Электр қуатын өндірушілерге шекті тариф белгіленеді
«Бүгінгі таңда негізгі электр стансаларын тексеру бойынша Бас прокуратурамен бірлескен жұмыс аяқталды. Энергетика министрлігінде кесте бекітіліп, барлық энергия өндіруші ұйымдарды тыңдау басталды. Аталған жұмысты 20 қарашаға дейін аяқтаймыз», деді министр.
Министр энергия өндіруші ұйымдардың сату бағасын өзгертуінің негізінде, табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган (Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті) түпкі тұтынушылар үшін электр энергиясының құнын төмендету бойынша шаралар қабылдауы тиіс екенін айтты.
Бұдан өзге, энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына тарифтерін төмендету мақсатында Энергетика министрлігі Бұйрық жобасын да әзірледі. Бұл жобада тауарлық газдың шекті көтерме бағаларын төмендету көзделген.
«Біздің бағалауымыз бойынша, көтерме сауда бағасын 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмендету – тауарлық газдың түпкілікті бағасын газ пайдаланатын электр стансалары үшін 6-15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді», деді министр.
Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов қысқа мерзімді шаралар шеңберінде, біріншіден, Бас прокуратураның ұсынымын орындау аясында монополистердің электр энергиясын беру және жабдықтау саласындағы қызметтерге арналған тарифтерді төмендету бойынша жұмыс жүргізілгенін, соның нәтижесінде монополистік кәсіпорындар қызметтерінің бағасы төмендетілгенін айтты. Екіншіден, халықпен кері байланысты ұйымдастыру үшін барлық облыс орталығында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ облыстық маңызы бар қалаларда 2018 жылғы 12 қарашада БАҚ, жергілікті атқарушы органдар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Нұр Отан» партиясы, қоғамдық бірлестіктер және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы түйткілді мәселелер бойынша қоғамдық қабылдаулар ашылды. Үшіншіден, өткізілген қоғамдық қабылдаулар қорытындысы бойынша 2018 жылғы 16 қарашаға дейін түскен шағымдардың негізінде сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау және электр энергиясы мен газды беру, жабдықтау қызметтерін көрсететін базалық монополистер қызметіне жоспардан тыс тексеріс жүргізу ұйымдастырылады.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, тарифтерді белгілеу және монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелерді орындауды бақылау ашықтығын күшейту үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Осы орайда Премьер-Министр нақты тапсырмалар берді. Бірінші, табиғи монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелерді орындамау, қызмет құнынан өндірістік емес шығындарын заңсыз қосу бойынша анықталған барлық фактілерге талдау жүргізу қажет. Жосықсыз монополистер мен тарифтерді көтеру арқылы пайдаға кенелген компаниялар заң алдында жауап беруі тиіс. Оны тергеу барысы жариялауы керек. Екі аптадан соң бұл мәселе кезекті Үкімет отырысында қаралады.
Монополистер қаражатты мақсатты жұмсаулары тиіс
Ұлттық экономика министрлігіне екі аптадан соң бюджеттен субсидия түрінде бөлінетін қаражатты монополистердің мақсатты жұмсауы туралы баяндауы тапсырылды. Халықты ТКШ қызметтерінің барлық түрімен қамтамасыз ететін ұйымдардың міндеттемелерін орындауын бақылау нәтижелері тыңдалады.Екінші. Ұлттық экономика министрлігінің Монополияға қарсы комитет пен оның өңірлік бөлімшелерінің жұмысын ретке келтіруге қатысты тәсілдеріне қолдау білдірілді. Б.Сағынтаев табиғи монополиялар саласындағы саясат пен монополияға қарсы комитет жұмысына жетекшілік ететін Ұлттық экономика вице-министрі С.Жұманғариннің жазаланғанын хабарлады. Үшіншіден, 1 желтоқсанға қарай Ұлттық экономика, Энергетика министрліктері электр, жылу, су мен газ беру, кәріз, телефон байланысы, интернет тарифтері қалай және қаншалықты төмендейтіні көрсетілген жан-жақты жоспарды енгізуі тиіс.
Төртіншіден, Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ТКШ мониторингі республикалық жүйесін құру тапсырылды. Мониторинг жүйесі қоғам өкілдерінің қатысуымен жергілікті жерлерде жұмыс істеп, тариф, қызмет сапасы, халықтың сұранысына байланысты барлық мәселені көтеруі тиіс. Сонымен қатар апта соңына дейін ТКШ тарифтері бойынша жедел желі ашу тапсырылды. Бесіншіден, Ұлттық экономика, Энергетика министрліктеріне және өңір әкімдіктеріне көмірдің, газдың, дәрі-дәрмектің және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ерекше бақылауға алу тапсырылды. Алтыншы, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктеріне халықты алаңдатып отырған өзекті мәселелерді шешу бойынша кеңес өткізу тапсырылды. Негізгі акцент – оқу құнын, сондай-ақ медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектің бағасын төмендету. Орындалу мерзімі – екі апта. Жетінші, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне барлық бағыт бойынша жұмыстарды ақпараттық сүйемелдеу тапсырылды.
Содан кейін Үкімет отырысы күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға көшті. 2018 жылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов осы жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстан экономикасы өсудің оң үрдісін сақтап отырғанын атап өтті. «ІЖӨ өсуі есепті кезеңде 4,1% құрады. Жоғары инвестициялық белсенділік, инфляцияның бәсеңдеуі, сондай-ақ экономиканың базалық салаларында өндірістің ұлғаюы экономикалық өсудің негізгі факторлары болды», деді Ұлттық экономика министрі.
Инфляция деңгейі күтілген болжамнан төмен
Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев 2018 жылғы қазан айында инфляция 0,4% құрағанын айтты, бұл күтілген болжамнан төмен көрсеткіш. Нәтижесінде инфляция жылдық мәнде 5,3%-ға дейін төмендеді, бұл көрсеткіш 2017 жылғы қазанда 7,7%-ды құраған еді. Бұл 2015 жылдан бастап жылдық инфляцияның ең төменгі көрсеткіші. Инфляцияның төменгі көрсеткіштері жыл соңында жылдық инфляцияны 5-7% дәлізінде сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Д.Ақышев «7-20-25» бағдарламасын іске асыру барысы жөнінде баяндады. Бағдарлама 7 банк арқылы орындалады. 2018 жылғы 8 қарашадағы жағдай бойынша, банктер 35 млрд теңге көлемінде несиеге берілген 2900 өтінімді мақұлдаған. Ұлттық банк халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тәулік бойы колл-орталық жұмыс істейді. Жақын арада «Алдын ала біліктіліктер» жобасы іске қосылады. Бұл әрбір қазақстандыққа онлайн-режімде бағдарламаға қатысу үшін өз мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді.
Қаржы министрі Ә.Смайылов есепті кезеңде бюджеттің барлық деңгейінде кірістердің (трансферттерді есепке алмағанда) орындалуы 2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жақсарғанын жеткізді. Мемлекеттік бюджет кірістерінің өсу қарқыны 117,5%-ды құрады, республикалық – 120,6%, жергілікті бюджеттер – 110,4% болды.
Ә.Смайылов шығыстар бойынша атқару пайыздары өткен жылмен салыстырғанда жоғары екенін айтты. Мемлекеттік бюджет шығыстары 98,2% орындалған, республикалық бюджет 98,7%, жергілікті бюджеттер 98,3% атқарылған. Республикалық бюджет шығыстары 7788 млрд теңгені құраған. 100 млрд теңге атқарылмаған.
Он айдың қорытындысында оң сальдо бар
Қаржы министрінің баяндамасын тыңдағаннан кейін, Премьер-Министр бағдарламалар әкімгерлерінің лауазымды тұлғаларын тәртіптік жазалау бойынша ұсынылған шараларды қолдайтынын атап өтті. Игерілмеген қаражаттарды алу және оны республикалық бюджетке қайтару жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек он айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 104,7%-ды құрағанын атап өтті, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі 104,6%, өңдеу өнеркәсібі 105,4%. Еліміздің 14 өңірінде өнеркәсіп өндірісі көлемінің оң көрсеткіші сақталды.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев ауылшаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі 10 айда 102,5%-ды құрағанын, оның ішінде өсімдік шаруашылығында 101,6%, малшаруашылығында 103,9% болғанын атап өтті. «Республикада астық дақылдарын жинау аяқталды. 15,1 млн гектар алқап жиналды (100%). Гектарына 15,1 центнер түсімділікпен 22,8 млн тонна астық бастырылды», деді А. Евниев.
Б.Сағынтаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, жергілікті атқарушы органдарға еліміздегі халық табысының төмен болуы бойынша қазіргі жағдайға талдау жасауды тапсырды. Халық табысының атаулы және нақты мәндердегі өсімінің көрсеткіштері арасындағы айырмашылық туралы сөз қозғалды. Әлеуметтік-экономикалық даму туралы есептерді әзірлегенде бірінші кезекте халықтың табысының көрсеткіштеріне назар аудару тапсырылды, бұл орайда әкімдіктер статистикалық деректердің дұрыс еместігін немесе басқа да себептерді сылтау қылмауы тиіс.
ЭЫДҰ жүргізген өнеркәсіптегі ахуалды талдау геологиялық және жер қойнауын пайдаланудағы ең өткір проблемалық аймақтарды анықтады. Бұл бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы екі жылда саланың дамуын тежейтін мәселелер шешіліп, негізгі көрсеткіштер алға жылжыған. ҚР ИДМ деректеріне сәйкес, соңғы үш жылда нормативтік-құқықтық базаны өзгерту бойынша көптеген жұмыстар атқарылды.
«Кодекс аясында «Бірінші келген – бірінші алады» қағидасы енгізіліп, жер қойнауын пайдалану құқығын беру мерзімі қысқартылды. Сонымен қатар мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы қабылданып, геологиялық ақпаратқа қолжетімділік артты әрі көптеген әкімшілік кедергілер алынып тасталды», деді Ж.Қасымбек.
Жыл соңына дейін жанар-жағармай қымбаттамайды
Қ.Бозымбаев қазіргі уақытта көптеген барланып жатқан кен орындары игерудің соңғы сатысында екеніне әрі өндіріс көлемінің төмендегеніне назар аударды. «Мұнай өндірудің келесі көрсеткіштерінің өсуі Теңіз, Қарашығанақ, Қашағанды игерудің қарқындауымен байланысты болады. Ресурстық базаны толықтыру мәселесі өзекті болып тұр. Геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру қажет», деді Қ.Бозымбаев. Сондай-ақ ол жыл соңына дейін жанар-жағармайдың қымбаттамайтынын айтты. Отырыс барысында аталған мәселе бойынша Қызылорда және Маңғыстау облыстарының әкімдері Қ.Көшербаев пен Е.Тоғжанов та пікір білдірді.
Мәселені қорытындылай келе, Премьер-Министр Б.Сағынтаев жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға еліміздің минералдық-шикізат базасын толықтыру бойынша тиімді жұмыс істеуді тапсырды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»