Бірқатарының жұмысы инфрақұрылым жетіспеушілігі және басқа да себептерге байланысты өз деңгейінде емес екені де айтылып жүр. Ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтардың жұмысына көңілі толмайтынын айтқан болатын. «Бюджеттің мол қаражаты арнайы экономикалық аймақтарды құруға жұмсалуда. Қазіргі уақытта бізде 11-і бар, 283 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімдері жаңа АЭА құру өтініштерімен бізді қағаздың астында қалдыруды жалғастыруда. Үкімет аталған 11 АЭА-ға сыни көзбен қарасын, олар не берді?», деді Елбасы кеңейтілген отырыста. Экономикалық аймақтар айтылған сыннан кейін жұмысын ширата түскені күмәнсіз.
Тоқыма өндірісін дамыту мен оның бәсекеге қабілеттілігін, отандық мақтаны тұтыну көлемін арттыру және жоғары құнды дайын өнімдер шығару мақсатында құрылған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы алғашқы жылдардан бастап жүйелі жұмыс жүргізуінің нәтижесінде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ұтымды бастамаларымен, жақсы көрсеткіштерімен елімізге ғана емес, шетелдерге де таныла бастады. Аумағы 200 гектар жерді алып жатқан «Оңтүстік» АЭА-ны дамыту мақсатында республикалық бюджет есебінен 8,2 млрд теңгеге инфрақұрылым жүргізілген. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 27,8 млрд теңгенің 10 жобасы жүзеге асуда. Еліміздің өзге өңірлеріне үлгі болып отырған, тәжірибе бөлісу мақсатында «Павлодар», «Ақтау – Теңіз порты», «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймақтарына айтарлықтай қолдау көрсеткен «Оңтүстік» АЭА отандық тауарөндірушілер үшін қолайлы мекенге айналды. Іске қосылған 10 жылдан астам уақыт ішінде экономикалық аймақта жүзеге асқан жобалардың жалпы құны 28,4 млрд теңге болып, жаңа жұмыс орнымен 1346 адам қамтылды. Алдағы 2021 жылдың аяғына дейін іске қосылатын жобаларды қоса есептегенде «Оңтүстікке» тартылған инвестициялардың жалпы құны 173 млрд теңгеге жететін болса, ашылатын жұмыс орындарының саны 4 мыңнан аспақ. Бүгінде осы аймақта жұмысы қарқынды жүріп жатқан алғашқы қазақстандық кілем тоқу фабрикасы «Бал текстиль» ЖШС-тің өніміне сұраныс жоғары. Ал мақта иірімжібін шығаратын «Azala cotton» ЖШС, мақта целлюлозасын өндіретін «Хлопкопромцеллюлоза» – еліміздегі кәсіпорындардың бірегейі. «АГФ групп» ЖШС – «Іkea» жаһандық сауда желісінің ең ірі қазақстандық әріптесі болса, «Әлем БТ» ЖШС жылына 18 млн жұп шұлық шығаратын еліміздегі ірі фабрика. Осындай танымал кәсіпорындардың толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отырған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы fDi Intelligence сараптамалық орталығы жыл сайын түзетін «Еркін экономикалық аймақтар-2018» жаһандық рейтингіне еніп, бірден бес аталым бойынша жеңімпаз атанды. «Редактор таңдауы» – «Зор келешек» деп аталатын арнайы марапатты жеңіп алды. Жыл сайын әлемнің 50-ге жуық аймағының жұмысын бағалайтын рейтингті құрастырушылар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының Қытайдан инвестиция тартудағы жетістіктерін атап өткен. Биыл олар 140 миллион доллар инвестиция тартқан екен. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын әлемдегі үздік инвестициялық алаңның бірі деп таныған «Financial Times» басылымына еншілес «FDi Magazine» халықаралық журналының «Арнайы экономикалық аймақтар-2018» рейтингісіне сәйкес 6 номинация бойынша дүние жүзіндегі үздік бизнес-платформа деп танылды. «FDi Magazine» сарапшылары «Оңтүстік» АЭА басқарушы компаниясын тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, резидент кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастық, өндіріс көлемін арттыру, экспорт аясын кеңейту, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастар, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу бағыттарындағы жүргізілген жұмыс нәтижелерін ескере отырып, «China strategy», «Expansions», «Marketing slogan», «Charity initiatives», «Community outreach award», «Editors choice: ones to watch» номинацияларының көшбасшысы ретінде марапаттады. Журналдың 30 жылдық тарихында тұңғыш рет қазақстандық арнайы экономикалық аймақ бір емес бірнеше көрсеткіштер негізінде жеңімпаз деп жарияланып отыр. Айта кетелік, бүгінгі таңда «FDi Magazine» журналы жаһандық инвестициялық әлеует пен ахуал жайында тың және тұрақты ақпаратты әлемнің 120 еліне тарататын бірегей басылым ретінде үлкен беделге ие. Журналдың белсенді аудиториясы миллионға жуық бизнес-құрылымдардан тұрады. Олардың қатарында трансұлттық корпорациялар, ірі ұлттық және жеке компаниялар, инвестициялық қорлар, қаржылық ұйымдар, банктер мен даму институттары бар.
Сондай-ақ «Оңтүстік» АЭА басқарушы компаниясы 2018 жылдан бастап Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының Орталық Азиядағы ресми өкілдігі мәртебесіне ие. Дубай әмірі Мохаммед ибн Рашид Аль Мактумның жеке бастамасымен құрылған бұл ұйымға 70 мемлекеттің 500-ден астам арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар мүше. Осы арада айта кетелік, шілде айында «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы және Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының қолдауымен «Оңтүстік» АЭА-ның басқарушы компаниясы Орталық Азия елдерінің 30-ға жуық АЭА-ның басын қосып, заманауи дамыту тенденциялары мен стратегиялық әріптестер тарту құралдарын енгізу бойынша «GESEZ-2018» халықаралық конференциясын өткізген болатын. Конференция аясында «Conway» және «Systemiq» сияқты инвестициялық гиганттар өңірдің арнайы экономикалық аймақтарын дамытуға қызығушылық білдіріп, бірқатар келісімдерге қол жеткізген-ді. Аталған ұйымдар қызмет көрсететін компаниялардың жалпы инвестициялық әлеуеті 100 млрд АҚШ долларынан асып жығылады. Демек, арнайы экономикалық аймақ алдағы уақытта да шетелдік инвестициялар үшін қолайлы нысан болып қала беруге мүдделі.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы