Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Әбіш Кекілбайұлының немересі Елдар Әбіш «Ә.Кекілбаевтың шығармашылығы мен қоғамдық-саяси қызметіндегі неопатриотизм мен неокосмополитизм» тақырыбында ғылыми жұмыс жазып, оқушылар арасындағы республикалық бәйгеде және Петерборда өткен халықаралық оқушылар арасындағы жарыста бірінші орын алды.
Елдар қазір Ақтау қаласындағы жалпы білім беретін №1 мектептің 11-сыныбында оқиды. Елдардың ғылыми жұмысына жетекшілік етіп, бас-көз болып жүрген ұстазы – тарих пәнінің мұғалімі Тамара Стасенко. «Елдар кішкентай күнінен кітапқа қызығып, атасының шығармаларын оқып жүретін. Әкесінің жанында жүріп, фильм түсіру жұмыстарына да қатысатын. Өзі: «атам туралы ғылыми жұмыс жазғым келеді» деп бастама көтеріп, ғылыми жетекшісі екеуі алған тақырыптарын соңына дейін жеткізді. Республикалық, халықаралық бәйгеден жүлделі келгеніне мен де айрықша қуанып отырмын. Оның үстіне, жазған жұмысы атасы туралы» деп қуанышымен бөлісті әжесі, Клара Жұмабайқызы.
Бұл алғашқы ғылыми жұмысын жазу үшін Елдар атасының шығармаларын оқып қана қоймай, ол туған ауылды, оқыған университетін, жұмыс орнын түгел зерттеп, аралап шыққан. Тиянақты жұмысының нәтижесінде елеулі жетістікке жеткен тектінің тұяғына біз әрқашан тілеулеспіз.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»