Әрине, бәзбір батыр бабаларымыз Кутузов әскерімен бірге барып Сенадан ат суарған, Әміре мен Мұстафадай Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті қаланың әйгілі Әубәкіроваға да жаттығы жоқ. Мұнда ол бұған дейін де бірнеше рет ат басын бұрған. Белгілі пианиношы осы елде өткен халықаралық Маргарет Лонг және Жак Тибо конкурсында 1983 жылы Гран-приді жеңіп алған. Францияның өнер және әдебиетінің орденімен марапатталған.
Отыз жылдан бергі шығармашылық жолында шырқау биіктерге шығып, көрермен көзайымына айналған Жәния Жақияқызы Париждің Корто залына жалғыз келмепті. Кіл саңлақтар самғаған киелі сахнаға бүгінде Еуропада білім алып, жұмыс істеп жүрген дарынды қазақстандық жастарды шығарып, талғампаз көпшілікке таныстырды. Атап айтқанда, қазірдің өзінде беделді бәйгелерді қанжығаларына байлап үлгерген скрипкашы Ержан Күлібаев, виолончельші Сәния Дүркеева, аккардеоншы Роман Юсийпей әлем әспеттеген ұлы классиктердің, сондай-ақ заманауи заңғар композиторлардың шығармаларын шырайын шығарып орындады.
Қазақстандық музыканттардың қабілет қарымына қайран қалған, француздар қошеметпен қол соқты. «Ғажап! Ғаламат орындау шеберлігіне тәнтіміз. Бахтың хоралын пианино мен аккардеонның сүйемелдеуімен орындалғанын бұрын-соңды көрмеген едік. Керемет» дескен көрермен таңданысы біздің мәдениетіміздің мерейін бір өсіріп тастағаны талассыз.
Осыған орай қуанышын жасыра алмаған дара дарын иелерінің бірі Сәния Дүркеева кейінгі ізбасарларын қанатының астына алып, қамқорлық танытушы Жәния Әубәкірованың атына алғыс сезімін білдірді. «Ол әйгілі әртіс қана емес, ұлағатты ұстаз да. Осы кісілердей корифейлері бар ұлттық өнеріміздің көші қашанда көрікті болмақ», деді ол ойын түйіндеп.
Қазақтың қадірлі қызының еуропалық туры бұйырса, енді Аустрия, Германия және Польша астаналарында жалғаспақ.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»