Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазанында жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді нақтылаған, оларды жүзеге асырудың тиімді жолдарын көрсеткен стратегиялық құжат болып табылады.
Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру ісіне арналған. Сондықтан да Жолдауда көтерілген мәселелердің барлығы бүгінгі қоғамымыз үшін аса маңызды. Әсіресе әлеуметтік салаға баса назар аударылуы, оның ішінде мұғалімдер мәртебесін көтеруге қатысты бастамалар халықтың көңілінен шықты деп есептейміз.
Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келесі жылы мұғалімдердің қоғамдағы беделін көтеру үшін тиісті заң жобасын дайындауды тапсырды. «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент жергілікті биліктің «барлық жұмысты мұғалімдердің мойнына артып қоятынын» атап көрсетті. «Не болса, соның бәрі мұғалімдерге жүктеледі. Сайлауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-насихат кампаниясын да мұғалімдер жүргізеді. Бұл үшін оларға ешнәрсе төлемейді. Олар жұмысын істеп, дайындалуы тиіс. Бұл аз болғандай, оларды тексереді», деді Елбасы.
Президент бұған қоса, елде кейбір аймақтарда мектеп жетіспей, оқушылар үш ауысымда оқып жатқанын сынап, бұл мәселені шешу үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырды.
Мен де осы білім саласында қызмет етіп келе жатқан мұғалім ретінде Елбасының Жолдауына қолдау білдіргім келеді. Елбасының педагог мамандарға көрсеткен қолдауының арқасында, Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылатынына сенемін.
Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуы басты міндет. Осынау асыл мұрат жолында біздің еліміз замана сынына тегеурінді іс-қимылымен лайықты жауап беріп келеді. Иә, бүгінгі кезеңнің талабы оңай емес. Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу болмайды. Сондықтан да қоғамымызға татулық пен рухани келісімнің орнығуын Елбасы ұстанған саясаттың арқасы екенін түсініп, ортақ мүдде жолында бірлесе жұмыс істеуіміз керек.
Мұхтар Әуезов айтқандай, «Халық пен халықты теңестіретін – білім». Сондықтан білім бәсекесіне қабілетті шәкірт тәрбиелеу – педагогтардың алдына қойған басты мақсаты.
Бибі ЖАЗЫҚБАЕВА,
Алатау батыр ауылы
С.Кәттебеков атындағы
жалпы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Түркістан облысы, Шардара ауданы