Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 7 қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жалғаса беретінін, халық қаражаттың қайда және қандай мақсатқа жұмсалғанын білуге тиіс екенін айтқанын еске салды.
Комиссия отырысында халықты жұмыспен қамту саласындағы заңдылықты сақтауға, сондай-ақ «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігіне қатысты қабылданып жатқан шаралар талқыланды.
Сонымен қатар Бас прокуратураның, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Инвестициялар және даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Жалпы, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізі. Бұл бағытты қолдау бойынша қабылданған кешенді бағдарламалар еңбек нарығында тұрақтылықтың сақталуына және дағдарыс кезеңдерінің келеңсіз салдарларын жұмсартуға септігін тигізеді.
Бүгінде жоғарыда аталған бағдарламаларды қаржыландыруға айтарлықтай мемлекет қаражаты бөлінуде. Сонымен бірге 2016 жылдан бері антикоррупциялық қызмет 194 қылмысты тіркеп, 32 адам сотталған. Заң бұзу жайттары негізінен жұмысқа тұру фактілерінің жалғандығымен, бюджет қаражаты мен алынған шағын несиелерді басқа мақсаттарға пайдаланумен байланысты болып отыр.
Г.Әбдіқалықова осы орайда сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтатын тиімді тетіктерді енгізу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ құқық қорғау және бақылау органдары өкілдері комиссияны қаржыландырылуы 3 трлн теңгеден асқан «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға байланысты көптеген заң бұзушылықтар жөнінен хабардар етті. Мәселен, бағдарлама жүзеге асырыла басталғалы бері 120 сотқа дейінгі тергеу қолға алынып, 48 адам сотталған. Мемлекеттік аудит органдары жалпы құны 48 млрд теңге болатын заң бұзу жайттарын тіркеген.
Мемлекеттік хатшы сыбайлас жемқорлықты азайту үшін жергілікті жерлерде әрбір инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, электронды ресурстар мүмкіндіктерін кеңінен қолдану маңызды екенін атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша комиссия өкілетті мемлекеттік органдарға анықталған заң бұзу жайттарын жою бағытында нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»