Қазақстан • 13 Қараша, 2018

Шымкентте 5 000 000 теңгеге бағаланған көгершін көрмеге қойылды

97 реткөрсетілді

Қазақ халқы аққуды – махаббаттың, қарлығашты – мейірімнің, бүркітті – ержүректіктің, көгершінді - бейбітшіліктің нышаны ретінде қараған. Жуырда Шымкентте осындай құстардың бірі әрі бірегейі, біздің балалық шағымыздағы танымал әннің қаһарманы – көгершіндердің көрмесі өтті.

«Гүлсар» кептершілер клубына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрмеге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Германия, АҚШ сынды елдерінен көгершіннің түр-түрі әкелінген. Клуб жетекшісі Бақыт Батекеевтің айтуынша, негізінен Орта Азиялық кептерлерді танытуға күш салынған. Көрме өткізудегі мақсат та осы өңірдегі кептерлерді әлемге таныту. Көрмеге қатысуға тек кәсіби кептершілер ғана емес, жас балаларды да шақырып, кептер өсіруге әуестенетіндердің басын қосу да көзделген. Құстың бұл түрін қолда ұстауға әуестерді бағасы қызықтырары да мәлім. Көрмеге әкелінген құстардың түрлері де, бағалары да сан алуан.

Ең арзанының құны 5 000 теңгеден басталса, қымбаты 5 000 000 теңгеге дейін барады. Бұл орайда, әрине тұқымы мен жасына ерекше мән беріледі. Көңілінен шыққан құс бағасының қымбаттығына қарамай алатындар да аз емес. Кептершілердің айтуынша, құстың тұмсығы мен тырнағына, тұрқы мен жасына ерекше мән беріледі.

Шымкент халқы түсі құбылып тұратын, көзі ашық көк түсті әдемі «Гүлбадам» атты кептерлерге көп қызығады екен. Көгершінді қосымша табыс көзіне айналдырғандар да баршылық. Мысалы, 80 құс баптап отырған Арыс қаласының тұрғыны Е.Пернебай көрмеге 20 көгершін алып келіпті. Құстары арқылы тапқан ең көп табысы - 600 мың теңге болыпты. Мұғалімнің айтуынша, негізгі табыстан бөлек көгершін асырау арқылы 1 000 000 теңге көлемінде қаржы табуға болады.

Айта кетелік, Шымкентте өткен көрмеге ең қымбат - 5 000 000 теңгеге бағаланатын көгершін де әкелінген. Келушілер еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден жеткізілген кептерлердің 500-ден астам түрін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ өздеріне ұнаған кептерлерді сатып алғандар да аз болмады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Шымкент

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Алғашқы күн табысты болды

Спорт • Бүгін, 17:12

Білімдінің қолында алтын шырақ

Аймақтар • Бүгін, 17:08

UAE and Kazakhstan discuss bolstering ties

Саясат • Бүгін, 16:40

Қазақтардың қарқыны жақсы

Спорт • Бүгін, 16:26

Ұқсас жаңалықтар