Тіл жанды құбылыс әрі жалпы халықтың қазынасы болғандықтан, оның заманмен ілесе, кейде ілгері жүріп дамып отыруы қалыпты да қажетті үдеріс. Дегенмен, тек мамандардың ғана араласуын, ғалымдардың ғана ыждағатын қажет ететін тілдік қабаттар да бар. Ол біз сөз еткелі отырған – терминология мәселесі. Өйткені ерінбеген адамның барлығы жаппай терминші болып кеткен қазіргі кезеңде шет тілдерден енген терминдердің кейде жарыспалы баламаларының қаптап кетуі, тіпті арагідік оқшырайған рабайсыз атаулардың пайда болуы, олардың тілімізді байытудан гөрі кескінін кетіріп, жадағайландырып тұратыны жасырын емес.
Сондықтан да болар, бұл мәселені Елбасының өзі де бірнеше рет тілге тиек етті. Бұған аса байыппен, ғылыми дәлдікпен қарауды ұсынды. Осыны естіп алған кейбір науқаншыл атқамінерлер Елбасы ескертуінің байыбына бармай оны ұшқары түсініп, «халықаралық терминдерді мүлдем қазақ тіліне аударуға болмайды, оларды сол қалпынша өзгертпей алу керек» деп аттанға айғай қосып даурығып ала жөнелді. Әлбетте, бұндай ұшқарылық біржақтылыққа ұрындыратыны сөзсіз. Сондықтан асығыстыққа жол бермей, әрбір дүниені салмақтап, байыптап барып, іске кіріскен жөн.
Сонымен Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі өрісі қайтсе кеңейеді?
Тілдің өміршеңдігінің басты кепілі – оның ғылым тіліне айналуы. Ғылым тілінің тірегі – терминология. Ұлттық терминология өркендемей, ұлт тілінің де өріс жая қоюы неғайбыл. Сондықтан тілін ғұмырлы, елдігін тұғырлы етуді көздеген ұлт бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, үнемі назарында ұстайды.
Қазақ тілін ғылым тілі ретінде қолдану мен дамытудың мынадай үш негізгі көзі мен өрісі бар:
- орта мектептердегі, жоғары оқу орындарындағы бүкіл пәндер мен мамандықтар бойынша оқу құралдарын қазақ тілінде шығару және оның қазақ тілінде оқытылуын қамтамасыз ету;
- ғылымның барша саласы бойынша қазақ тілінде ғылыми зерттеулер жүргізу;
- ғылыми әдебиеттерді шет тілдерінен қазақ тіліне аудару.
Осында аталған ғылым тілінің бірінші көзіне келсек, орта білім беру жүйесінде бұл мәселе шешімін тапқан. Мектеп пәндерінің барлығының қазақ тіліндегі оқулықтары бар. Кеңес кезеңінен бері түрлі пәндердің барлығы қазақ тілінде оқытылып, олар бойынша қазақ тілінде салалық ғылыми терминдер жап-жақсы қалыптасқан. Еліміздің қазіргі көптеген танымал ғалымдары, академиктердің басым бөлігі сол ауылдық мектептердегі аталған оқулықтардан сусындап, ғылымның бастапқы негіздерін алған болатын.
Соңғы жылдары қолға алынған білім реформасына сәйкес еліміздің орта мектептерінде үш тілдік білім беру жүйесін енгізу бастамасы қарқын алып тұр. Білім жүйесіндегі бұл жаңалық бойынша жоғарғы сынып оқушыларына жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде оқытылмақ. Үш тілде білім беру жүйесін қалыптастыру, орта мектептерде жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде өту бастамасы қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қызметін шектейтіні айтпаса да түсінікті.
Меніңше, бұл жобаның қазақ тіліне тигізер зияны орасан зор болады. Яғни оқушылар ендігі жерде жаратылыстану пәндері бойынша қазақ тілінде ұзақ жылдар бойы қалыптасып, қолданылып келе жатқан ғылыми терминдерден біржолата ажырайды деген сөз. Сөйтіп осынау реформаның салдарынан қазақ тілінің табиғи дамуы тарылтылып, ол ғылым, білімнен ығыстырылып, отбасы, ошақ қасының ғана тіліне айналдырылмақ. Айдың, күннің аманында мұндай қадамға баруымыз ешбір ақылға сыймайды. Басқаша айтқанда, бұл Конституцияға тікелей қайшы. Ел Конституциясында Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік мектепте білімді толықтай қазақ тілінде (мемлекеттік тілде) алуына кепілдік берілген. Осынау конституциялық құқықты шектеу адам құқығын аяққа таптап, Ата Заңды өрескел бұзу болып табылады. Ешкімге де мұндай құзырет берілген жоқ. Сондықтан реформашылар бұл жағын да ойлап қойғаны жөн.
Әрине Елбасының үш тұғырлы тіл жобасы болашақты көздеген ойдан туған игі бастама. Оны қолдаймыз. Бірақ Елбасының болашаққа бағытталған, қазақтың тілі мен ойының өрісін кеңейту мақсатындағы озық идеясының өңін айналдырып, оны қасақана қазақ тілінің қолданысын тарылту мақсатында пайдалану аярлық, қазақ халқы мен қазақ тіліне деген қысастық, зор қиянат деп білеміз.
Қазақстанда ағылшын тілін үйренуге, қолдануға ешкім де қарсы емес. Мұны бәріміз де қолдаймыз. Білім және ғылым министрлігі айтпай-ақ, ешқандай насихатсыз-ақ әрбір азамат, әрбір ата-ана өз баласын ақылы негізде ағылшын тілін оқытуға әлдеқашан кірісіп кеткен. Бірақ осы жерде ескеретін бір мәселе бар. Ағылшын тілін тіл ретінде оқыту мен пәнді ағылшын тілінде оқыту бар. Біз осы екеуінің арасын айырып алайық. Білім және ғылым министрлігі әдейі жұртқа осы екеуінің арасын ажыратпай ұсыну арқылы көз алдап, елді адастырып отыр.
Жеке мектептерде, дарынды балаларға арналған арнаулы мектептерде мұндай тәжірибені сынақтан өткізуге болар. Ал мемлекеттік мектептерде жаратылыстану пәндерін жаппай ағылшын тілінде оқытуға түбегейлі қарсымын. Сондықтан орта мектептерде барлық пәнді толықтай қазақ тілінде оқытуды сақтау керек деп санаймын.
Арнаулы орта және жоғары оқу орындарындағы мамандықтардың қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз етілу жайына келсек, мұнда тиісті оқу құралдары әлі де толық емес. Әсіресе жаратылыстану саласындағы мамандықтарда қазақ тіліндегі оқулықтар тапшы. Тиісті оқулығы болмаса, одан қандай маман дайындалып шықпақ? Сондықтан Білім және ғылым министрлігі барлық мамандықты қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз етуге бағытталған шараларды тез арада қолға алуға тиіс. Бұл ретте қазақ тілінде оқулық дайындаушы ғалымдарды, ұстаздарды материалдық ынталандыру, қаламақы төлеу мәселесін шешу керек.
Екінші, яғни қазақ тілінде ғылыми зерттеулер жүргізу жағы да көңіл көншітерлік дәрежеде емес. Бұған қазақ тілінде жүргізілген ғылыми зерттеулердің, қорғалған диссертациялардың статистикасына қарап көз жеткізуге болады. Бұл мәселеге де Білім және ғылым министрлігі назар аударып, оны шешудің жолдарын қарастыруы, ғылыми зерттеулерді қазақ тілінде жүргізуді міндеттейтін, ынталандыратын шаралар кешенін қолға алуы керек.
Үшінші, ғылыми әдебиеттерді шет тілдерінен қазақ тіліне аудару жайы соңғы жылдары қолға алынуда. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша гуманитарлық салада бірқатар еңбектер аударылды. Елбасы ұсынған «100 оқулық» жобасы бойынша да аударма ісіне серпін берілді. Алайда тек 100 оқулықпен ғана шектеліп қалуға болмайды. Мұны тек үлкен іске жол ашқан бастама деп түсіну керек. Аударма ісі үздіксіз, тоқтаусыз жүргізіле бергені жөн. Бұл тілді, ғылыми ойды байытудың бірден-бір көзі. Оны ынталандырудың да жолдары көп. Министрлік бұл іске оқытушылармен қатар магистранттар мен докторанттарды да тартатындай тетіктерді енгізсе жөн болар еді. Сол арқылы шет тілінен үздік және сапалы ғылыми әдебиеттерді іріктеп, көптеп аударуға жол ашуға болады деп ойлаймын.
Сонымен шет тіліндегі терминдерді қазақ тіліне аударуға бола ма?
Соңғы жылдары халықаралық терминдерді аударуға болмайды, оларды тұлғалық бітімін өзгертпей сол қалпында алу керек деген пікір басымдық танытып тұр. Бұл ретте мынадай сұрақтардың сұлбасы бой көрсетеді. Халықаралық термин дегеніміз не? Оларды қандай халықаралық ұйым бекіткен? Халықаралық терминдерді әлемдегі барлық ел сол қалпында пайдаланып жүр ме?
Біздіңше, ел арасында халықаралық термин атауы қолданылғанымен, шын мәнінде, халықаралық ұйымдардың алқалы жиынында бекітілген халықаралық терминдер деген жоқ. Халықаралық сауда палатасының еларалық сауда-саттық барысында түсініспеушілікке ұрынбау үшін сыртқы сауда саласында қолданылатын бірқатар терминдерді бірдей қолдану мақсатында кең пайдаланылатын сауда-саттық терминдерінің сөздігін (Инкотермс (ағылш. Incoterms, International commercial terms)) шығарып отыратын дәстүрі бар. Бұл шектеулі саланы бүкіл терминге телуге болмайды. Демек, ғылыми аяда орныққан, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдер тарапынан ортақ мәмілеге келіп, халықаралық деңгейде арнайы бекітілген, барша ел оны сол қалпында өзгеріссіз қолдану керек деген халықаралық терминдердің тізбесі жоқ.
Олай болса, біздің халықаралық терминдерді қазақ тіліне аударуға, оны тілдік заңдылығымызға сай тұлғасын бейімдеп пайдалануға немесе баламасын беруге болмайды деп өзеуреуімізге жол болсын. Әрі-беріден соң біздің халықаралық терминдер дегеніміз арғы тегі латын, грек тілдерінен бастау алатын еуропалық тілдердегі ғылыми атаулар. Олар халықаралық термин, олардың тұлғасын өзгертпей қолдану қажет дейтін болсақ, онда тап сол қалпында алуымыз керек еді ғой. Ал біздің халықаралық терминдер деп қолданып жүрген атауларымыз бұл терминдердің орыс тілінің заңдылығына сай бейімделген нұсқаларын қазақ тілінде де сол орыс тіліндегі нұсқасынан өзгертпей алып жүрген атаулар емес пе?! Сонда халықаралық терминдерді өзгертпей алу керек дейтін қағида қайда қалды? Әлде ол орыс тіліне жүрмей ме? Әлде орыс тілі халықаралық терминнің басты көзі ме?
Демек, мұндай ниеттегі адамдардың теріс пиғылы – халықаралық терминдерді аударуға болмайды деген желеумен қазақ тіліндегі термин шығармашылығына шектеу қойып, орыс-еуропа тілдерінің үстемдігін сақтап қалу. Сондықтан кез келген мәселеге кеңестік-орыстық көзілдірікпен қарайтын ескі дағдыдан арылу керек. Тәуелсіз ойлап, қазақ тілінің қуаты мен болашағына сенім артпасақ, дамыған отыз елдің қатарына қосылу былай тұрсын, осы қалпымызды сақтап қалудың өзі мұң болуы мүмкін. Бұл ретте, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған білімпаз тілші ғалымдардың ғылыми негіздеген терминжасамға қойылатын принциптері бар. Әркез осыны негізге алып жүрсек адаса қоймаймыз деп ойлаймын. Ал елде термин шығармашылығы жүйесін жетілдіру, Терминком жұмысын жаңаша қалыпта ұйымдастыру, оның пәрменін арттыру, тиімділігін күшейту мәселесі арнайы сөз етуді қажет етеді.
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының
бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор,
ҰҒА академигі