Қазақстан • 14 Қараша, 2018

Алматыда экстремизмге қарсы халықаралық семинар өтті

634 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда «Орталық Азияда білім беру арқылы зорлық-зомбылық экстремизмнің алдын алу» тақырыбында аймақтық семинар өтті. Үш күн бойы өзекті мәселелер сараланған жиынға  Юнеско Штаб-пәтерінің Банкок,  Алматы және Ташкент кеңселерінің білім беру саласы мамандары және БҰҰ-ның халықаралық мекемелері мен агенттіктерінің сарапшылары қатысты.

Алматыда экстремизмге қарсы халықаралық семинар өтті

Елбасы өзінің бір сөзінде: «Діннен адамдарды бір-біріне қарсы қоятын емес, керісінше, оларды бір-бірімен табыстыратын бастауларды іздеуіміз керек» деген болатын. Бүгінде дәстүрлі дін мен түрлі теріс ағымдардың ара-жігін ажырата білу аса маңызды. Оған тойтарыс беретін ең дұрыс жол – сапалы білім мен саналы тәрбие екені даусыз. Осы мақсатқа негізделген іс-шара Халықаралық ұйымдардың шеңберінде «Құқық үстемдігі принципін қолдаудағы жаһан азаматтығы рухында білім беру» контекстінде ұйымдастырылып отыр. Әлемнің әр қиырынан келген білікті мамандар Орта Азиядағы әлеуметтік мәселелер мен түрлі қайшылықтарды білім беру арқылы кешенді реттеудің маңыздылығын айтты. Олар аталған бастама дәстүрлі наным-сенім және ежелгі тарихпен сабақтасып жатуы қажет деп есептейді.

– Бүгінде көптеген елдер діни, этностық немесе саяси себептерге негізделген зорлық-зомбылық экстремизмнің сын-қатерлеріне тап болып отыр. Бұл ретте Орталық Азия елдері де шетте қалмайды. Сондықтан өңірдегі зорлық-зомбылық экстремизмнің себептерін түсінуді жақсарту маңызды. Осы мәселені талқылау бойынша бірқатар кеңестер өткізілді, онда зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу саласында «жұмсақ тәсілдің» және ағартудың маңызды рөл атқаратыны анық мойындалды. Сондықтан да, мүдделі тараптардың басын қосу арқылы осы семинарды өткізудің маңызы зор болды. Біз білім берудің зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күш тудыратындығын талдауды мақсат еттік, – дейді Алматыдағы Юнеско Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат.

Халықаралық ұйымның сарапшысы Сәуле Жанатқызының пікірінше жастарға ең алдымен өзінің тарихы туралы дұрыс көзқарас қалыптастыра алуымыз керек. «Жастарымыз сыни тұрғыдан ойлап, көп мәселені терең зерделесе дейміз. Оған жету үшін біз оларды мектеп жасынан бастап осыған тәрбиелеуіміз қажет. Мектеппен шектеліп қалмай, бұл жұмыстар университетте де жалғасын тапқаны дұрыс. Радикализм тек дінмен ғана байланысты емес. Оның астында дінді жамылған басқа да саяси мүдделер жатуы ықтимал. Осының ара-жігін ажырата алуымыз қажет» дейді ол.    

Аталмыш іс-шараның мақсаты - ЮНЕСКО-ның білім беру шараларын күшейту және жастардың төзімділігін арттыру, зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын-алу тәсілдерін тиімді және тиісті түрде қамтамасыз ету. Семинарда Орталық Азия аймағындағы зорлық-зомбылық экстремизмі мәселелерін нақты түсіну, білім беру арқылы оның алдын алу бойынша жаңа құралдар мен инновациялық тәсілдерді қолдану ісі кеңінен  талқыланды. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ