Осы бағдарлама аясында Есіл ауданында халыққа көрсетілетін қызмет түрлері уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Жергілікті кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың арқасында дәл қазір сұранысқа ие болып отырған қызметтің алуан түрлерін ашып, ұйымдастыруда. Мәселен, аудан тұрғыны Гүлмира Исахановада ынта болғанымен, қаражаттың жоқтығынан амалсыз дағдарып жүрген жандардың бірі еді. Негізгі мақсаты – қоғамдық тамақтандыру орнын ұйымдастыру болатын. Жігерлі жан бұрыннан өзіне таныс бұл істі ұршықша үйіріп әкетті. Алдынан ақ жол ашылуына жеңілдетілген несиенің нәсіп болғандығын айтады. Бағдарлама арқылы 2 миллион 200 мың теңге несие қаражатын алған. Бұл несиені бар болғаны 6 пайыздық үстемемен бес жыл ішінде қайтармақ. Оған мүмкіндігі де қаптал жетеді. Жұмыс ауқымын кеңейту үшін алдағы уақытта кішігірім мейрамдар өткізетін дәмхана ашуды межелеп отыр. Шынын айтқанда, шалғайдағы ел қызметтің осы бір түріне зәру. Қазір не көп? Ойын-той көп. Шағын дәмханада туған күн дейсіз бе, құдалық дейсіз бе, бәрін өткізуге болады. Бір жағынан халыққа да ыңғайлы.
– Құжаттарымды жинап, облыс орталығындағы жұмыспен қамту орталығына бардым. Кәсібімді бастауға несие алғандығым себепші болды, – дейді Гүлмира Исаханова, – қазір елуге жуық адамға шақталған тамақтандыру орнын ашып алдым. Ауданға келімді-кетімді кісі көп. Жұмысым да ойлағанымдай жүріп жатыр.
Ел еңсесін көтеруге септігін тигізіп отырған бағдарлама арқылы өз ісін бастауға құлшынып отырған адамдар көмек ала алады. Орталық та жұмысын оңтайландырып, несиелендіру шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, қолдау көрсетуде.
– Биыл ауданда 31 жоба қаржыландырылды. Іскер адамдарға берілген несиенің көлемі 115 миллион 300 мың теңгені құрап отыр. Қазір ауыл тұрғындары мал өсіруге де ынталы. Бұл бағытта несие жеті жыл мерзімге 6 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Көлемі – 4 миллион теңге. Бір айта кететін жай, несиені өтеу мерзімінің үштен бір мерзімі жеңілдік уақыты болып табылады. «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы бес жылға 6 миллион теңге қаражат алуға болады. Бұл несие өз ісін бастағанына үш жылдан аспаған кәсіпкерлерге беріледі, – дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Анна Шлегель.
Бағдарлама бойынша ісіне береке үйіріле бастаған талапты жанның бірі – Валерий Бальцер. Он саусағынан өнер тамған азамат ең бірінші дәнекерлеу аспабын сатып алған. Ауылдық жерде не қат? Күнделікті тіршілікке қажетті бұйымдар. Істің көзін тапқан кәсіпкер жылу құрылғылары мен темір бұйымдарды дәнекерлеп, жамап-жасқай бастады. Тепкен тасы өрге домалаған соң ауылда ағаш шеберханасын, монша, демалыс нысандарын салып алды. Тиынға тиын қосылған соң кішкентайдан бастаған ісі ұлғайып, көп-көрім қонақ үй де салды. Бірді бірге құрап, өрісін кеңейткен өнерлі жан қазір жол бойында көлікке қызмет ететін нысан салуда. Осының барлығы тәуекелдің арқасы.
– Мен осымен бесінші рет несие алып отырмын. Бұл жолы ұлыммен бірге бастадым. Балам құрал-жабдықтарды жөндеумен айналысса, мен қазір көлік жөндеу нысанының құрылысын жүргізудемін, – дейді Валерий Гербертович, – нансаңыздар, өз ісімді 300 мың теңге несие алып, дәнекерлеуден бастап едім. Көзін тапса кәсіп істеуге әбден болады екен. Еңсемізді көтерген мемлекеттің қамқорлығына мың да бір алғыс.
Алға ұмтылғандар өзіне де, жалпақ елге де шарапатын тигізуде. Осы жұмыстың бәрі жоғарыда біз сөз еткен бағдарламаның арқасында.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы, Есіл ауданы