Бақыршық кені құрылымы жөнінен аса күрделі түзілім саналады. Қазылған кеннің 20 тоннасынан 7,7 грамм алтын өңделеді деген есеп бар. Мұндағы таза алтын қоры 280 тонна деп бағаланған. Соңғы 50 жылда Бақыршық кенін игеруге көптеген компаниялар күш салды. Соның ешбірі оның кілтін таба алмаған. Бұл кәсіпорынның ашылуы тек Әуезов кенті үшін ғана емес, бүкіл Жарма ауданы үшін тарихи оқиға. Қазір Әуезов кентінде жұмыссыздық атымен жоқ. Компания төрт жылда бюджетке 4,5 млрд теңге салық түсірді.
Жақында облысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында» болып, биыл іске қосылған фабриканың жұмысымен танысқан-ды. Өндіріс орнының директоры Юрий Овчинниковтың айтуынша, бүгінде мұнда жылына екі миллион тонна кен игеруге мүмкіндік беретін тау-кен байыту кешенінің құрылысын жүргізу жобасы жүзеге асырылуда. Жазда іске қосылған кәсіпорында қыркүйек айында алғашқы концентраттағы алтын алынған. Фабрикада бүгінге дейін 300 мыңнан астам тонна кен өңделіп, одан алынған құрамында алтыны бар концентраттың мөлшері 13 мың тоннаға дейін жеткен. Бастапқыда кәсіпорын толық қуатына 2019 жылы енеді деп жоспарланған. Алайда қазірдің өзінде фабрика бұл межеге жетіп қойды деуге болады. Болжам бойынша Бақыршықта жылына он тонна алтын өндірілмек. Тағы бір айта кетер жайт, алғашқы он жылда кен ашық әдіспен өндірілсе, екінші кезеңде 20 жылдан астам уақыт бойы шахталық тәсілмен игеріледі. Қазір кәсіпорында 1907 адам еңбек етуде. Оның 97,2 пайызы Қазақстан азаматтары, шамамен 40 пайызы – Әуезов кенті мен іргедегі ауылдардың тұрғындары.
Үкімет басшысы кәсіпорында салтанатты жағдайда іске қосылған «Қызыл» атты жаңа жобаның тұсаукесеріне қатысып, өндірілген өнімнің алғашқы тоннасына өз бағасын берген еді. Аталған жоба болашақта алтын мен өзге де қазба байлықтарын барлау, өндіру, өңдеу, тасымалдау және саудалау жұмыстарын кешенді жүргізуге мүмкіндік береді. Жобаға тартылған жалпы инвестиция көлемі шамамен – 103 миллиард теңге.
19 қазан күні кәсіпорын 4,5 шақырымға созылған теміржолды салып бітіріп, ресми түрде іске қосты. Қазірдің өзінде 9 стансалық теміржол мен әкімшілік-техникалық ғимарат, жанар-жағармай сақтайтын қойма салынып бітті. Теміржол тартылған аумақ бұған дейін сортаң топырағы желге ұшып бос жатқан жер болатын, айдалаға теміржол тарту жұмыстары екі жылға созылыпты. «Бақыршықтың» кен өңдеу қуаты күн сайын кеңейіп келеді. Сондықтан байытылған кенді тасымалдау үшін теміржол ауадай қажет. Өйткені фабрика жыл сайын 130 мың тоннаға дейін дайын өнімді өндіріп шыға алады. «Теміржолдың ашылуы біз үшін өте маңызды. Тұтынушыларымызға шығарған өнімімізді дер кезінде жеткізіп отыруға жол ашылады әрі кәсіпорынға керек-жарақты да теміржол арқылы жеткізе аламыз. Соның арқасында шығындар азаяды. Аймақтың климаты суық екені белгілі, қыста жолдарды қар басып қалады. Ал теміржол табиғатқа дес бере қоймайды», дейді «Бақыршық тау-кен кәсіпорны» ЖШС директоры Ю.Овчинников.
Оның айтуынша, теміржолды салуға жарты миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Тартылған теміржол Жарма ауданының дамуына зор үлес қоспақ. Әсіресе Әуезов пен Шалабай кенттерінің, Шар қаласының тұрғындары үшін пайдасы көп. Біріншіден, аудан халқын жұмыспен қамтуға септігін тигізеді. Бір ғана теміржол терминалының өзіне 42 адам жұмысқа орналасса, жанар-жағармай қоймасына тағы 21 тұрғын қызметке алыныпты. «Теміржолдың ашылуы аудан мен ауыл халқына зор үміт сыйлады. «Бақыршық тау-кен кәсіпорны» ашылғаннан бері халықтың болашаққа деген сенімі оянып, өмір сүруге деген құштарлығы артты. Кәсіпорын әлеуметтік нысандарды салуға, жөндеуге, ауылды абаттандыруға үлкен көңіл бөлуде. Әуезов кентінің су құбыры мен электр желісі бастан-аяқ жаңартылды. Ескі жылу қазандығы алынып, орнына заманауи талаптарға сай жаңа қазандық салынды. Аталған жобалардың өзіне ғана компания 2 миллиард теңгеден астам қаржы құйды. «Полиметалл» компаниясына ризашылығымызды білдіргіміз келеді», дейді Шалабай ауылдық округінің әкімі Жанар Есембаева.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы