жарқырап жататын ақ айдын еді. Жылдар өте келе кілкіген уақыт тозаңы көлді қорысқа айналдырып жіберді. Лай судан балық біткен қырғын тапқан. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аудан әкімдігі облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен көлге әрқайсысының салмағы 20-30 грамм болатын, ұзын саны жеті мыңға жуық Амурдың ақмарқасы мен дөңмаңдай балық жіберді. Ондағы мақсат – аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған Белағаш көлін биологиялық тұрғыдан тазарту.
– Бұл жақсы бастама, – дейді «Аркуда Платиниум» серіктестігінің өкілі Василий Вейбер, – қазір көлге балық жіберіп жатырмыз. Балықтың бұл түрлері көл табанындағы балдырлы қорысты құртуға тиіс.
Көлді тазартуға септігі тиетін балықтың бұл түрлерін Ресейден осы серіктестік арнайы әкелген екен. Олардың орташа өмір сүру ұзақтығы –30 жыл. Көл суына бой үйрету үшін арнайы температураны қалпында ұстайтын құрылғылармен жабдықталған ыдыстармен жеткізіліпті.
– Ел игілігі болып отырған табиғатымызға жанашырлықпен қарамасақ болмайды. Осы көлден алты мыңға жуық халық су ішіп отыр, – дейді «Белағаш» серіктестігінің директоры Виктор Гертнер, – ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе еді. Енді міне, іс оңынан оралғалы тұр. Алдағы уақытта жыл сайын тазарту жұмыстарын жүйелі жүргізуді ойластырудамыз.
Мамандардың айтуына қарағанда, балық біткеннің қоныс аударуы үшін қоңыр күз қолайлы екен. Бұл кезде ауру-сырқаудан дін аман болатын көрінеді. Сабақты ине сәтімен оралса, ақмарқа мен дөңмаңдайдың арқасында Белағаштың суы балдай мөлдір көлі бағзы қалпына қайта келмек.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы, Жақсы ауданы