Өнер • 20 Қараша, 2018

Лондонда Димаштың жеке концерті өтті

561 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Лондонда алғаш рет Димаш Құдайберген жеке концертін өткізді. Әлемнің 50-ге жуық мемлекетінен келген жанкүйерлер «Indigo at the O2» концерт кешенін лық толтырып, Димашпен бірге ән салды.

Лондонда Димаштың жеке концерті өтті

DQ шоуында осыған дейін халық көңілінен шығып келген үздік топтамалар мен жаңа композициялар ұсынылды. 2016 жылы Қытайда өткен I am singer конкурсында шырқалған «Адажио» бұл жолы да Димаштың мәртебесін асқақтата түсті. Думанды кеште «Адай» күйін төгілте орындаған Димаш, ерлік күреске толы дала жырымен сан мыңдаған жүректі табыстырып әкетті. Ал жарқ еткен жасын талант Денис Теннің құрметіне орындаған S.O.S. D'un Terrien En Detresse әнін зал қосыла шырқап, өткен күннің артта қалған жарқын елесін қимастықпен еске алысты. Тіпті әнші көзіне жас алып, «Денис екеуміз «S.О.S» әнін орындап, бірге өнер көрсетуді армандаған едік. Енді бұл әнді жалғыз айтуыма тура келіп тұр, Денис жадымызда мәңгі қалар жарық жұлдыз», деп сағынышпен жеткізді. Поп-музыка королі атанған Майкл Джексонның танымал әндерінен попури орындап, эпизодтық биімен ортаны жаңаша түрлентті.

Димаштың өмірдегі һәм өнердегі тірегі, қолдаушысы Қанат Айтбаевтің айтуынша, концертке қатысқан жанкүйерлер алыс-жақын 47 шет мемлекеттен келген. Концертке белгілі ағылшын әншісі Талия Сторм да қатысып, әншіге шығармашылық табыс тіледі.

«Астаналық «Терра балет» тобы, сонымен қатар ұлт-аспаптар ансамблінде керемет өнер көрсетіп жүрген ұл-қыздар біздің қазақтың әндеріне ұлттық реңк пен өң бере отырып, сүйемел жасады. Қазақ айтпақшы, «жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайды». Көп болып, ел болып көтерген жүк жеңіл. Осы жерде қаншама жанкүйер мен тыңдарман бар, ел-жұрт бар, елдің басшылығы бар - қолдау жасап жатқаннан кейін осындай жетістіктерге жетіп жатырмыз», - деді Қанат Айтбаев.

Салтанатты шоуға арнайы қатысқан Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мәдени шараны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырғанын атап өтті. Сондай-ақ, сатылған билеттерден түскен қаржы халықаралық байқауларға қатысатын жас таланттарды қолдау мақсатында жұмсалатын болады.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»