Аймақтар • 14 Қараша, 2018

Өзеннің төл атауы қалпына келді

1044 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Газетіміздің биылғы №133 (29364) санында, 17 шілдеде жарық көрген «Өзеннің өз атауын қайтарайық!»  дейді ауыл ақсақалдары» атты мақалада батысқазақстандық бір топ еңбек ардагері ата-бабаның, нақтырақ айтсақ, сонау Асан қайғының аузымен айтылатын қасиетті ел мен жер атауын қалпына келтіруді сұраған еді.  

Өзеннің төл атауы қалпына келді

Мәселенің мән-жайы былай: Батыс Қазақстан облысында Орал тауының оңтүстігіндегі Шыбынды тауы бұлақтарынан басталып, Жайық өзеніне сол жағы­нан құятын, облыстың Шың­ғырлау, Бөрлі аудандары аумағымен өтетін, ұзындығы 290 ша­қырымға созылатын Шың­ғыр­лау атты өзен бар. Осы Шың­ғырлау өзені бүгінде ресми құжаттардың, ғылыми әде­биет­тердің бәрінде «Утва» болып аталып кеткен. Өзеннің атауы қандай шешім негізінде олай аталғаны белгісіз. Ең бірінші бұл атауды ХХ ғасырдың басында қазақ жеріне қаптап келген қарашекпен – переселендер таңса керек. Тың игеру жылдарындағы демографиялық ахуал кірме атауды одан әрі кіріктіре түс­кен. Әйтпесе 1964 жылы жарық көр­ген Кеңес Одағының гео­гра­­фия­лық картасында бұл су «Шың­ғырлау өзені» деп таң­ба­лан­ған көрінеді. Бүгінде Батыс Қазақстан облысының Шың­ғырлау және Бөрлі аудандарында тұрып жатқан бір топ ардагер­дің «Шыңғырлау өзенінің өз ата­уын өзіне қайтарайық!» деп шы­рылдап жүргеніне талай жыл­дың жүзі болған еді. Жоғары­дағы ма­қа­лада осы мәселе тағы бір көтерілген. 

– Шыңғырлау өзенінің тарихи атауын өзіне қайтару – ма­ған аманат еді. Аманат жүгі ауыр ғой, – дейді осы бастаманы қол­ға алып, талай жылдан тыным тап­пай жүрген журналистика ар­да­гері Қуанышқали Ғұсманов ақсақал.

Ол қалай болды дейсіз ғой. Зейнет демалысына дейін ұзақ жыл Шыңғырлау аудандық пар­тия комитетінде қызмет еткен, соңынан мектеп дирек­торы болған Төлеуқайыр Хамитов 2002 жылы «Бөрлі жаршысы» газетінде «Утваның тарихи атауы Шыңғырлау» атты мақала шығарған екен. Бірақ оған ол кезде елең еткен жан болмаған. Сол ақсақал: «Қуа­ныш­қали, сен журналиссің ғой, Шың­ғырлаудың ежелгі тарихи атауы қалайша Утва деп аталып кетті, осыны түзеу керек», деп аманаттаған екен. Содан кейін Бөрлі ауданының соғыс және еңбек ардагерлері Айтмағамбет Мырзабаев, Қайыр Беккужиев, Дәулет Үдербаев, Сатқали Бақ­ты­баев, Сапаш Өтебаев, Рама­зан Ізімов, тағы басқалары ақыл­дасып, хатқа қол қойып, тиісті мекемелерге жіберумен болған. 

– Біз осы мәселені айтып Қазақ­стан Республикасы Прези­дентінің атына екі рет, Парламент Мәжілісі депутаттарына, Батыс Қазақстан облыстық әкімдік аппаратына, облыстық мәслихат хатшысына, аудандық әкімдік­ке бірнеше өтініш хат жаз­дық. Ол хаттар бұл күнде бір папка болды, әлі қолымда сақтау­лы. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Өзеннің көне атауы Шыңғырлау» (2016 жыл­ғы 19 қараша), «Өзеннің өз атауын қайтарайық» (2018 жылғы 17 шілде), Батыс Қазақ­стан облыстық «Орал өңірі» газе­тінде «Өзеннің өз атауы қай­тарылса» (2010 жылғы 27 мамыр), «Утваның төл атауы Шың­ғырлау немесе Ардагерлер ұсынысы неге орындалмайды» (2011 жылғы 17 ақпан) деген тақырыптармен мақалалар жарияланды. Өткен жылы мамыр айында Батыс Қазақстан облысы әкімінің жеке қабылдауында да болдық, – дейді Қуанышқали Қабдошұлы ақсақал. 

Бүгінде жасы 82-ден асқан қарияның бұлайша мазасыздануында мән бар. Өйткені осыдан 16 жыл бұрын осы істі бірге бастаған ардагерлердің көбі бүгінде өмірден өтіп кетті. Жасы ұлғайған сайын «апырмай, айдай анық көрініп тұрған ақиқатты қалпына келтіре алмай қаламын ба?» деген уайым да күшейген. 

Қуанышқали ағайдың қай­ратына таңғаласыз. Шың­ғыр­лау өзені екі ауданға ортақ дедік қой. Биыл жазда Ақсай қаласындағы жастардың «Туған жерге тағзым» клубының мүшелерін бастап, Шыңғырлау өзенінің бастау бұлағын көріп қайтыпты. Одан кейін Бөрлі ауданының жаңадан келген әкімі Санжар Әлиевтің қабылдауына бір топ ардагермен бірге кіріп, Шыңғырлау өзенінің тарихи атауын қайтару жайлы тағы айтып шыққан. Жақында ағамыз Орал қаласына, «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің қосынына бас сұқты.

– Айналайын, екі аудан тұр­ғындарын сергелдеңге салған ақиқат ақыры анықталды. Бір кезде отарлау немесе орыстану кезінде кеткен қателік арада жарты ғасырдан кейін түзетілді. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Ұлттық картографиялық-гео­де­зиялық қоры» РМҚК мен Гео­графия институты бірігіп шы­ғарған орысша және қазақша 32 томдықтың Батыс Қазақстан облысына арналған 12 томдығында «Утва» өзені «Шыңғырлау» өзені деген атаумен түзетіліп көрсетілген» деген жауап хат келді. Халық үшін, ел үшін керек ұлттық ортақ мәселені шешуге көмектескен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымына, осы іске атсалысқан өзге де ұйымдар мен азаматтар­ға аудан тұрғындары және өзім­нің атымнан рахметімді айта­йын деп келдім. Бөрлі ауданы әкімі­нің орынбасары Алпамыс Көш­­кінбаев өзен бойында «Утва» болып жазулы тұрған бел­­­гі­­­лерді «Шыңғырлау» атауы­на өзгертуге уәдесін берді. Сөй­тіп мойнымнан үлкен жүк түсті, – дейді Қазақстанның құр­метті журналисі, тыл және еңбек арда­гері Қуанышқали Ғұсманов.

Ақсақалдың ақжүрек қуаны­шын оқырмандарымызға жет­кізуге біз де асықтық. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы