Дүбір
Жуырда Спорт және денешынықтыру істері агенттігі елімізден спорттың 15 түрінен Олимпиада жолдамасын иеленген отандастарымыздың есімдерін жариялады.
Мұнда Лондон Олимпиадасының ең көп лицензиясын алған спортшыларымыз – су добынан ерлер құрамасы болып отыр. Команданың барлық ойыншыларын санағанда олардың еншісінде 13 жолдама бар. Жақында Жапонияның Чиба қаласында өткен Азия чемпионатында Сергей Дроздов жаттықтыратын біздің ерлер құрамасы бірінші орын алып, Лондон Олимпиадасына берілетін жалқы жолдаманы иеленді.
ЖОЛДАМА ЖОЛДА ЖАТПАЙДЫ
Жуырда Спорт және денешынықтыру істері агенттігі елімізден спорттың 15 түрінен Олимпиада жолдамасын иеленген отандастарымыздың есімдерін жариялады.
Мұнда Лондон Олимпиадасының ең көп лицензиясын алған спортшыларымыз – су добынан ерлер құрамасы болып отыр. Команданың барлық ойыншыларын санағанда олардың еншісінде 13 жолдама бар. Жақында Жапонияның Чиба қаласында өткен Азия чемпионатында Сергей Дроздов жаттықтыратын біздің ерлер құрамасы бірінші орын алып, Лондон Олимпиадасына берілетін жалқы жолдаманы иеленді. Бұл бәсекеде біздің жігіттермен бірге қыздарымыз да бақ сынасып, Тұманды Альбионның билеттері үшін таласып көрген еді. Алайда, қыздарымыздан гөрі жігіттеріміздің жолы болды. Олар жарыста ауызымен құс тістеген Қытайды – 8:1, Кувейтті – 10:5, Жапонияны 6:4 есебімен жеңіп, басты қарсыластарынан жолын тазартып алды. Осылайша барлық кездесулерін жеңіспен аяқтаған Қазақстан құрамасы Лондон Олимпиадасының жолдамасын иеленді. Бұл сында ұлттық құрама қатары Ресейдің тәжірибелі ойыншыларымен күшейтіліп алынғанын айта кеткен жөн.
Өкінішке қарай, осы чемпионатта қыздарымыз күткен жолдаманы Қытай командасы алып кетті. Бұл жерде қыздарға ешқандай айып таға алмаймыз. Өйткені, дәл қазір Қытай командасы су добынан құрлықтың ең мықты құрамасы болып есептеледі. Бейжің Олимпиадасынан кейін олардың деңгейі тіптен өсіп кетті. Оған былтыр Шанхайда өткен әлем чемпионаты дәлел бола алады. Сол жарыста қытайлықтар екінші орын алған болатын. Дегенмен, бір өкінішті нәрсе, Әсел Жақаева, Айжан Ақылбаева, Кәмила Зәкірова, Әсем Мұсарова сияқты қазақ қыздарының Лондон Олимпиадасына бара алмайтыны. Мүмкін енді олардың 2016 жылы жолы болар. Соған тілектес болайық.
Содан кейін Олимпиадаға ең көп лицензия алғандардың бірі біздің жеңіл атлетикадан бақ сынасатын қыз-жігіттеріміз болып отыр. Атап айтқанда, Марина Аитова, Виктор Зябкина ( екеуі де Алматы қаласынан), Ольга Рыпакова, Анастасия Сопрунова (ШҚО), Маргарита Мацко, Евгений Эктов, Ирина Эктова (СҚО), Дмитрий Карпов, Ольга Блудова (Қарағанды обл.), Наталья Ивлинская, Ольга Тересикова (ОҚО), Виктория Яловцева (Павлодар обл.), барлығы 12 спортшы Олимпиада лицензиясына ие болды. Біз осы желаяқтар, онсайысшылар мен биіктікке секірушілер Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов пен Ольга Шишигинаның Олимпиададағы жетістіктерін қайталай алады деген үміттеміз.
Одан кейін әр түрлі жарыстарда қашанда Қазақстанның намысын қолдан бермейтін зілтеміршілеріміз 8 жолдамаға қол жеткізді. Олардың ішінде Олимпиада чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло сияқты спорттағы «ауыр артиллерияларымыз» бар. Қазір қазақстандық жанкүйерлер бұрынғыдай бокстан ғана жүлде күтпей, енді зілтемірдің қос дөңгелектерін басынан асыратын батыр қыз-жігіттерімізге үмітпен қарайтын жағдайға жетті. Сондықтан батпандай ауыр зілтемірді көтеріп, көптеген бәсекелерде көк байрағымызды биіктен көрсетіп жүрген спортшыларымыздан үмітіміз зор, артылар жүк те тым ауыр. Бұл жерде Лондон Олимпиадасының жолдамасын алған қыз-жігіттерімізге ең бастысы команданың бірлігі, бапкерлердің ақыл-кеңестерін тыңдап, діттеген мақсатына жету үшін жұмыс істегені жөн дегіміз келеді. Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Меңдіхан Тәпсірұлының айтуынша, қазір ұлттық құраманың қыз-жігіттері жаттығу жұмыстарымен қызу айналысуда. Жаттығулар Алматыда өтуде. Ал Илья Ильин Астанада дайындық жұмыстарын жүргізуде. «Осыдан кейін команда шет елге шығып, дайындалады. Команда Лондон Олимпиадасында 4-5 медаль алуды мақсат етуде. Осының екеуі алтын жүлде болса, жоспарымыздың орындалғаны деп білемін», – дейді ол.
Бокстан ұлттық құрама 6 жолдаманы иеленіп отыр. Мұнда командаға ең алғашқы Олимпиада лицензиясын Қанат Әбутәліпов (54 кг., Астана қаласы) әперді. Ол былтыр 7-9 мамыр күндері Қытайдың Гуянг қаласында өткен Дүниежүзілік бокс сериясының жеке чемпионатында бас жүлдені жеңіп алып, лицензияға ие болды. Содан кейін Бакуде өткен әлем чемпионатында Әділбек Ниязымбетов (81 кг., Маңғыстау обл.), Данабек Сужанов (75 кг., ШҚО), Ғани Жайлауов (60 кг., Жамбыл обл.), екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев (69 кг., Қарағанды обл.), Иван Дычко (91 кг-ден жоғары, Қостанай обл.) жолдаманы иеленді. Осылардың ішінде Серік пен Әділбек финалға шықса, Дычко мен Жайлауов жартылай финалда өнер көрсетті. Ал Данабек Сужанов ширек финалға жеткені үшін жолдамаға қол жеткізді.
Қазіргі күні бокстан ұлттық құрамамыз алғашқы оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Олар 5 қаңтар мен 24 қаңтарға дейін Алматы маңындағы «Ақбұлақ» сауықтыру кешенінде күш-жігерін толықтырып, тауда жүгіріп, спорт залда, таза ауада жаттығу жұмыстарымен айналысты. Бас бапкер Мырзағали Айтжановтың айтуынша, осы жаттығуға лицензия алған, алмаған боксшылардың бәрі қатысты. Олар күн сайын таңертең тауға қарай жүгіріп, дәрігерлердің тексеруінен өтті. Қазір команда боксшылардың физикалық дайындығына баса мән беруде. Ал тактикалық жаттығулар әрбір боксшымен жеке-жеке жүргізілуде.
Биылғы Олимпиаданың соңғы лицензиясы Астанада 31 наурыз бен 6 сәуір аралығында Президент Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін халықаралық турнирде берілетіні белгілі. Оған әлемнің әлі жолдама алмаған боксшылары қатысып, күш сынасатын болады. Бас бапкердің айтуынша, Астанада өтетін лицензиялық турнирге кімдердің қатысатыны әлі белгісіз. Ал жолдама алған боксшылардың бәрі дайындықтан өтіп, бірнеше халықаралық жарыстарға қатысады.
Еркін күрестен Олимпиадаға 4 жолдаманы иеленіп отырмыз. Балуандар Дәулет Ниязбеков (Қызылорда обл.), Дәурен Жұмағазиев (Алматы обл.) пен Батыс Қазақстаннан Абдулхаким Шапиев пен Таимураз Тигиев жолдаманы жеңіп алды. Осы балуандардың бәрі былтыр 16-18 қыркүйек күндері Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен әлем чемпионатында лицензияны иеленді.
Байдарка және каноэде ескек есуде 4 жолдама бар. Бұл жарыста Наталья Сергеева, Александр Дядчук (Алматы қаласы), Алексей Дергунов (БҚО), Евгений Алексеев (ОҚО) ел намысын қорғайды. Грек-рим күресінен әзірше 3 жолдамаға ие болып отырмыз. Алмат Кебіспаев (60 кг., Астана қаласы), Нұрмахан Тінәлиев (120 кг.) пен Асхат Ділмұхамедов (75 кг., екеуі де Алматы обл.) қазірдің өзінде Олимпиадаға дайындықты бастап кетті. Солардың ішінде балуандарымыз Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен Голден Гран-при турнирінде жақсы нәтиже көрсетті. Бұл белдесулерде біздің балуандар бір алтын, бір күміс және бір қола медальға ие болды. Енді осы аптада Парижде өтетін Гранд Слам турнирінде дзюдошылардан үміт күтеміз. Оған Максим Раков бастаған ұлттық құраманың мықтылары аттанды.
Ал әйелдер күресінен ұлттық құрамамыз 2 жолдаманы иеленуде. Оның бірі Жұлдыз Есімовада (48 кг., Астана қаласы), екіншісі Гузель Манюровада (72 кг., Алматы қаласы). Сондай-ақ, нысана көздеуден Вячеслав Подлесный (Павлодар обл.), байдарка және каноэде Сергей Черкасов (ШҚО) жолдамаға ие болды.
Әзірше Олимпиадаға біздің 64 жолдаманың ең соңғыларының бірін Анна Алябьева жеңіп алып отыр. Ол 16-18 қаңтар Лондонда «Солтүстік Гринвич Аренасы» көркем гимнастикадан біліктілік сынақта алғашқылардың бірі болып лицензияны иеленді. Бұл сында Алябьева Олимпиадаға берілген 5 жолдаманың біреуін жеңіп алды. Қазірдің өзінде оны көркем гимнастикадан Азия ойындарының чемпионы Әлия Жүсіпованың ізбасары деушілер көп. Мұның алдында стендтен атуда 11-22 қаңтар күндері Катардың Доха қаласында өткен Азия чемпионатында үшінші орын алған Ангелина Мещук, спорттық гимнастикадан 11-18 қаңтар күндері Лондонда өткен халықаралық турнирде жақсы нәтиже көрсеткен Мөлдір Әзімбай мен Степан Горбачев та жолдаманы иеленгенін атап өткеніміз жөн. Осы соңғы жолдама алғандардың бірі Мөлдір Әзімбай әзірше спортшылар ішіндегі ең жасы болып табылады. 1995 жылы Шымкент қаласында туған Мөлдір қазір Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінің бірінші курсында оқиды. Ол ІІ Еуразия ойындарында сырық жаттығуы бойынша ІІІ орынға ие болған. Еліміздің бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері. Көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Котбус қаласында өткен әлем кубогы үшін жарысының, Жапонияда өткен әлем чемпионатының қатысушысы. Қазақстан халқы ІІІ Спартакиадасының жеңімпазы.
Дастан КЕНЖАЛИН.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Лондон Олимпиадасында алтын жүлдені иеленген Қазақстан спортшысы 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Күміс жүлдегер 150 мың, қола жүлдегер 75 мың, ал төртінші орын иеленген 30 мың доллар алса, бесінші орын алған 10 мың, алтыншы орынды қанағат тұтқан спортшы 5 мың АҚШ долларына ие болады.