Аймақтар • 17 Қараша, 2018

Дулат Қажанов: Оңтүстік тұрғындарын Күршімге шақырамыз

140 реткөрсетілді

Күршім ауданы ауыл шаруашылығын дамытуға, оның ішінде сүт тауарлы фермаларын ашуға, мал бордақылау алаңдарын салуға, кооператив жұмыстарын жандандыруға, дұрыс пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтаруға ден қоймақ.

Мың орындық екі мал бордақылау алаңы салынады

«Жоспар көп. Маңайдағы мектептерді таза, экологиялық өнімдермен қамтамасыз ету үшін сүт тауарлы фермаларын ашып, жанынан шағын цехтар құрып, пастерленген сүт, май, ірімшік шығарсақ па дейміз. Кооператив жұмыстарын жандандыру да ойымызда бар. Жасыратыны жоқ, қазір ешкім мал баққысы келмейді, қоя береді. Біз тұрғындарға: «Кооператив ашамыз, малдың бәрін сонда қосасыздар. Сүтті сауасыздар, кооператив төрағасына өткізесіздер. Ақшаларыңызды күнделікті төлеп отырады» деп түсіндіріп жатырмыз. Негізі ауданның барлық ауылдық округтерінде кооперативтер ашылған. Бірақ жұмыстары дұрыс жүрмей тұр. Келесі жылы Абай мен Бурабай ауылдарында мың басқа арналған екі мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Дұрыс, тиімді пайдаланбайтын жерлерді мемлекетке қайтарып, ол жерлерді сүт тауарлы фермаларын ашуға, бордақылау алаңдарын салуға берсек дейміз», - дейді Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов.

Сонымен қатар аудандағы дербес бюджетке ие болған 5 ауылдық округке 10 миллион теңгеден қаражат бөлу, Марқакөл көлі жанындағы Ұранқай ауылына 6 гектар жерге 1 миллиард теңгеге демалыс базасын салу жоспарланып отырған көрінеді. Бұл жобаны жеке кәсіпкерлер жүзеге асырмақ. Жақында аудан әкімдігімен меморандум жасасыпты. Дулат Зайсанбекұлы Күршімде 60 пәтерлі үй салу бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалғанын, сараптамасын күтіп отырғанын жеткізді. Күршім мен Марқакөл ауылдарының кәріз жүйелерін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіпті. Маралды ауылының су құбырын жөндеу де жоспарға еніпті. Жалпы, бүгінде Күршім ауданының ауыз сумен қамтылуы 60 процентті құрайды. «Аудандағы өзекті мәселенің бірі – Мәдениет үйлерінің жағдайы. Аудандағы 10-ға жуық Мәдениет үйі жөндеуді қажет етеді. Материалдық-техникалық базасы нашар. Осы мәселеге көңіл бөлу керек», - дейді Д.Қажанов.

Мақсатымыз – халық санын көбейту

Тұмса табиғаты, тұма бұлақтары, тұнық көлі бар Марқакөл бүгінде Күршім ауданына қарайтыны белгілі. Марқакөл Күршімге қосылғанда екі ауданның халқы 50 мың болған екен. Қазір қалғаны – 25 мың. «Арнайы сараптама жасадым. Ауданның ең үлкен мәселесі – осы. Жалпы, ауданда мәселе көп қой. Су, жол, байланыс дегендей. Бірақ ол мәселелерді шешуге болады. Ал халықтың санын көбейту қиын мәселе. Қазір осы 25 мың халықтан  6 миллион, 559 мың теңге салық түседі. Яғни,  өз табысымыз. Бұл жалақы беруге, ауданның жыртықтарын жамауға ғана жетеді. Біз алдағы уақытта өз табысымызды миллиардқа жеткізсек дейміз. Бұған халықтың саны ұлғайту есебінен ғана жете аламыз. Халық жұмыс істесе, салық та түседі. Сондықтан біз аудан қосылған кездегі 50 мыңға жеткізбесек те, халық санын көбейту бағытында жұмыс істейтін боламыз. Мәселен, Қалғұты ауылдық округінде 300 әйел адам бар. Соның денсаулығы жарамсыз, балаға көтере алмайды деген 100-ін алып тастап, 200-ін есепке алғанда жылына тек 10 бала ғана дүниеге келеді екен. Демек, табиғи өсім жоқ. Халық санын арттыру үшін Оңтүстік облыстармен жұмыс істейміз. Жұмыс істеп те жатырмыз. Өкілдерімізді де жібердік. Біз өз тарапымыздан Оңтүстіктен келетін тұрғындарды қабылдауға дайынбыз. Суармалы жерлер бар. Бір өтініш, Оңтүстіктің әкімдіктері осы мәселеге дұрыстап ден қойса, тұрғындарды жіберуге жіті назар аударса дейміз», - деген аудан әкімі жақында жерлестер форумын өткізіп, демограф ғалымдарды да қоса шақырып, аудан халқының санын көбейту жолдарын бірлесе ақылдасуды ұйғарып отырғандарын жеткізді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Дүние»-бақтың жемісі

Руханият • Бүгін, 10:33

Сипаты бөлек «сыпайылық»

Руханият • Бүгін, 10:07

«Құныскерей» – құнды еңбек

Руханият • Бүгін, 09:53

Қазақ тарихының қасіреті

Руханият • Бүгін, 09:44

Ертегілік ес әлемінің өкілі

Руханият • Бүгін, 09:37

Қаламгер мен Қаһарман

Руханият • Бүгін, 09:31

Заманымыздың Білге Қағаны

Руханият • Бүгін, 09:22

Ұқсас жаңалықтар