– Елбасымыздың сол кездегі осы тарихи шешімін көпшілік бірден түсіне алмады, – деген еді «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының 25 жыл толуына орай Семейде өткен айтулы шарада сөз алған ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, – тек біраз уақыт өткенде ғана адамдар бұл аса маңызды қадам екенін ұға бастады. Курчатовта Ұлттық ядролық орталық құрылып, онда ғалымдар Семей сынақ полигонын тазарту, апаттан зардап шеккен жердің экологиялық жағдайын зерттеу, ядролық медицинаны дамыту сияқты өзекті дүниелермен айналысуды Елбасының бастамасымен жолға қойды.
– «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсенділері Елбасының ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі бастамасы аясында бүгінге дейін күресті жалғастырып келеді, – дейді «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, облыстық «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени орталығының жетекшісі Сұлтан Картоев.
Сұлтан Омарұлы Картоев Павлодар қаласында қарапайым жұмысшы отбасында туып-өскен, 8 баланың тұңғышы. Бала күнінен алғырлығымен көзге түскен С.Картоев мектепте үздік оқып, белсенділердің қатарында болады. Еңбекке ерте араласып, оқудан да қол үзбейді. От та жақты, аула да сыпырды, сылақшы да болған ол Павлодар қаласының құрылыс ұйымдарында бетоншы болып та жұмыс істейді. Осылайша орта мектепті бітіргенге дейін С.Картоевтың кәдімгідей-ақ құрылыс саласында еңбек тәжірибесі де жинақталып қалды. 1969 жылы Павлодар индустриалды институтының жылу электр стансасының инженер-электригі мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1974 жылы тәмамдайды. Жоғары оқу орнын бітірген соң бұрынғы Семей облысына жолдамамен келіп, отбасымен тұрақтап қалады. Сөйтіп Қазақстан энергетикасын дамыту саласында 25 жыл еңбек етті.
– Ата-анама өте қиын болды, – деп есіне алады Сұлтан Картоев, – сегіз баланы асырау оңай емес, жыл сайын біреуі мектепке барады. Мектепте белсенді болдым, пионер, комсомол жиындарынан қалмай жүрдім. Математика, әдебиеттен озат оқушы атанып, республикалық, бүкілодақтық олимпиадаларға қатысып, жүлделермен оралатынмын. Мектепте ғана емес, қалада көшбасшы болдым. Қазір жастар қалт етсе телефондарына үңіледі. Ал біздің кезімізде тек қана кітап бар еді. Кітапханадан шықпайтын едім. Қазірдің өзінде қайталап оқитын кітаптарым көп, ол – Абайдың қара сөздері мен Олжас Сүлейменовтің шығармалары.
Кейіпкеріміз балалық шағында балалар әдебиетін, оның ішінде шетел әдебиетінің жауһарларын жібермей оқыған көрінеді. Жасөспірім кезінде А.Чехов, М.Лермонтов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ғ.Мүсірепов, С.Торайғыров, О.Сүлейменовпен қатар бүкіл Еуропа классиктерінің шығармаларымен сусындаған. «ЖЗЛ» сериясымен шыққан басылымдарды қалт жібермей оқыған.
– Қарап отырсам, бала кезімнен алда жүруді, тек қана жетекші болуды мақсат етіппін, – дейді Сұлтан Картоев, – біреудің соңында қалу қанымда жоқ қасиет. Қарапайым жұмысшы отбасында тусам да, бұл қайдан келген оқымысты, белсенді деп жұрт таңғалатын. Ата-анасы болса қарапайым жұмысшылар, ал баласы көшбасшылыққа ұмтылады. Бұл қалай? Тек ұзақ жылдар өткен соң ғана кімге тартқанымды түсіндім. Қазақтар жеті атасын түгендеп, шежіре таратып отыратын неткен ақылды халық десеңші?! Менің көшбасшылыққа ұмтылуым атама тартқандығым екен-ау.
– Біз Қазақстанда туып-өстік қой. Барлық чешен-ингуш отбасы сияқты біздің әулет те Қазақстанға жер аударылған. Атам туралы тек 2003 жылы, немерелі болып, ақсақал атанғанда ғана естіп таң-тамаша болдым. Маған Ингушетия президенті Руслан Аушевтың «Ингуш халқының даңқты тұлғалары» деген жарлығын көрсетті. Әскерилер деген бөлімнен «Картоев Хазбот Цозгович» деген атам туралы бір жол жазбаны ғана оқыдым, басқа еш дерек жоқ. Содан 13 жыл өтті. 2016 жылы Астанаға «Ингуш республикасының ән-жырлары» атты концерттік бағдарламаға шақырды. Онда Ресей делегациясымен келген бір жігіт жолығып, «сіздің ағайындас бауырыңызбын» деп таныстырды өзін. Атамның марапат қағаздарын, фотодеректерін, бейнежазбаларын және барлық төрт медалін әкеліп көрсетті. Сол кезде ғана атамның даңқты адам болғанын түсіндім. Өз ата-тегімді тапқаныма ерекше қуаныштымын. Түрім де атамнан аумайды екен. Менің көшбасшы болуым осы атама тартқан мінезімнен екен. Мен енді Хазбот Картоев тегін мақтанышпен алып жүремін. Атамды тауып алғаным жүрегіме жылу орнатты. Қиын кезде, көңіліме кірбің ұялағанда, атамекенім Ингушетияны сағынып көңілім босаған сәтте Семейдегі жұмыс кабинетімнің қабырғасында ілініп тұрған атамның портретіне қараймын. Ол маған көмек береді. Сенім мен бақыт сыйлайды. Мен өз шежіремді таптым. Бауырлас қазағыма ризамын.
Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ