Қазақстан • 16 Қараша, 2018

Шығын азайып, табыс арта түсті

515 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің кезекті отырысы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысына арналды. Кеңес отырысына депутаттармен қатар, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Шығын азайып, табыс арта түсті

Жиынды ашқан Эконо­ми­калық саясат жөніндегі кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев өз сөзінде Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында елімізді цифрландыру кеңістігін кеңейте түсу жөнінде тапсырма бергендігін еске салды.

Ал негізгі баяндамашы Ақпа­рат және коммуникациялар ми­нистрінің орынбасары Динара Щеглова еліміздегі цифрландыру бағдарламасының басты бағыттары бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып берді.

Мәселен, оның айтуынша, мем­лекеттік бағдарлама басты бес бағыт пен 17 бастамадан тұра­ды. Атап айтқанда, экономи­ка салаларын цифрландыру, цифр­лы мемлекетке көшу, цифр­лы Жібек жолын іске асыру, адам капиталын дамыту және инно­ва­циялық экожүйені құру салалар­ында айтарлықтай ілгерілеушіліктер анықталған. 

– Қазірдің өзінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ла­масының іс-ша­ра­ларын орындау бойынша жоғары нәти­же­лер байқалуда, – деген вице-минис­тр бес бағыттың әрқайсысы бо­йынша нақты көр­сеткіштерге тоқ­талды. 

Мәселен, мұнайды барлап, өнді­ру проц­естері цифрландыру­мен қамтылған. Осы­ның нәти­же­сінде зияткерлік кен орындарын енгізу арқылы алынатын мұнай коэф­фициентін 5 па­йыз­ға арттыруға және опе­ра­ция­лық шығындарды 10 пайызға және жөндеу аралық кезеңді 8 па­йызға қысқартуға қол жеткіз­ілген. Мұндай үдеріспен қам­тыл­ған атом өндірісінен бас­тап, мемлекеттік қызмет, ауыл ша­руа­шылығы, денсаулық сақтау, білім, сауда салаларында шы­ғындар азайып, еңбек өнімділігі мен табыс артып келеді.   

– Қазіргі кезде цифрландыруды қажет ететін бес басым бағыт анықталды. Бұл – білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық салалары, – деді Д.Щеглова. 

Кеңес отырысында Инвес­ти­циялар және даму министрінің орынбасары А.Қабыкенов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары О.Ордабаев цифрландыру бағдарламасының іске асырылуы бойынша ақпараттарымен бөлісті.  Сондай-ақ Атырау қаласында орналасқан «Ембімұнайгаз» АҚ департаментінің директоры Б.Нысанбаев жиналғандарға «Зияткерлік кен орны» жобасы туралы айтып берді. 

Отырысты қорытындылай келе Б.Мам­раев цифрландырудың халықаралық стан­дарттарға сай қоғамның әлеуметтік өсуіне де, экономикалық мәселелерді ке­шенді ше­шуге де бағытталған ин­дустриялық-инно­вациялық да­му бағдарламасын іске асыруда маңызды рөл атқаратындығын атап өтті. 

Кеңес отырысының қоры­тындысы бойынша «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағ­­дар­ламасын іске асыру бойынша мем­лекеттік және басқа да жа­уапты органдарға ұсыныстар қабылданды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»