Тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді
Мал шаруашылығы негізгі күнкөріс көздерінің бірі болғандықтан, қолындағы азын-аулақ қарасынан айырылу – ауылдағы ағайынға оңайға тиіп жатқан жоқ. Мал ұрлығы қатардағы отбасыларды күнкөріс көзінен айырумен қатар, елде кәсіпкерліктің дамуына, тіпті мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүргізуге кәдімгідей кедергі келтіріп отыр.
Күні кеше Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті атқарушы органдар тарапынан тарифтерді төмендету үшін бөлінген субсидиялардың тиімсіз пайдаланылғаны анықталғандығына байланысты: «Мұның екі түрлі себебі бар: Президент Жолдауына саналы түрде қарсы болу немесе жауапсыздық пен өз рөлін түсінбеу салдарынан болатын салақтық. Мен екі себепті де қылмыс деп санаймын», деген болатын.
Міне, мал ұрлығының да осы қылмыстардан еш кемі жоқ. Елбасы жыл сайынғы Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беретіні белгілі. Ал мына жағдай сол тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін фактордың бірі.
Мәселен, Ақтөбе облысындағы «Әсем-наз» шаруа қожалығының төрағасы Қуаныш Әсімбетов 2015 жылы 500 бас, 2018 жылы 206 бас, барлығы 706 жылқысынан айырылып, осынша жылқы әлі күнге дейін табылмаған. Жоғалған малдан бүгінге дейін дерек те жоқ, жазаланған адам да жоқ. Мал иесі бұл оқиғаға қатысты құқық қорғау саласының барлық тармағына шағымданғанын, алайда құзыретті органдар әрекетсіздік танытып отырғанын айтады.
Қазір мал иелері ұрылардың қиянатынан, озбырлығынан шаршағандықтан қолдарына түскен баукеспелерді өз беттерінше жазалауға кіріскен. Мұндай әрекеттер түсірілген бейнематериалдар интернетте жетіп артылады. Мемлекет үшін ең қорқыныштысы да, қауіптісі де осы көріністер болуы тиіс. Ең жаманы, мал иелерінің күдіктілерді өз бетінше жазалаған заңсыз әрекеттерін қолдаушылар көптеп табылады. Осы орайда құқық қорғаушылардан үмітін үзген мұндай адамдарды жұбатар сөз табу қиын.
Бұл жерде ішкі істер органдары қол қусырып отыр деуге болмас. Алайда, Бас прокуратураның деректерін жоғарыда айттық. Жәбірленушілерге келген зиян 3,5 миллиард теңгені құрайды және жартысы ғана қайтарылған(!).
Кешірім жасау да – негізгі себеп
Мал меншік болғандықтан, заңмен қорғалуы тиіс. Меншік құқығы – заңмен қорғалатын мүдде. Алайда, елімізде жалпы қылмыстардың ішінде ұрлықтың үлесі көп жылдардан бері алпыс пайыздан төмендеген емес. Мұндай қылмыстардың ашылу көрсеткіші де мардымсыз екенін жоғарыда айтып өттік.
Қолданыстағы заңдар бойынша мал ұрлығының 90 пайызы орта санаттағы қылмыстардың қатарына жатады. Соның салдарынан кінәлілер татуласу процедуралары арқылы жазадан сытылып кетіп жүр. Статистика бойынша ұрлыққа қатысты істердің 25 пайызы татуласу бойынша қысқартылуда. Істердің тек 14 пайызы ғана сотқа жолданып отыр. Міне, ақ адал малы үшін күйініп, шырылдаған мал иелерінің «тиісті органдар ұрылармен сыбайлас» деп бебеу қағуына осындай босаңдықтар да себеп.
Ұрылар тиісті жазасын алмай, осылай сытылып кете берсе, шаруаны басынбағанда қайтсін?! Мұның соңы ауыр қылмыстарға ұласатыны күнделікті тіршілікте көрініс табуда. Мұндай жағдай тек полиция мен сот органдарына ғана емес, тұтас мемлекетке сенімсіздік қалыптастырады.
Бұл арада жауапкершіліктің бір ұшы мал иелерінің өзіне де қатысты екенін айта кету керек. Қазір кез келген ауылдың сыртында қараусыз жүрген мал аз емес. Бақташыға ақша қимайтын сараңдық, салғырттық, жалқаулық оңай олжа іздегендердің қолайына жағып тұр. Ұрланған малдың 60 пайызы жайылымдардан қолды болған. Тіпті бағусыз малының жоғалғанын бір-екі айдан соң біліп, полицияны әуре-сарсаңға салатындар да аз емес. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар тарапынан да бақташылықты ұйымдастыруға, малды тізімге алып, сырға салуға, құжаттандыруға қатысты салғырттықтар да бар көрінеді. Ең бастысы, ұрланған малды кәдеге жаратуға мүмкіндік бар. Ұрылар ветеринарлық анықтама алудың көзін тапқан немесе олармен сыйбайлас болуы да мүмкін деседі. Ал ұрланған малды сатып алушыларға қатысты қолданылатын қылмыстық кодекстегі баптар туралы көпшілік хабарсыз.
Елде мұнай мен басқа да шикізаттар ұрлығына қатысты жаза ауыр. Бірақ қорасындағы бес-алты бас түлігімен отбасын асырап, бала-шағасын киіндіріп, оқытып-тоқытып отырған ауылдағы ағайын үшін сол малының құны қара алтыннан да жоғары.
Татуласу демекші, Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров барлық құқық қорғаушылардың қаперінде болуы тиіс мәселені айтты.
– Ауылдың адамдары, әкімдіктер ұрлықты кәсіп қылғандарды жақсы біледі. Бірақ олар неге жауапсыз? Неге шара қолданбайды? Ұрлықты кәсіп қылған адамды кешіре берудің дұрыстығын кім айтты? Біз қазір татуласу дегенге көндігіп алдық. Сол жәбірленушілер ұрылармен өз еріктерімен татуласып жатыр ма? Оларға қысым көрсетеді, арызыңды қайтып алмасаң үй-жайыңды өртеп кетемін деп қорқытады. Сондықтан қайталанған қылмыстарға жаза қатаң болуы тиіс, – дейді Б.Бекназаров.
Малдың нақты есебі жоқ
Осы мәселеге байланысты жуырда Сенат депутаттарына түсінік берген Ішкі істер министрінің орынбасары Жанат Сүлейменовтің деректеріне қарағанда, 2015 жылдан бері мал ұрлығы екі есеге азайыпты. Арнайы ұйымдастырылған іс-шаралар нәтижесінде 600-дей ауыр, 7 мыңдай орташа ауыр дәрежелі қылмыстың беті ашылған. 1 мыңдай қылмыстық топ ұсталып, 9 мыңдай адам жауапқа тартылған. Өткен жылы мал ұрлығының алдын алу мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданған. Соның нәтижесінде, биылғы тоғыз айда орта дәрежелі мал ұрлығы қылмысы 17,8 пайызға төмендеген.
Ж.Сүлейменов мал ұрлығының себептеріне қатысты өз тұжырымдарын айтты. Оның дәйектеріне қарағанда, елдегі малдың нақты саны жоқ – статистика органдары мен ауыл- шаруашылығы басқармаларының деректері сәйкес келе бермейді. Өйткені ашылған қылмыстар есепке алынбаған малдың көп екендігін көрсеткен. Ал арнайы чипі, ені, таңбасы, сырғасы, бір сөзбен айтқанда төлқұжаты жоқ малды иесі танып тұрса да, заттай айғаққа жатқызылмайды. Сонымен қатар далада қараусыз жүрген мал адам өліміне де себепкер болуда. Мәселен, 28 қазан күні Алматы – Талдықорған тас жолында жеңіл автокөлік жолдың ортасында тұрған бір топ жылқыға соқтығысқан. Осы жол апатының салдарынан көліктегі екі адам қаза тапты. Ал мал иелері табылмаған. Қазір полицияның өзі мал иесі мен ұрылардың татуласуынан зәбір көріп отырғанға ұқсайды. Өйткені қайталанған қылмыс көп. Мәселен, биыл мал ұрлығына қатысты ұсталғандардың 40 пайызы бұрын осындай әрекеттері үшін істі болғандар екен.
Ел болып күресетін мәселе
Прокурорлар жазаны қатаңдату да тығырықтан шығатын жол емес деген пікірде. Өйткені есірткі сақтап, тасымалдағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалғанымен, елде мұндай қылмыс азаймаған.
Енді көршілерге қарап көрейік. Қырғыз елінің қылмыстық кодексінде мал ұрлығы басқа ұрлықтардан бөлек, жеке баппен қарастырылады екен. Өзбекстанда қайталанған қылмыс үшін сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алыстағы Аргентинада малды айдап кетсең – 6 жылға дейін, көлікпен әкетсең 8 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамаласың.
Өз халқымыздың барымташыларға қолданған жазасы туралы білікті заңгер-ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвили былай дейді: «Дәстүрлі қазақ құқығында мал ұрлығына қатысты айыппұлдардан бастап өлім жазасына дейінгі шара қолданылған. 1824 жылы Тәуке ханның Жарғысы бойынша 1 жылқының құны 3 тоғыз немесе 27 жылқы болып белгіленген. Ал 1921 жылғы 10 қарашадағы Қазақ орталық атқару комитетінің декреті бойынша мал ұрлығы халық шаруашылығына қауіп ретінде қаралған. Декретте мал ұрлығына қатысы бар тұлғалардың барлығына өлім жазасы қарастырылған. Оған қоса ірі қара ұрлағандардың ісін әскери трибунал қараған».
Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, ұры-қары жалғыз-жарым әрекет етпейді, кез келген өңірде жең ұшынан жалғасқан ірілі-ұсақты топтар бар. Ол мынадай тізбектен тұрады: ұры – ауылдағы сыбайлас – жалған анықтама беруші – сатып алушы – базардағы сатушы. Қазір дабыл қағып, қиқулатып осы тізбектің бір бөлігін үзгенімізбен, ертегідегі жеті басты аждаһадай ол құрылымның қалпына келуіне көп уақыт қажет емес. Сондықтан құрғақ есеп пен жәбірленушіні жұбату үшін тек ұрыны ұстау жеткіліксіз. Мұндай кеселді түбірімен жұлғанда ғана көңіл орнына түседі.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»