Қызметкерлерінің жалақысын өсіруге уәде беріп отырған батысқазақстандық компаниялардың 30-ы – өндіріс саласында, 11-і – ауылшаруашылығы секторында, ал тағы 10 фирма тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс бағытында қызмет етіп жүрген ұжымдар екен.
«Караванный путь» құрылыс компаниясының директоры Замир Ихсанов Елбасы үндеуін алғашқылардың бірі болып қолдап, қызметкерлерінің айлық еңбекақы мөлшерін өсіріп үлгергенін айтады.
- Біздің компания Мемлекет басшысының бастамасын толық қолдап отыр. Біз әрдайым өз қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп отырамыз. Жолдаудан кейін компанияда қызмет ететін бүкіл ұжымның жалақысын 20 пайызға, ал төмен жалақы алатын қызметкерлердің айлық табысын 35 пайызға көтердік. Қазір біздің компанияда ең төменгі жалақы мөлшері – 67 мың теңге, - дейді З.Ихсанов.
Елімізде арнайы техника шығаратын ірі кәсіпорынның бірі - «Агрореммаш» АҚ басшылары да игілікті бастамаға үн қосушылардың бірі. 60 жылдан бері бүкіл Қазақстан өңірі мен жақын шетелдерді арнайы өртсөндіргіш техникамен, қалалық абаттандыру мекемелері үшін қажетті су тасу-суару техникаларымен қамтып келе жатқан мекеме бүгінде автоцистерналар, тіркемелі коммуналдық техникалар, еуроконтейнер және басқа да түрлі металлқұрамалар шығарумен де танымал.
- Еңбек еткен адам сол еңбегіне лайықты жалақы алуы тиіс. Бұл бағытта Елбасы өте орынды мәселе көтеріп отыр. Жалақыны өсіру, сол арқылы халықтың жағдайы төмен тобын әлеуметтік қолдау – дұрыс мәселе. Біздің компания да 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеден асыруға шешім қабылдады, - дейді компания директоры Армат Дүйсенов.
2017 жылдың соңында оралдық «ПОШ Руно» фирмасында тері өңдейтін жаңа зауыт іске қосылған болатын. Оның қуаты жылына 182 мың ірі қара терісі мен 624 мың қой-ешкі терісін өңдеуге жетеді. Кәсіпорын шығаратын өнімнің бір жылдық құны 2,2 млрд. теңгеге жетпек. Қазірдің өзінде зауыт шығарған өнім отындық нарықтан бөлек, Түркия мен Еуропа елдеріне экспортталып жатыр екен. Кәсіпорын директоры Ерлан Ілиясов бұл жетістіктерге Елбасы жүргізіп отырған экономикалық саясаттың нәтижесінде қол жеткіздік деп санайды.
- Елбасының осы Жолдауы да мемлекеттік саясаттың әлеуметтің әл-ауқатын көтеруге бағытталғанын көрсетіп отыр. Бүкіл әлем бойынша әлеуметтік бағдарламалар азайып, көптеген мемлекет өз халқы алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындай алмай отырған дағдарыс сәтінде Елбасының бұл бастамасы – өте маңызды қадам деп есептейміз. Біз де өз кезегімізде ең төмен жалақы алатын 50 қызметкеріміздің жалақысын көтеруге шешім қабылдадық. Қаңтар айынан бастап олар айына 92 мың теңге алатын болады, - дейді «Пош Руно» ЖШС басшысы Ерлан Ілиясов.
Кәсіпорын басшыларының игілікті бастамаларын құп алған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев өз кезегінде бұл компаниялардың алдағы қызметі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру ісінде жергілікті билік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан