Видео • 16 Қараша, 2018

«Өрнек». Бір өлеңнің сыры. Ерлан Жүніс (видео)

1587 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүністің «Алматыға барсам мені...» өлеңі оқырмандардың жылы ықыласына ие болды. Осы өлеңдегі сезімді Алатау баурына барғанда әлсін-әлсін кешетін ақын уақыт жетегінде кеткен бозбала бейнесін сағынады. Бүгінгі сыр да, өлең де осы жайлы.

«Өрнек». Бір өлеңнің сыры. Ерлан Жүніс (видео)

Өлеңді оқыған – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер Нұркен Өтеуіл.

                                 ***

Алматыға барсам мені Ерлан Жүніс қарсы алады,
Көздерінен білінеді қажығаны, шаршағаны,
Бала сынды қалбалақтап, алып-ұшып мəз болады,
Қуанғаны - тіпті мені жылата да жаздағаны,
Мені күтіп тұрған сынды жылдар бойы сол бір маңда,
Көшіп келген кезі ме екен Астана ма, Жамбылдан ба?!.
Алатаудан ауған бұлтпен қала ішінде бірге көшіп,
Шаштарына құс ұя сап, иығына гүлдер өсіп
Үлгеріпті!
Үлгеріпті шаттанып та, шерленіп те,
«Балқыбекке бармадық па, Зейіпханды көрмедік пе?»,
(дейді маған, білмей ме екен олар кетіп қалғандығын,
Білмей ме екен ақындарға жалған – екі жалғандығын?!.),
Мəйханаға ертіп барып, масайраған күйге енеді,
«Алматыда қалам – дейді – маған – дейді – үй береді»,
Білмей ме екен талай жылды – талай жырды кешкендігін,
Кешкендігін, өзінің де Жетісуға көшкендігін?!.
Гегель мен Бэконды айтып, «ой мəнісін тапшы» дейді,
Оқығаның – жаман емес, жыр жазғаның – жақсы деймін.
Сұлуларды санап шығып, «ең сұлуын тапшы» дейді,
Сұлулар да – жаман емес, сүйген жарың - жақсы деймін,
Ақындарды тізіп беріп, "ең ұлысын тапшы" дейді,
Ұлы ақындар – жаман емес, жас ақындар – жақсы деймін,
Көздеріме тіктеп қарап, кейін күліп жібереді,
Сол күлкіден еске түсер Лермонтовтың бір өлеңі...
«Ей, данышпан Ерлан Жүніс, пəлі, ғашық Ерлан Жүніс,
Қалған жұмыс – жаман емес, жақсы – деймін – барған жұмыс»,
Мен кетемін, ол қалады, беймəлім не аңсағаны,
Əлденеге тамсанады, əлденеден томсарады…
Көздерінен білінеді қажығаны, шаршағаны,
Алматыға барсам мені Ерлан Жүніс қарсы алады…

Материалды дайындағандар: 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ