Халықаралық шара барысында Жамбыл облысының да туристік әлеуеті мен нысандары таныстырылды. Жаңа нысандарды қабылдау бойынша шешім комитеттің сессиясында қабылданады екен. Ал халықаралық комиссия құрамында әлемнің сексен елінің сарапшылары болды. Халықаралық комитет негізінен туристік тартымды нысандарды таныту мәселелерімен айналысады.
Түркия еліне барған Жамбыл облыстық туризм басқармасының өкілдері қазылар құрамының алдында Әулиеата өңірінің туристік әлеуетке ие екендігін дәлелдей білді. Жамбыл өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ елінің тарихи-мәдени құндылықтарының қатарына жататын ортағасырлық «Айша бибі» кесенесі мен «Ақыртас» сарай кешені облыстық басқарма қызметкерлерінің таныстыруынан кейін сарапшылардың қолдауымен әлемдегі ерекше туристік тартымды нысандардың тізіміне енді.
Нәтижесінде сол санатты ресми нақтылайтын арнайы сертификат тапсырылды. Енді бұл нысандарды көпшілікке әлеуметтік желілер арқылы танымал ету мақсатында «World List – Tourist Attraction» белгісін (логотип) пайдалануға рұқсат етілетін болады.
«Сессия кезінде мамандардың «Айша бибі» кесенесі мен «Ақыртас» сарай кешенін мойындауы – туризм саласы бойынша өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға берілген жоғары баға», дейді Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы