Конференция жұмысына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Парламент депутаттары, еліміздегі жетекші сарапшылар мен ғылыми қызметкерлер қатысты. Жиынды ашқан Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы бастамасымен жүргізіліп жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесін құру және енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымдылығына тоқталды. «Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында цифрландыруды Қазақстанның Үшінші жаңғыруының арқауы деп атап, цифрлы технологияға көшу туралы нақты нұсқаулар берді.
Бүгінде Қазақстан архив ісін дамытудың жаңа кезеңіне көшіп отыр. Архивтік құжаттарды сандық жеткізгіштерге аудару, ғылыми-анықтамалық аппарат пен архив қорларының автоматтандырылған дерекқорын құру ақпарат сапасын жоғалтпай ұзақ уақыт сақтауды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік органдарда «Электронды құжаттар қоймасы» сервистік бағдарламалық өнімі енгізіліп жатыр. Бұл электронды құжаттардың үлкен көлемін сақтауға және басқаруға арналған заманауи бағдарламалық-аппараттық кешен», деген министр архив саласының қызметкерлерін Қазақстан Республикасы «Ұлттық архив қоры мен архив туралы» Заңының қабылданғанына жиырма жыл толуымен құттықтады.
Ұлттық архив қорындағы құжаттарды жинақтау, тізімге алу, сақтау және пайдалану сынды архив қызметінің негізгі бағыттарын атап өткен Ұлттық архив директоры Жангелді Махашов электронды құжат айналымына толық көшудің оңтайлы тұстары туралы баяндады.
– Ұлттық архивте мәдени, саяси және өнер қайраткерлеріне тиесілі 6 мыңға жуық сақтау бірлігінен тұратын жеке тектік құжаттар сақтаулы. Цифрлы көшірмелер қағаз түпнұсқаның ұзақ уақыт сақталуына мүмкіндік берсе, екінші жағынан құжаттық архив мұрасын жаппай цифрландыру көптеген зерттеушілерге – жергілікті өлкетанушыларға, тарихшыларға, журналистерге жұмыс істеуге ыңғайлы. Желілік технологиялар арқасында құжат қоғамға қолжетімді болады, – деді архив директоры.
Директордың айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 2014 жылдан бері мемлекеттік органдарда құжаттарды электронды құжаттар қоймасына көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Архив ісі бойынша алыс және жақын шет мемлекеттермен 12 халықаралық келісімшартқа, 3 меморандумға қол жеткізілген.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция шеңберінде архив мекемелері қызметінің басты бағыттары бойынша пікірталас жүргізіліп, сақтау қорынан алынған тарихи маңызы зор мемлекеттік құжаттардың көрмесі өтті. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 40-қа тарта үздік қызметкерді Қазақстанның архив саласының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін марапаттады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві 11 жылдан бері Халықаралық Архивтер Кеңесінің Еуроазиялық өңірлік бөлімшесінің мүшесі. Республикада барлығы 219 мемлекеттік архивте 3 185 қызметкер жұмыс атқарады. Бұл архивтерде 24 миллион сақтау бірліктері бар. 760 киноқұжат, 4 957 бірлік фотоқұжат, 981 фоноқұжат бар. Бүгінге дейін 39 340 сақтау бірліктері цифрландырылды.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»