Омбудсмен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған үндеуінде атқарушы билік органдарының ұлттық құқық қорғау мекемесімен өзара іс-қимылын оң сипаттай келіп, бірқатар маңызды мәселелерге назар аударған.
Омбудсмен жүйелі сипатқа ие үндеулері мен ұсынымдары орталық мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет тиісінше қарастырылмағанына Үкімет басшысының назарын аударған. Осыған байланысты ұлттық құқық қорғау мекемесінің үндеу хаттары азаматтардың шағымдары мен өтініштерінің талдамасынан негізделгені, сондай-ақ онда Қазақстан Президентінің мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі тапсырмаларына тікелей сай келетін нысаналы ұсыныстар қамтылғаны атап көрсетілген.
Осылайша, Мемлекет басшысының биылғы 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әзірлеуді тапсырған «Жол картасына» мектепке дейінгі мекемелердің қызметін жетілдірудің нақты ұсынымдары Үкіметке қарау үшін ұсынылды. Бұған дейін басқа да өзекті мәселелер бойынша, атап айтқанда «Алтын алқа» белгісімен марапатталған көп балалы аналардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығын іске асыруда құқықтық коллизияны жою, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмейтін тұрғын үй ұсынылған азаматтарды есепке қою мәселелері бойынша үндеу хаттар жіберілген болатын.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»