Шынында да Көкшетаудың сауда сөрелері іргедегі Ресейдің өнімдеріне сыңсып толып тұр. Осы иен тіресіп жатқан өзгенің өнімі арасынан өз тауарларымызды сирек кездестіретін болдық. Басқасын былай қойғанда, жеңсік ас санатындағы құс еті де әрідегі Америка құрлығынан, қала берді Ресейден тасымалданады. Қазір халық денсаулыққа мән бере бастаған. Ата тәмсілімен «жылқының еті жатқанша, сиырдың еті таң ағарып атқанша, қойдың еті келесі күн батқанша» деп есептейтін бүгінгі жұрт құс етін қолайлы көреді. Бірақ сұраушының сүйген асын кім берсін? Осы уақытқа дейін жергілікті жерде құс етін молынан өндіру мүмкін болмай келді. Ақмола өңіріндегі жалпақ жұрт Макинск қаласында аса ірі «Макинск құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алғашқы кезеңі іске қосылғанда, бөркін аспанға атып қуанған.
Жұмыс көзі аз көне қалада Орталық Азияда теңдесі жоқ ірі кәсіпорын – құс фабрикасының ашылуы ең алдымен жергілікті жердің жағдайын жақсартпақ деседі ел адамдары. Енді екі қолға бір күрек табылатын шығар. Бюджетке мол түсім түссе, аздап тозған қаланың да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп-көрім көтерілуі мүмкін. Дүйім елді дүр еткізген ауқымды жобаның құрылысы 2015 жылдың маусым айында басталған болатын. Енді міне алғашқы кезеңі іске қосылып, үміт отын тұтатуда. Жоғарыда айтқан ел адамдарының пайымына біздің қосып айтарымыз, жылына 25 мың тонна құс етін өндіруге қарымы қаптал жететін фабриканың әзірге бірінші кезеңі ғана іске қосылған. Негізінде ел адамдарының болжамы дұрыс. Макинскідегі құс етін өндіретін фабриканың іске қосылуы облыстық ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының дамуына зор серпін беретін ірі жоба. Жоба іске асқан сәтте облыс бюджетіне салық түрінде қомақты қаржы құйылмақ. Ал жергілікті жерде жүздеген жұмыс орындары ашылады.
Жалпы, құны 45,6 миллиард теңгені құрайтын бұл жобаға қатысушылар қазақстандық және шетелдік инвесторлар. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл таратып айта кетелік. Жобаның бастамашысы – «Aitas KZ» АҚ. Қажетті қаржының жартысынан астамын «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары – «Қазақстанның даму банкі», «Қазына капитал менеджмент» акционерлік қоғамдары беріп отыр.
Бұл жоба еліміздегі құс-шаруашылығын дамыту бағытындағы ең көп қаржы салынған ірі жоба болып есептеледі. Құс фабрикасының бірінші кезегі 9 өндірістік алаңды, оның ішінде инкубаторды, әрқайсысы 12 құс қорасынан тұратын 4 бройлерлік бөлімді, құс өндіру зауытын, компос желіні, қосалқы алаңды, азық өндіру цехын қамтиды. Қазіргі уақытта инкубатор жұмыс істеп тұр. Фабриканың ашылу салтанаты болған кезінде жұмыртқалар салынған инкубаторлардың қақпағы да жабылған болатын. Қазан айының 6-сынан бастап жұмыртқа алына бастады.
Алып құс фабрикасының екінші кезеңі 2020 жылдың екінші жартысында пайдалануға беріледі. Міне, осы уақытта фабрика сағатына 9 мың бройлер өңдеу қуатына жетпек. Сол сәттен бастап құс өндіру көлемі жағынан Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорынға айналады. Ол күн де алыс емес. Фабрика өндіретін негізгі өнім – бройлердің салқындатылған еті. Тиімділігі құс еті импортының үлесін қысқартуға септігін тигізбек. Мәселен, қазір бұл импорт 50 пайызды құрап отырса, екінші кезең жүзеге асырылған кезде 30 пайызға дейін қысқаратын болады. Негізгі өнім Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарына, сондай-ақ Астана қаласының сауда сөрелеріне шығарылады. Осы аталған аймақтардағы құс етіне деген сұраныстың 60 пайызын қанағаттандыруға қауметі жетеді.
Шынтуайтында бұл құс фабрикасы әлемдік құсшаруашылығының ең озат үлгісі болып табылады. Осыған орай шаруашылық жаңа заманғы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жобаға жергілікті жердің көмегі де аз емес. Мәселен, құс фабрикасының аумағында орналасқан барлық ғимараттардың жалпы ауданы 227 366,88 шаршы метрді құрап отыр. Бұл кәсіпорындар биоқауіпсіздік пен өндірістің экологиялық талаптарын сақтау мақсатында инкубациялық өндіріс, құс сою, ет-сүйек ұнын өндіру кезеңдерінде жоғары технологиялық энергия үнемдейтін жабдықтар пайдаланылады. Айналып келгенде, өсімдік, құс шаруашылықтары және ет өңдеу саласындағы кәсіпорындар біріктіріледі.
Жаңа жоба Астананың азық-түлік белдеуіне де игі ықпал етеді. Астаналық тұтынушылардың 50 пайыздан астамының сұранысын өтейтін жаңа жоба толық қуатына көшкен кезде елдің еріні өз өнімдерімізге толық тиетін болады.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Бұланды ауданы